Аймақтар • 21 Қаңтар, 2019

Маңғыстауда шетелдіктер тастап кеткен кемелерді сатып алып жүр

772 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Каспийдегі тыныштық пен тазалық – еліміздің геосаяси қауіпсіздігінің, экономикалық және экологиялық тұрақтылығының кепілі. Айдынында бірнеше маңызды мүдде тоғысқан теңіздің тазалығы – әсіресе, өңірдегі өзекті мәселенің бірі болып саналатын теңіздің тұздылығы жоғары суын тұшытып, ауыз су ретінде пайдаланатын маңғыстаулықтар үшін аса жанды тақырып.

Маңғыстауда шетелдіктер тастап кеткен кемелерді сатып алып жүр

Сондықтан Маңғыстау тұрғындары теңізде болатын әрбір ірілі-ұсақты жағдайларға салғырт қарай алмайды. Бұған дейінгі итбалықтардың жаппай қырылу оқиғалары, теңіздегі жер сілкіністері мен теңіз түсінің өзгеруі, сондай-ақ теңіздегі кенорындарының ахуалы аймақ тұрғындарының назарында. Теңіз жағасындағы жұртты кезекті рет алаңдатқан – айдында шетелдік кемелердің қалдырылуы болатын.

2016 жылы бортында 930 тонна мұнай қалдықтары - мұнай өнімі, қалдық май, тақтатас сулары, мазут төгілген топырақ сияқты қоқыс тиелген ресейлік «Аракс» кемесі Құрық селосына 35 шақырым қашықтықтағы Песчаный мүйісінде теңіз жағалауынан 100 метр жерде қайырда тұрып қалды. Зәкірі үзілгендіктен қайырлап қалды делінген танкердің экипажының суда ізі білінбей, зым-зия  ғайып болған.

17 қап және 11 дана екі жүз литрлік мазутталған бөшке, сондай-ақ, 130 тонна  ластанған су (мұнай өнімдері) мен 500 тонна балласт тиелген кемедегі жүктің жоғары қауіптілігі қазақстандық тарапты біраз әбігерге салды. Бір қызығы, бастапқыда кеменің иесі табылмады. Иесін іздеп уақыт жоғалту орны толмас өкініштерге соқтыруы мүмкін болғандықтан, яғни теңіздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, 2017 жылы бюджеттен 39, 2 млн теңге бөлініп, тазалау жұмыстарын 50%-ын конкурстық негізде  «БатысМұнайТранс» ЖШС-ы қолына алды.

Танкер тұралаған соң арада үш ай өткенде Ақтау және Баутино порттарының теңіз әкімшілігі Махачкала және Астрахань теңіз порттарына хат жолдаған соң ғана су көлігінің Ресей Федерациясының «Транс Каспий» мекемесіне тиесілі екендігі анықталды. Бұл мекемеге хат жазылғанмен, жауап болмаған. Аз ғана уақыттан соң, кемеге иелік ететін махачкалалық компанияның өз жұмысын тоқтатқандығы айтылғанмен, артынша иесі табыла кеткен кемені одан әрі тазалау және металл сынығы ретінде бөлшектеу жұмыстарын жүргізу үшін 2018 жылғы 29 маусымда ресейлік «Судоходная компания Транскаспий» ашық акционерлік қоғамынан сатып алу-сату келісімшартына сәйкес «Batys Energy Group» ЖШС-ы алды. Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековтің мәліметінше, «Batys Energy Group» ЖШС-мен мұнай қалдықтары түгелдей тазартылып, қазіргі кезде кемені бөлшектеп кесу жұмыстары жүргізілуде және мамандар сөзіне сай кемеден теңізге, қоршаған ортаға ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда, 2018 жылдың соңында аяқталуы тиіс жұмыстар ауа райының қолайсыздығы салдарынан созыла түскен.  

Кеме иесін таппай дағдарған кезде Маңғыстау облысы Экология департаменті, порт әкімшілігі сынды құзырлы орындар тарапынан кеме тазартылған соң, кемені алуға келген иесінен өтемақы өндірілетіндігі, ал иесі табылмаған, тіпті алуға келмеген жағдайда белгілі бір уақыттан соң кемені меншіктеу жұмыстары заңға сай жүзеге асырылатындығы айтылған болатын. Алайда, иесі табылды, бірақ қазақстандық тарап олардан қауіпті жүк тиелген кемені ел аумағына заңсыз тастап кеткені үшін жауап алып, айыппұл салудың, кемені алып кетуін немесе тазалап беруін, зиянды қалдықтарды зарарсыздандыру, жою мәселесін талап етудің орнына, шетелдіктер керек емес деп қалдырып кеткен кемені сатып алып, тазалап әлекке қалды. Сатып алушыларды кемені металл бөлшектеріне бөліп, оны сатып пайда табу қызықтырады десек те, оның пайдасының кеткен шығынды өтей алатынына сенім жоқ. Бастапқыда тиісті орындар айтқан өтемақы немесе меншіктеу шаралары жүзеге аспай, иесі адыра қалдырған кемені сатып алу қаншалықты дұрыс?

Сөйтсек, шетелдіктер тастап кеткен кемені сатып алып, тазартуымыз жалғыз бұл емес екен. 2015 жылдың қараша айында Каспий теңізінің жағалауында Құрықтан 30 шақырымда қайраңға тұрып қалған Иран Ислам Республикасының «ТИБА»  атты кемесі жүксіз және экипажсыз сол жерде күні бүгінге дейін тұр. Бұл кемені де ирандық «Муалем инсуранс компаниясынан» сатып алған отандық жеке кәсіпкер оған алдымен тазалау жұмыстарын жүргізіп, сонан соң металл сынығы ретінде бөлшектеу құқына ие. Сондай-ақ, қай шетелге тиесілі екендігі және тиеген жүгі жайлы айтылмайтын  «Каспиан Дреджинг энд Марин Контракторс» компаниясына тиесілі тағы бір кеме Каспий теңізінің Қазақстан жағалауында қайырлап тұр. Ұзындығы  63,4 метр, ені  16 метрлік  «НАМ-2017» атты алып  кеме Қарақия ауданындағы «Адамтас» қаумалы жағалауында Ақ Маякқа жақын теңіз ішін «мекен еткен». Бұл кемені де металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті «КазАзОйлСервис» ЖШС аталған компаниядан келісім-шартпен сатып алды.

Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл екі кеме бойынша ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрмағандығын айтады.

Кемелердің теңіз жағалауына кез келген тұстан жақындай бермейтіні белгілі. «Аяғын аңдып басып» дегендей, кеме көлемі, оның су түбіне кететін бөлігінің ұзындығын есептей отырып, кеме түбі мен теңіз жағалауының тереңдігі сәйкес келетін жерлерге ғана рұқсат етіледі. Теңіздің орта тұсы емес, кез келген жағаға жеткенде тереңдігі нақтыланбаған аумаққа түбі тиіп қайырлап қалу қаупінен сақтанып, тұсаулы аттай кібіртіктеген кемелерді артынан итеріп, алдынан сүйресең де келтіре алмасың анық. Сонда бұл үш кемеге айдың күннің аманында тайыз жағаға келіп қайырлайтындай не күн туды?! Алда-жалда табиғат құбылыстарымен жел айдап, толқын ысырып жағалауға әкелді дегеннің өзінде, меншік иесі болып табылатын мемлекеттердің, компаниялардың алып кетуге асықпайтыны, тіпті іздегенде түлкібұлаңға салып, таптырмайтыны неліктен? Бір кезде керек болмағандықтан қалдырып кеткен немесе алып кеткісі келмейтін, яғни қажетсіз деп жоққа шығарып тастаған қоқыс-кемелерін пұлдап сатуға тиісті ме?! Керісінше, бөтен мемлекеттің аумағына мүлкін, экологияға қауіп төндіретін аса улы қалдықтардан құралған жүгі бар кемелерін қалдырып, жергілікті басқарушы орындар, тиісті салалалық басқармалар мен департаменттер, порттар әкімшілігі, тіпті еліміздің Сыртқы істер министрлігінің араласуымен мемлекеттік деңгейде әбігерге салғаны үшін олар жауапты болып, шығынды олар өтеуі керек қой.

Шүкір, Қазақстан кемесіз емес. Жыл сайын теңізге еліміздің теңіздегі шекарасын қорғау мақсатында Оралдағы «Зенит» кеме құрастыру зауытында құрастырылған шекаралық кемелер түсіріліп жатыр. Ақтау  халықаралық теңіз-сауда портында ауыр жүктерді тасымалдайтын танкерлер бар. Олар техникалық тұрғыда әлі талай жетіліп, заманауи жетістіктермен жаңғыра түсетіні, еліміздің теңіздегі көліктік қажеттілігін өтейді деп сенеміз.

Демек, біреулердің қалдырып кеткен қаңсығы бізге таңсық болатын орны жоқ. Әлде бұл сатып алып, өзіміз тазартудан басқа амал жоқтықтың, «бетпақ жеңді» дейтіндей дәрменсіздіктің кері ме?

Иә, Маңғыстауда кемелер неге қалған...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы