Медицина • 21 Қаңтар, 2019

Сәби өлімі неге көп?

1236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сәби өлімі неге көп?

Іңгәлап дүние есігін ашқан сәби 5-6 айдан кейін немесе 1 жасқа да жетпей жарық дүниемен қоштасатын болса, бұдан артық қасірет бар ма? Бұған кім кінәлі? Қорғасындай ауыр сауалға біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Соңғы жылдары Ақтөбе аймағында сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Яғни бала туу көрсеткеші екі пайызға артқанымен, сәби өлімі бір пайызға көбейгені алдыңғы жағымды жайтты жоққа шығарғандай әсер қалдырады. Қазіргі қолда бар деректер облыстың Қобда, Мұғалжар және Байғанин аудандарында нәрестелердің өлімі көбірек тіркелгенін көрсетеді. Дәрігер-мамандар мұның бірнеше себебін алға тартады. Бұл бағытта бұған дейін жасалған талдаулар мен зерттеулер сәбидің өліміне негізінен туабіткен ақаулар басты себепші екенін көрсетеді. Оның ішінде туабітті жүрек дімкәсі, хромосомдар мен бүйректің бүлінуі, бас сүйек пен мидың өзгеріске ұшырауы секілді паталогиялық сипаттағы кінараттар бар екен.

Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Досмағамбетовтың айтуынша, тамырлардың кейбір құрамдас бөліктері жаратылмаған немесе тамырлары тарылған күйінде дүниеге келетін сәбилер де кездесетін көрінеді. Мұндай нәрестелер дұрыс тыныс ала алмайды. Қалыпты қан айналымы болмағандықтан жүрегі сәбиді оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Яғни оның мөлшері тек алпыз пайыз төңірегінде болады. Соның салдарынан өкпе мен бүйрекке және басқа зақым келеді. Шұғыл медициналық көмекті қажет ететіндер де көбіне көп осындай туабітті ақауы бар сәбилер. Баланы ана босана салсымен мұндай нәрестелерді ота жасау үшін бізге жолдайды. Оған шұғыл көмек берудің, шақалақты өлім халінен алып қалудың қам-қарекетін жасаймыз. Бүгінгі заманауи қондырғылардың сәби дертін тез анықтауға көмегі көп, әйтсе де, өкінішке қарай, барлық ота нәтижелі аяқтала бермейді, - дейді ол.

Бүгінгі күні жаңа туғандар ақтөбелік денсаулық сақшыларынан кәсіби шеберлік пен біліктілікті талап етеді. Интернет көздерінен алынған кейбір деректер республикамызда әр жыл сайын 1,5 мың балаға ота жасалатынын көрсетеді. Оның шамамен 600-ы Астанада, 400-і Алматыда жасалса қалған өңірлерде жасалады екен. Алайда балалар кардиохирургиясы деңгейі барлық жерде жоғары деп айтуға тағы да ауыз бара бермейді. Дегенмен еліміздің батыс өңірінде Ақтөбедегі балалар кардиохирургиясының базасы салыстырмалы түрде алғанда кеңірек екені де анық. Алдағы уақытта осы мүмкіндік пен әлеует толықтай пайдаланылса, мүмкін өңірдегі сәби өлімінің деңгейі төмендер ме еді деген ой келеді.

Әрине, сәбидің дүниеге он екі мүшесі сау, туабітті дертсіз келуінің басты факторы анаға байланысты екені анық. Егер олар екіқабат кезінде өзінө-өзі дұрыс күтіп, жүктілік талаптары мен нормалар дұрыс сақтаса, оқыс оқиға бола қояр ма екен? Ұл үшін алдын ала тексерулер мен зерттеулерден өтудің тигізетін пайдасы мол. Яғни мұның өзі әйелдер мен аналардың жүктілікке дейінгі кезеңін қоса қамтитын кешенді үдерістер деп тұжырымдайды медицина мамандары.

Бір сөзбен айтқанда, жүктілікке дейінгі кезеңнің өзінде болашақ аналардың арнайы дайындықтан өтуі – болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алудың басты жолы болып шығады. Қосалқы аурулар, құрсақ ішіндегі инфекциялар болса, бала көтерместен бұрын олардың емделгендері жөн. Алайда кейбір екіқабат аналар бұған көңіл аудара бермейді дейді акушер-геникологтар. Әрине, медальдың екі жағы бар екені белгілі. Бұған дейінгі тәжірибелер ультрадыбыстық зерттеулер кезінде анықталмайтын жайттар да жиі кездесетінін көрсетеді. Бұл орайда оны жүргізген дәрігерлерді ақтап алудың да ешқандай жөні болмаса керек. Қалай дегенде де, бүгінгі күні бала өлімінің алдын алу үшін терең ультрадыбыстық зерттеулер мен анықтаулар деңгейін тереңдетудің тигізетін көмегі көп екені кәміл.

Осы орайда Ақтөбеде биыл ультрадыбыстық зерттеулер орталығын ашу белгіленгені де сәбилер өлімін азайтуға септігін тигізеді деген ойдамыз. Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қазір бұл үшін жеке компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқанын алға тартты. Алдын ала белгіленген жоба мен жоспар бойынша аталған орталық өз жұмысын алғашқы жартыжылдықта бастамақ. Тағы бір жағымды жайт, жоба іске қосылғаннан кейін нәрестелер арасындағы туабітті ақаулар ультрадыбыстық зерттеулер арқылы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталмақ. Осы арқылы облыста сәби өлімі көрсеткішін төмендету жолдары қарастырылған.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе

Соңғы жаңалықтар