Білім • 22 Қаңтар, 2019

Педагог мәртебесін жаңа сатыға көтереді

739 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздегі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жүктеген өзекті әрі күрмеулі мәселелердің бірі. Аталған заң жобасы білім беру ұйымдарының құқықтары мен кепілдіктерін, педагогикалық және ғылыми жұмыстарын жүзеге асыруды, сондай-ақ білім беру деңгейінің, меншік нысандарының, білім беру ұйымдарының типі мен түрлеріне қарамастан мемлекеттік, қоғамдық қолдау және тану шараларын жүзеге асыруды қамтитын мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған. Таяуда қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың елеулі бөлігін Білім және ғылым министрлігі де бір електен өткізді. Әрине осыған дейін қордаланып қалған түйткілдердің түйінін тарқатуға жаңа заң жобасы қауқарлы болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселені егжей-тегжейлі пысықтап алған жөн.

Педагог мәртебесін жаңа сатыға көтереді

Барлық мұғалімдер қауымы Ел­басының биылғы Жол­дауын­да Білім және ғылым министр­­лігіне тапсырған «Педагог мәр­тебесі туралы» жаңа заң жоба­сынан үлкен үміт күтеді. Мәсе­лен «Білім тура­лы» заңда педа­гог­тар­дың мәр­тебесі мен құқық­тары жан-жақ­ты қорғалып, жа­зыл­­ған. Бірақ жаңадан әзір­леніп жа­тқан заң жобасында ұстаз мәр­тебесінен гөрі, білім саласының айналасындағы толып жатқан нұсқаулық, ере­же­лердің тармақтары басымдау көрінеді. Сондықтан педа­гог­тардың мәртебесі туралы заң жобасы жіті қадағаланып, ұс­таз, ата-ана, оқушы үштігінің ортақ құқықтары мен талап-тілектері толық ескеріледі деп ойлаймын. Ең бастысы, жаңа заң қысқа да нұсқа жазылып, онда ағартушылықпен айналы­са­тын жандардың мәртебесі мен құ­қық­тары қорғалуы керек. 

Осылайша Президент тапсырмасымен қолға алынған білім саласындағы бұл реформа оң жалғасын табады деп сенемін. Негізінен жаңадан қабылданатын заң мұғалімдер қауымын жаңа сатыға шыға­ратын тетік болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде айтып өткендей, бұдан былай мұғалімнің міндетіне кірмейтін функциялар көлемінің артық болуы аталған заң аясында оң шешімін табуы шарт. Олай ет­пе­ген жағдайда ай сайын қажет­ті деңгейдегі ақыға қол жеткізу үшін мұғалімдердің шектен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлігі, көптеген жеңілдік пен кепіл­демені алудың қиындығы еш шешімін таба алмайды. 

Сондай-ақ педагог маман­дығына ер адамдардың бармауы, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында, ағылшын тілі және тағы басқа нақты маман­­дықта сабақ беретін ұс­таз­­дар­дың жетіспеушілігі мен ең­бек­ақының төмендігі де жаңа заң негізінде жақсы жетістік­терге бастауы тиіс.

Алина СОЛОВЬЕВА, 

Қазақстанның Еңбек Ері,

А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның  биология пәнінің мұғалімі

ШЫМКЕНТ