Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Жалақың қалай, педагог?

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Педагог болғандықтан үздік­сіз ізденіс, үздіксіз сабылу, үз­дік­сіз жаңашылдық қажет. Әр сабағына қажетті түрлі-түсті көр­­некі­ліктердің өзіне біршама қар­­жы керек. Жұмыс пен үйдің арасына қатынайтын қоғам­дық көлігі, түстігі және жеке от­ба­сылық шығындары тағы бар. Осыны есептей келе, баласы­на не қалады деген ойға келе­міз. Өте өкінішті, сабылып жү­ріп халық­тың баласымен бірге өзі­нің де баласын қатарынан қалдыр­май өсіреді. 

Жалақың қалай, педагог?

Педагогтердің өзі мек­тепке дейінгі ұйым, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының мамандары болып бөліне береді. Ал осы бір мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісінің жалақысы бар-жоғы 28 мың теңге екенін біреу білсе, біреу бейхабар. Бұл қаржы қағаз шығаруға жеткіліксіз. Бас­тауыш мектептің ұстазы мен арнайы пәндердің ұстазының бір-бірінен қандай айырмашылығы немесе артықшылығы бар деген сұрақ көкейде тұрады. Ал колледж бен университеттегі педагог­тердің жай-күйін кім бақы­­лап жатыр? Соның ішінде жеке білім беру орындарының жалақы мәселесі қалай? 

Мысалы, мен колледжде арнайы пәндер оқытушысымын. 22 635 теңге жалақы аламын десем, біреуге ертегі, біреуге жалған сан ретінде көрінер. Алайда, бұл – шындық. Ай бойы талай студентке дәріс оқимыз. 90 минут бойы жағымыз талып, білім нәрін береміз. Түсіндіру көрнекіліктерім, ғылыми баяндамаларым, одан қалса ғылы­ми мақалаларым тағы бар. Кура­тор­лық қызметке ешқандай қаражат қарастырылмаған. Бұл не масқара дейтін шығарсыз? Дегенмен, осылайша топтағы студенттеріме кететін шығын­дарым бастан асады. Әрқай­сының жеке-жеке саулығы мен біліміне тікелей жауап беретін болғандықтан, бұл жүктелген міндетті оп-оңай лақтыра салғым келеді. Алайда, әр студенттің жеке өзіне тән болмыс-бітімдері бар. Әрқайсы сіңлімдей көрінеді. 

Әлемдік деңгейде шетелдер­дегі педагогтердің жалақы­сын зерттеген болатынмын. Мысалы, бір айлық жалақы Англия мен Норвегияда – 1 500 000, Аус­тра­лияда – 1 200 000, Жапо­ния­да 1 100 000, Канадада 1 000 000, Кореяда 750 000 теңге көле­мінде, ал елімізде 21 000 теңгеден жоғары бағаны құрайды. Ащы мәліметтің удай шындығы осы. Қазақстандық педагог шетелде 1 жыл жұмыс істеп келсе, миллионер болар еді. Бұл өзгенің қалтасына үңілу емес, еліміздің педагогтеріне де лайықты сый-құрмет жасалса деген ой.

Аида ХАСАНОВА,

Орал гуманитарлық колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

Батыс Қазақстан облысы