Аударма • 22 Қаңтар, 2019

Жүргізушісіз көліктерге жасалған шабуыл

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазан айы еді. Шабуылдаушы парктен шығып, құрбандығына қарай бет алды. Басты – нысана Google-ға қарасты өздігінен жүретін көліктерді қамтамасыз ететін Waymo компаниясына тиесілі фургон. 

Жүргізушісіз көліктерге жасалған шабуыл

Чандлердегі Waymo фургоны. Қала тұрғындары қауіпсіздік пен жұмыстың жоғалуына қатысты билікке жиі шағым түсіреді. Кэйтлин О’Хара, «Нью-Йорк Таймс»

Симон РОМЕРО,

«Нью-Йорк Таймс» – Чандлер (АҚШ)

Ол көліктің дөңгелектерін жарып, көзден таса болды. Жалпы, екі жылдан бері жиырма шақты рет Чандлердегі өздігінен жүретін машиналардың дөңгелек тесіп кеткен-ді. Waymo компаниясы қалада 2017 жылдан бері фургондарды сынақтан өткізіп жатыр. Қала тұрғындары жасанды интеллектің дамуына қарсы көзқарас ұстанған. Қауіпсіздіктен бастап, жұмыс түрінің жойылып кету ықтималдығын жиі көтереді.

Кейбіреулер Waymo фургондарын таспен бүлдіріп кеткен. Кейбірі көліктерді барымталап кетуге де талпынып көрді.

Қауіпті жағдайлар да кездеседі. Бірде 22-калибрьлі револьверден Waymo автокөлігін атып, артынша жедел көмекке келген компания қызметкерінің машинасына оқ жаудырды. Ол полицияға берген жауабында өздігінен жүретін көліктерді жақтырмайтынын айтып, Uber компаниясына тиесілі жүргізушісіз машинаның былтыр наурызда әйел адамды басып кеткенін еске түсірді.

«Сынақтан өткізетін басқа жерлер бар ғой», дейді 37 жастағы Эрик О’Полька. Қарашада ол Jeep Wrangler көлігімен Waymo фургондарын жолдан шығарып тастамақ болғандықтан, полиция оған ескерту жасаған еді.

Uber-дің өздігінен жүретін көлігі былтыр наурызда Темп қаласындағы осы бір жүргіншілер жолағында адам басып кеткен еді.  Кэйтлин О’Хара, «Нью-Йорк Таймс»

Оның айтуынша, бүкіл мәселе далада ойнап жүрген 10 жастағы баласын жүргізушісіз көліктер қағып кетуге шақ қалғанда басталған. «Олар шынай өмірде сынақ жасап көрмекші, бірақ мен шынайы өмірдегі қателіктің құрбаны болғым келмейді», дейді ол.

Чандлерде Waymo фургондарына жасалған кемінде 21 оқиға тіркелген. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, жүргізушісіз көліктерге қатысты пікірталастың кең тарауынан оларға жасалған шабуылдың саны да артуы мүмкін. Пікірталас барысында шопырлардың жұмыссыз қалуынан бастап, жеделдікке қатысты мәселелерге қатысты қауіптер айтылады.

«Адамдар өзін ақтап алады», дейді «Google автобусына тас лақтыру» кітабының авторы Дуглас Рушкофф.

«Алпауыт корпорациялар жүргізушісіз технологияға қызығушылығы бізге жаны ашығандықтан емес деген түсінік қалыптасып келеді. Өзін алмастыратындай жасанды интеллектке бейімделген көліктердің ішінде отырған адамның жағдайын ойлап көріңіз», дейді ол.

Чандлер полиция департаментінің офицері Уильям Джонсон Chrysler PT Cruiser көлігінің жүргізушісі Waymo фургонын шатастыру үшін жолдағы екі жолақтың ортасында қалай тұрып алғанын түсіндіріп берді.

Оның рапортына сүйенсек, Waymo компаниясындағы менеджер оқиғаны сотқа сүйреуге құлықты емес. Өйткені бұл сынақтан өткізуге кедергі келтіруі мүмкін.

Waymo-ның хатшысының айтуынша, Аризона штатында олардың көліктері әрбір 40 000 шақырым сайын шабуылға тап болады екен. Ал штаттың билігі жүргізушісіз көліктері бар компаниялармен жұмыс істеуге ынталы.

Феникс қаласының транзиттік жүйесіне көмектесетін Valley Metro компаниясының басшысы Роб Антонияк туиттердегі парақшасына жоғарыдағы оқиғаға қатысты «болашақтың көлігіне қарсы тас лақтырып, дөңгелек жарып кетуіне жол жоқ» деп жазды.