Медицина • 24 Қаңтар, 2019

2021 жылға дейін ауыл емханалары толығымен электронды форматқа көшеді

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев айтты.

2021 жылға дейін ауыл емханалары толығымен электронды форматқа көшеді

«Өткен жылы 12 айдың ішінде жергілікті атқарушы органдармен медициналық мекемелерді компьютермен жабдықтау,  интернет желісін жеткізу және арнайы медициналық ақпараттық жүйелерді орнату сияқты үш бағыт бойынша жұмыс атқардық. 2019 жылдың қаңтарындағы көрсеткішке сүйенсе, осы үш бағыт бойынша орталық аудандарға дейінгі 99,8 пайыз медициналық мекеме қамтылған.  Осылайша, медицина саласындағы есеп берудің 121 түрі онлайн жүйеге толықтай көшті. Соның нәтижесінде біз 250 миллион теңгені үнемдеп отырмыз. Бұрын ол ақшаға қағаз, флюропленка және тағы басқа заттар сатып алынатын», деді Олжас Әбішев.

Вице-министр ауыл емханаларының толығымен электронды форматқа ауысуы 2021 жылы аяқталатынын айтты.

«Биыл біз осы саладағы жұмысты жалғастыратын боламыз. Себебі аудан деңгейінен төмен медициналық мекемелерде интернет әлі жоқ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесе отырып, 2021 жылға дейін ауыл емханаларын да толығымен электронды форматқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз», деді ол.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»