Технология • 30 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда көші-қон үдерісі жалғасып жатыр

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан  Мағжан еліне  1396  адамды қамтитын 414 отбасы көшіп келіп, 126 елді мекен мен облыс орталығына орналастырылды.

Солтүстік Қазақстанда көші-қон үдерісі жалғасып жатыр

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі Алма Махметованың айтуынша,  мемлекет тарапынан қолға алынған ауқымды бағдарлама  теріскей жақтарда еңбек нарығын нығайтуда, кадр тапшылығын жоюда, тұрғылықты халықты көбейтуде өз нәтижесін беріп келеді.  Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төленеді. Тұрғын үйді жалға алу, коммуналдық төлемдерді өтеу бойынша да шығындар орны толтырылады. Бүгінге дейін  қоныстанушылардан 238 отбасы тұрғын үйлерін толықтай сатып алды. 600-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.

Еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден тұрғындарды тарту биыл да жалғасын табады. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау саласындағы мамандар қатарын толықтыруға оң ықпал етпек. Соңғы екі жылда Аққайың аудандық ауруханасына жоғары санатты 4 дәрігер келген. Барлығы да жайлы қызметтік үйге жайғасқан. Осылайша денсаулық сақтау саласы бойынша аудандағы кадр тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді.

 Егіншілікпен, көкөніс өсірумен  айналысқысы келетіндерге тәлімі жерлер бөлініп беріледі.

«Еңбек»  мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облысымызға қоныс аударушыларға 302 елді мекенде тұрғын үй салу және сатып алу бойынша кешенді жоспар әзірленген. Осыған орай биыл 600 баспана тұрғызылады. Ал 2020 жылы – 1 мың, 2021 жылы 1400 тұрғын үй салу жоспарланған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы