Технология • 01 Ақпан, 2019

Жасанды интеллектен адамзат ұта ма, ұтыла ма?

2135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2050 жылға қарай жасанды интеллект ауыстыра алмайтын кей қызмет түрлері ғана сұраныста қалады деген болжам бар. Бұл мамандардың қатарына ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, ақпараттық технология саласындағы топ-мамандар, жоғары санатты дәрігерлер, медбикелер, бала күтушілер, әлеуметтік жұмысшылар кіреді.

Жасанды интеллектен адамзат ұта ма, ұтыла ма?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында жасанды интеллектің келешекте ел өмірінде айрықша рөлге ие болатынын айтқан болатын. Техника сәт сайын жаңарып, өнертапқыштар әлемді аузына қаратып жатқан тұста жасанды интеллектің маңызы күн өткен сайын артып келеді. Атағы айға жетіп тұрған Amazon, Facebook, Microsoft және Google сынды үздік компаниялар да роботтарға ауқымды қаржы салуда. Зерттеушілердің ойынша, 2019 жылы контенттерге анализ жасау, ақпаратты жылдам алу, талқылау сынды жұмыстарға жасанды интеллект тартылады.

Жасанды интеллект – заң саласында

Еуропа Кеңесі сот жүйесінде жасанды интеллектің бірінші этикалық хартиясы қабылданды. Иә, роботтар мен компьютерлер өндірісте, қызмет көрсету орталықтарында, ақпараттық кеңістікте, медицинада, т.б. ауқымды ақпараттарды сұрыптау мен күрделі шешім қабылдайтын жерлерде жұмыр бастыларды алмастырып жатыр. Бірақ, роботтың негізгі құндылықтарды құрметтей отырып, әділ шешім шығаратыны күмән туғызады. Еуропалық Одақ заң департаментінің өкілі Клементине Барбаро: «Жасанды интеллект қылмыскердің қаншалықты қауіпті екендігін анықтауға мүмкіндік береді», деді.

Алайда, жасанды судьялардың қоғамдағы статус, білім, білік қабілетіне қарай шешім қабылдайтыны анықталған. Оларда орын алып отырған жағдаятты түсіну, ой қорыту  қабілеті жоқ. Соған қарамастан Еуропада жасанды заңгерлер сынақтан өтіп жатса,  АҚШ-та оларды айыптыны қорғаушы ретінде сотқа кіргізуде.

Жасанды интеллект – медицинада

IBM-нің Watson немесе Google компаниясының DeepMind Health сынды технологиялары дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуде, тіпті, адам көзі аңдай бермейтін ішкі ағзалардағы ісіктерді анықтауда үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ Жапонияда жыл сайын дәрігерлердің саны 2,7%-ға ғана артатын болғандықтан, дәрігерлерге деген қажеттілік күн тәртібінен түспей тұр. Күншығыс елі бұл мәселені шешу үшін медицина саласына жасанды интеллект енгізбекші. Ол үшін бюджеттен 100 млн доллар қаржы бөліп отыр.

Жасанды интеллект – аударма саласында

Осы жылы IBM компаниясы жасанды интеллектің қарым-қабілетін сынау алаңын кеңейтуді көздеп отыр. Тіпті, жасанды интеллектің аударма саласындағы сапасы да артып келеді. 2017 жылы Яндекс компаниясы аударма жүйесіне өзгеріс енгізді. Енді бағдарлама әр сөзді жеке-жеке емес, сөйлемді толық аударады. Осылайша сөйлемнің негізгі мағынасы сақталады.

Жасанды интеллект – білім саласында

Жапония осы жылдан бастап жасанды интеллекті оқу жүйесіне енгізуді жоспарлап отыр. Ол оқушының 4 жыл бойы алған білім көрсеткішін саралап, оның осал тұсы мен жақсы меңгерген пәндерін айқындайды.

Жасанды интеллект жасаудан жарыс

Қазір әлемдік ірі державалар арасында технология өндіруден бәсеке болып жатыр. Қытай зерттеу мен өндірісте АҚШ-қа тәуелсіз болу үшін жасанды интеллект жасауға айрықша көңіл бөліп отыр. Қытайлық Huawei компаниясы жасанды интеллекті өңдеуге арналған өз чиптерін әзірлейтінін мәлімдеді. Бұл елдегі жасанды интеллект индустриясын Intel және Nvidia сияқты америкалық өндірушілерге деген қажеттілігін азайтты. Ал Еуропалық Одақ АҚШ пен Қытайдан қалыспай жасанды интеллект жасауға 22 млрд доллар қаржы бөлмек.

2018 жылы болған әлемдік экономикалық форумда Alibaba Group интернет бизнес тобының негізін қалаушы Джек Ма: «Адамзат, техниканы дұрыс пайдаланып, өз кәдесіне асыруға тырысуы керек. Компьютер күннен-күнге жетіліп келеді әрі ол ешқашан ақпарааттарды ұмытпайды. Техникадан асып түсемін деп тырыспаңыз» деген еді. Бірақ жасанды интеллект жұмыс күшін жеңілдеткенімен, қызметкерлер санының қысқаруына да айтарлықтай үлес қосады. Осылайша, жұмыссыздардың саны күрт артуы мүмкін. Мысалы, 2017 жылы Citigroup компаниясының бұрынғы бас директоры Викрам Пандит алдағы 5 жылда қызметкерлерінің 30%-ға дейін қысқаратынын айтқан. Ал Сбербанк президенті Герман Граф 70% қызметкерін жасанды интеллектке ауыстыратынын айтқан.

Ет пен сүйектен жаралған адам күрделі ақпараттарға жылдам анализ жасау, оларды ұзақ уақыт есте сақтау сынды істерде жасанды интеллектпен бәсекеге түсе алмайды. Сонда кімді кім басқарады? Жасанды интеллектен адамзат ұта ма, ұтыла ма?..

Салтанат ШЫНӘДІЛ