Қазақстан • 01 Ақпан, 2019

Қазақстан цифрландыру саласында қарқынды түрде трансформациялануда — сарапшы

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0. Еуразияның инновациялық экожүйесі» форумы алаңында 800-ден астам халықаралық сарапшы, ЕЭК, БҰҰ, ЕАЭО елдерінің, елшіліктердің өкілдері бас қосты. Primeminister.kz-тің форумның қалай өтіп жатқаны, цифрландыруды дамытудың негізгі үрдістері мен инновациялық экожүйедегі технопарктердің рөлі туралы сұрақтарына Astana Hub кеңесшісі Джозеф Циглер жауап берді.

Қазақстан цифрландыру саласында қарқынды түрде трансформациялануда — сарапшы

«Қазақстан Үкіметінің цифрлық технологияларды енгізу тұрғысынан атқарып жатқан жұмыстарына тамсана қараймын. Үкіметті цифрландыру, дәлірек айтқанда мемлекеттік қызметтерді электронды форматта ұсыну өткен жылы шамамен 60% құрады, биыл осы көрсеткішті 80%-ға дейін арттыру көзделген. Бұл осындай қысқа мерзім үшін тамаша көрсеткіш. Қазақстан қарқынды түрде трансформацияланып жатыр. Қазақстанның цифрландыруды енгізу саласындағы тәжірибесін өзге елдерде қолдануға болады деп ойлаймын. Басқа мемлкеттерге Қазақстанда енгізіліп жатқан реформаларды еш күмәнсіз үлгі ретінде алуға болады», — деді сарапшы.

Дж. Циглердің пікірінше, Қазақстанға цифрлық бағытты дамыту қарқынын бәсеңдетудің қажеті жоқ. Жас ғалымдарды ынталандыруды одан әрі жетілдіріп, өздерінің дағдылары мен түйген-білгендерін іске асыруға мүмкіндік беріп, мүмкіндігінше бірегей стартаптарды көбірек іске қосу керек. Сонымен қатар, инвесторлар мен менторларды тартуға арналған әмбебап алаң құру мәселесіне көңіл бөлу керек, олар Қазақстандағы жұмыстың барлық мүміндіктерін бағалай алуы қажет.

Спикер бүгінде Astana Hub-та ақпараттық салада жетістіктерге жетуді көздеп жүрген, сондай-ақ басқа елдердің ғалымдарымен адал бәсекелестікке түсе алатын жеткілікті жас ғалымдар бар екенін атап өтті.

Дж. Циглер Astana Hub халықаралық технопаркі қызмет көрсете бастаған уақыт ішінде ауқымды жұмыстарды орындағанын айтты: мыңнан астам қатысушыны тарта отырып, 47 әртүрлі жоба іске асырылған.

Бұған қоса, сарапшы Astana Hub қызметінің оны басқа халықаралық технопарктерден ерекшелейтін бірегейлігін атап өтті.

«Мен Сингапурде де, Австралияда да байқамаған бір фактке назар аударғым келеді – тәуекелдерді барынша азайтуға және нысанды инвесторлар мен стартапшылар үшін аса тартымды етуге мүмкіндік беретін прогрессивті салық салу режимі ұсынылған. Бұл бізге мүмкіндігінше бәсекеге қабілетті болуға демеу болатын құрал, және осы салық салу режимдері жағдайды одан әрі жақсарта түседі», — деді ол.

Сарапшының айтуынша, 2018 жыл технопарк үшін өте табысты жыл болды. 2019 жылы Astana Hub елімізде цифрлық технологияларды дамытудың алдыңғы қатарлы қозғаушы күші, драйверіне айналуы үшін көлемді жұмыстар атқару қажет.

«Біз адамдарға цифрлық ортаға қалай инвестиция салу керек екенін үйретуіміз керек. Біздің міндетіміз – аталған процеске шеттен қатысушылар тартып, клиенттер базасын кеңейту үшін барлық мүмкіндікті жасау. Идеяның мәні – технологиялық парктерді біріктіріп, олардың тек ел ішіндегі парктермен емес, сондай-ақ аймақтарда орналасқан парктермен барынша көп жұмыс істеуіне көз жеткізу», — деді Джозеф Циглер.

Бұдан өзге, Astana Hub міндеті — инновациялық экожүйе құру: нені басқалардан жылдамырақ және жақсырақ етіп жасауға болады?

«Біз бәрінен алда болуымыз керек. Неғұрлым бәсекеге қабілетті болу керек. Мүмкіндіктері шектеулі жандарды қоса алғанда, барлық санаттағы азаматтар өздерін ыңғайлы сезінуі үшін технологияларды қолжетімді ету қажет», — деді ол.