Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

«Тараз» футбол клубы Анталиядағы кездесуін аяқтады

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тараз» футбол клубы Түркияның Анталия қаласындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Команда мұнда бірнеше жолдастық ойын өткізген болатын. Сонымен қатар, Анталияда жергілікті тәрбиеленушілер мен жаңадан келген ойыншылардың мүмкіндіктері қаралды.

«Тараз» футбол клубы Анталиядағы кездесуін аяқтады

Жолдастық матчтың мақсаты – әр ойыншының мүмкіндіктерін анықтау болғандықтан, мұнда әр түрлі ойын стиліндегі командалармен жекпе-жектер өткізілді. Өз елінің бірінші дивизионын ұсынатын тунистік «Зитуни» командасымен өткізілген матч тартысты ойынға құрылды. Қазақстандық команда 7:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл ойында клуб тәрбиеленушісі Абзал Таубай ерекше ойынымен екі рет көзге түссе, ал ойыншы Думан Тұрсынбай бір гол салып, ел мерейін асырды. 

Швейцариялық Суперлигадан еурокубоктардың тұрақты қатысушысымен – «Вадуц» командасымен келесі ойын табанды түрде өтті. Мұнда қызықты жекпе-жекте екіжақты өткір сәттерімен тараздықтар 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Кейін румындық «Германштадт» командасымен де қызықты ойын өтті. Қарсылас өте білікті команда, бірақ жамбылдықтар олармен дес берместен екі мәрте есеп беріп отырды. Бірінші таймда «Тараз» сапында ойнаған бразилиялық Еливелто біздің команданы алға шығарды. Қарсыластар пенальтимен есепті теңестірді. Екінші тайм кезеңінде Әлішер Сүлей тараздықтарды 2:1 есебімен алға шығарды. 

Одан кейін 23 жасқа дейінгі Өзбекстанның жастар құрамасымен жолдастық ойынның бірінші таймында Гавриил Кан соққан голдың нәтижесінде тараздықтар оңай емес матчта жеңісті қолдан бермей, есепті 1:0-ге жеткізді. Соңғы ойын украиндық Премьер-Лиганың «Карпаты» (Львов) клубына қарсы өтті. Бірінші таймнан кейін қарсылас команда 2:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші таймда Еливелто бір гол соққанмен, көп ұзамай Сулей пенальтиді жүзеге асырмады. Өз кезегінде украиндықтар пенальтиден берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, үшінші гол соқты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар ойыншылармен келісімшартқа қол қойылды. Бұл атақты «Фламенго» мектебінің тәрбиеленушісі, бірнеше жыл бойы еуропалық командаларда өнер көрсеткен 26 жасар бразиялық Еливелто болатын. Сондай-ақ, команданы шетелдік клубтарда тәжірибе жинақтаған ойыншылар толықтырды. Ол 26 жасар Немания Суботич және 28 жасар Михайло Йованович. Тағы бір айта кетерлігі, тараздықтар үшін грузиялық футболшы Лаша Касрадзе мен қазақстандық Рахымжан Розыбакиев өнер көрсететін болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы