Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

Семейде жыл сайын 80-ге жуық әйел жатыр мойны обырына шалдығады

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі өршіп тұр. Жыл сайын 80-ге жуық әйел осы ауру түрімен тіркеуге алынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады. 

Семейде жыл сайын 80-ге жуық әйел жатыр мойны обырына шалдығады

Семейде әйел адамдар арасындағы сүт безі обырынан кейін жатыр мойны қатерлі ісігі екінші орында тұр. Жыл сайын 80-ге жуық қыз-келіншек қауіпті дертке шалдығады. Өкініштісі, науқастардың көпшілігі аурудың бастапқы белгілері білінгенде емес, дерт асқынған кезде дәрігерге келетін көрінеді. Сондықтан дәрігерлер 30-70 жас аралығындағы әйел адамдар жыл сайын  медициналық тексерістен өткені дұрыс деп санайды.

«Жатыр мойыны обырын уақытында анықтауға мүмкіндік бар. Бүгінде әрбір әйел өз тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, тексеріле алады. Бұл кабинеттерді ашудағы мақсат - обыр дерттерінің түрлерін ерте кезеңде анықтау. Мысалы, жатыр мойны - көзбен қарап, нақты тексеруге болатын орган. Бір анализ тапсырса жеткілікті. Және ол қымбат емес»,-дейді Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары Нұргүл Жұмықбаева. 

Нұргүл Жұмықбаеваның сөзінше, жатыр мойны обырының пайда болуына адам паппиломасы вирусы басты себеп. Тұқым қуалаушылықпен де таралып жатады. Әсіресе, отыз жастан асқан нәзік жандардың жиі гинеколог маманға қаралып тұрғаны дұрыс. Семейде 7500 адам түрлі обыр дертімен тіркеуде тұр. Ал жылына 1500 адам жаңа обыр дертімен тіркеуге алынады.  Сондықтан, онкологиялық диспансер мамандары  жыл сайын скринингтік бағдарламадан өзге ашық есік күндерін жиі өткізуді қолға алған. Бүгінде ашық есік күніне келетіндердің саны артқан. Шамамен 800-ден астам адам тегін тексеруден өтіп, нәтижесінде обыр дертіне шалдыққан 3 науқас анықталады.