06 Ақпан, 2019

Жасанды өсімдіктер Жер шарын тазартуға қалай көмектеседі?

1369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Неміс ғалымдары климаттық өзгерістермен күресу мақсатында жасанды фотосинтезді қолдануды ұсынып отыр. Бұл технология арқылы мәселені шешу жолдары және оны қолданудың кемшіліктері туралы Popular Science жазды.

Жасанды өсімдіктер Жер шарын тазартуға қалай көмектеседі?

Климаттың өзгеруіне қарсы күресте өсімдіктер маңызды рөл атқарады. Олар көмірқышқыл газын сіңіріп, оны жапырақтар мен бұтақтарға айналдырады. Адамдар қаншалықты көп ағаш отырғызса, соғұрлым ауада жылуды ұстап тұратын СО2 азая түседі. Өкінішке қарай, өсімдіктер су мен жерді үлкен көлемде қажет ететіндіктен адамдардың ауаны тазартудың өзге алтернативаларын іздеуіне тура келеді.

Неміс ғалымдарының жаңа зерттеулер топтамасына сүйенсек, бұл мәселеде бізге жасанды фотосинтез көмектеседі. Олардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта бұл технология тәжірибе жүзінде қолдану үшін тым қымбат, бірақ инвестиция құюға тұрарлық бастама болмақ.

Жасанды фотосинтез өсімдіктерді қоректендіруді дәл табиғи қалыпта жүзеге асырады. Бұл технология да табиғи жүйе сияқты көмірқышқыл газы мен суды қорек ретінде, ал Күн сәулесін энергия көзі ретінде пайдаланады. Бірақ олардан бұтақтар мен жапырақтарды емес, спирт сияқты көміртекке бай өнімдерді бөліп шығарады.

«Оның ерекшелігі, біз жүйенің тиімділігін арттыратын органикалық емес материалдарды қолданамыз», - дейді Гельмгольц атындағы Берлиндегі материалдар мен энергия орталығының физигі және Earth System Dynamics журналында жарияланған зерттеу авторларының бірі Маттиас Май.

Оның айтуынша, жасанды фотосинтездің әсері табиғидан да тиімді.

«Жасанды фотосинтезбен айналысатын ғалымдар Күн сәулесі мен көмірқышқыл газының көмегімен алынатын сұйық отынға басты назар аударған. Оны жағу кезінде жиналған газ ауаға оралады, мәселе осында», - дейді физик.

Май және оның әріптестері ұсынған жүйеде СО2-ні жер астына «көму» қарастырылған.