Тарих • 07 Ақпан, 2019

Арабтар құртқа «құда түсіп» отыр

1265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алыс жорықтарға аттанғанында бабаларымызға ас болған «алты малтаны» – қазақтың кәдімгі құртын тағы бір тарихи миссия күтіп тұр. Қарағандылық кәсіпкер Сламбек Қинаяттың қолымен жасалған қасиетті тағам бұл күнде араб халқының талғамынан шығып, сәтін салса, алдағы уақытта сол елге экспортталмақшы.  

Арабтар құртқа «құда түсіп» отыр

Бәрі де былтырғы жаздан басталып еді. Табиғаты тамылжыған Қарқаралыға Біріккен Араб Әмірліктерінен, Германия­дан бір топ турист қыдырып келген болатын. Сол кезде шетелдіктер жергілікті кәсіпкер Сламбек Қинаятұлының шағын кәсіп­орнында да болып, құрттың қалай жаса­латынын, майдың қалай шай­қа­ла­ты­нын көріп, таңданыстарын жасыр­­маған. Немістер ежелгі әдіспен алын­ған сары майдың дәмін татып, бас шай­қаса, араб азаматтары аузыңнан сіле­кейің­ді шұбыртатын құртқа қатты қызық­қан екен. Ақыр аяғында қазақтың қонақ­жай­лығына тәнті болып, тұмса табиғатына тамсанып, мауқын басқаннан кейін елдеріне қайтарында әлгі саяхатшылар өздерімен бірге бір дорба құрт ала кетіпті.

Арада біраз уақыт өткенде Араб елінен Сламбекке қуанышты ақпар ар­қа­лаған жеделхат жеткен. Сөйтсе, ара­бия­лық саяхатшылар еліне келген соң, Сламбектің құрттарын зерттеп, оның 98 пайыз тап-таза табиғи шикізаттан тұратынына көз жеткізген. Содан олар қарқаралылық кәсіпкерден Араб Әмірліктеріне құрт жеткізуін өтініпті.

* * *

Сламбек Қинаят өз ісін бастар алдында Қарағанды облыстық Кәсіпкерлерді қолдау палатасының көмегіне жүгінген болатын. Ондағылар болашақ кәсіпкерді «Бастау» бағдарламасы бойынша оқуға жібереді. Алдыңғы жылы оқуын тәмам­дағаннан кейін қолына дайын бизнес-жоспарын алып, ауыл шаруа­шылы­ғын қолдау қорына барған. Қордың кеңсе­сінен құр қол шықпады. 18 миллион теңге несие алып, Қытайға жол тартқан. Ол жақтан Сламбек өзіне қажетті, көптен бері ойында жүрген құрал-жабдық әкел­ді. Қалған ақшаға 10 сиыр сатып алды. Сөйтті де, білек түріп, іске кірісіп кеткен. Адал еңбек, төгілген тер зая кетпеді. Тасы өрге домалап, көп ұзамай табыстың да дәмін тата бастады. 

«Сан алуан дәруменмен, пайдалы минералдармен байытылған сүт алу үшін зеңгі баба тұқымы жеген жем-шөптің құрамы өте құнарлы болуы тиіс» дейді кәсіпкер. Міне, осындай жолмен өндірілген сапалы сүттен Слам­бек бүгінде 11 түрлі өнім алады. Май шай­қайды, ірімшік қайнатады, құрт жасайды. Осының бәрін ол қазақтың атам заманнан келе жатқан дәстүрі бойынша істейді. Бүгінде Сламбек цехынан шыққан сүт өнімдері Қарқаралы ауданы ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарындағы кәсіпкерлерді де қызықтырып отыр.

* * *

Әзірге Сламбек құрған цехта бар-жоғы үш адам ғана жұмыс істейді: өзі, зайыбы және баласы. Болашақта бизне­сінің көкжиегін кеңейтуді армандайды. «Ол үшін, – дейді кәсіпкер, – сауын сиыр санын арттыру керек». Таяуда тағы бір субсидия алуға өтінім беріп қойған екен, 50 шақты сиыр сатып алмақшы. 

Сламбектің болашаққа жоспары да сан-салалы. Қазір ол көне рецепт бо­йын­ша ет сүрлеуді жолға қоюды ойлас­­ты­рып жүр. «Жалпы, – дейді ол, – бұл жерде де жаңадан бірдеңе ойлап табамын деп әуреге түсудің еш қаже­ті жоқ. Бабаларымыз мұның бәрін баяғы­да істеп, бізге мұраға қалдырып кеткен...». Одан кейін малдан алынатын өнім негізінде емдейтін шипажай салу да биз­нес-идея­сының бір бұтағы. Осы­ның бәрі шетел­ден келген қонақтар­дың қызы­ғу­шылығын тудырарына бек сенімді.

Сламбектің тағы бір пайдалы ісі – көкөніс өсіруге арналған жылыжай. Мұның сиыр мен сүтке қандай қатысы бар дейсіздер ғой? Сөйтсе, жылы­жай­дағы көкөністен шыққан бу сиыр малына құнарлы жем шөп сияқты зор пайдасын тигізетін көрінеді.

«Қазір жұрт көбіне құртты тұрып қалған немесе сепараторда айырылған көксүттен жасайды. Ал мен қаймағы алынбаған сүтті қайнатып барып құрт сығам. Содан да болар, менің құртымның дәмі ерекше болып тұрады. Бұдан бөлек құрт құрамына түрлі дәмдеуіш қосамын. Мысалы, Алтай балын қосқан құрттың дәмі, жесеңіз, таңдайдан кетпейді. Жалпы, қоспалар тағам құрамында биологиялық белсенді үстеме қызметін атқарады» дейді кәсібінің құпиясымен там-тұмдап бөліскен Сламбек Қинаят.

Бүгінде Сламбек ай сайын сауда нүктелеріне 130 килоға жуық сары май мен 100 килодан астам құрт жөнелтіп отырады. Саудаға шығарылар басқа да сүт өнімдері жетерлік. Кәсіпкер жұмы­сының қыс күндері саябырситыны рас. Дегенмен, қол қусырып отыр­ған Сламбек жоқ. Ол жақында ешкі мен түйе сүтін сатып ала бастады. Ойы – бұдан да құрт жасап, басқа да сүт өнімдерін алу. 

Қарап тұрса, қолға алған істің қай-қайсысын да әрі қарай дөңгелетіп алып кету үшін әжептәуір сомадағы қаржы керек екен. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктеріне құртты экспорттау үшін құжаттарды ресімдеу өз алдына, өнімнің көлемін арттыруға, содан соң шипажай салуға, мал басын көбейтіп, кәсіпорын аясын кеңейтуге... Қиындық атаулы аз емес. Бірақ меселі қайтып, тауы шағылып отырған Сламбек Қинаят жоқ. Қайта небір ұтқыр ой, ұтымды жобалардың идеясымен қаруланып, алған бетінен қайтпауға бекінген. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы