Аймақтар • 10 Ақпан, 2019

Қызылордада Полиция департаментінің Ауған соғысының ардагерлері марапатталды

903 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен облыстық филармонияда Ауғанстан аймағынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай жиын өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордада Полиция департаментінің Ауған соғысының ардагерлері марапатталды

1979 жылғы 25 желтоқсан және 1989 жылғы 15 ақпан. Бұл екі даталы күн естен кетпейтін тарихта ізі қалған жылдар мен күндер. 1979 жыл 25 желтоқсан - Ауғанстан жеріне Кеңес Одағы жауынгерлерінің жіберілген күні. 1989 жылдың 15 ақпаны - Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылған күні.

1979-1989 жылдар аралығында болған соғысқа Қазақстаннан 22 мың 269 қазақстандық қатысып, олардың 924-і Ауған даласында ерлікпен қаза болса, 1 мың 15 адам мүгедек болып елге оралып, 21 жас жауынгер хабарсыз кетті.

Ал, Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына 827 адам қатысып, оның 18-і қаза болды. 30-дан астамы елге мүгедек болып келді.

Шара барысында Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жарас Оспанов Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі бүгінгі жастарға мықты тәлім болатынын айта кетіп, мұндай кездесулердің жас қызметкерлерді тәрбиелеуде негіз болатынын білдірді.

«15 ақпан Ауғанстан аймағынан Кеңес әскерлерінің шығарылған күніне 30 жыл» толуына орай және ел тыныштығы мен қоғамның бейбіт өмір сүруіне, еліміздің амандығын және тыныштығын қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін Ауған соғысының ардагерлері Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Салтанатты жиын полиция қызметкерлері тарапынан дайындалған концертпен аяқталды.

Қазіргі таңда Полиция департаментінде 2 Ауған соғысының ардагері қызмет атқарады. Ал 18 Ауған соғысы ардагері ішкі істер органында қызмет атқарып, зейнетке шыққан.

Сонымен қатар, шара аясында  «Динамо» спорт кешенінде тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан турнир өтті. Спорттық шараға Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасынан 10 команда қатысты. 

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен және дипломдармен марапатталды.