Қазақстан • 11 Ақпан, 2019

Сертификатталмаған астық кері қайтарылды

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аумақтық инспекция мамандары былтыр карантинге жатқызылған  өнімдердің талапқа сай келмейтін 65 фактіні анықтаған.

Сертификатталмаған астық кері қайтарылды

Нәтижесінде  2,5 миллион теңгенің  55 айыппұлы салынған. Бүгінде карантинге жатқызылған өнімдердің заңсыз жолмен әкелінбеуін төрт ұтқырлы топ қадағалайды. Олардың құрамындағы тәжірибелі қызметкерлер жыл басынан бері фитосанитарлық сертификаты жоқ Ресейдің бірнеше көлігін тоқтатқан.Шекараны кесіп өтуге тосқауыл қойылып, кері қайтарылған. Тасымалдаушы тұлғаларға айыппұл салынған.

Өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлардың жұмысы да қарбаласқа толы. Олар өңірімізге Қазақстанның өзге аймақтарынан және шетелден келе жатқан жүк көліктерін тоқтатып, жүргізушінің және тауардың құжаттарын тексерумен айналысады. Аумақтық инспекцияның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Эльмира Қажымұратованың айтуына қарағанда  кезекті рейдтік тексеру кезінде бір ресейлік жүргізуші көрсеткен  құжаттар арасында  астықтың фитосанитарлық сертификаты жоқ болып шыққан. Сондықтан оның да кері қайтуына тура келген.

«Биыл 87 жүк көлігі тоқтатылып,  карантинге жатқызылған 2 мың 139 тонна өнімнің фитосанитарлық сертификаты тексерілді. 7 камаз жүгінің талапқа сай келмейтіндігі анықталып, тасымалдаушыларға 176 мың теңге айыппұл салынды. Біз облыс аумағына еліміздің өзге аймақтарынан бет алған көліктердің де карантиндік құжаттарын тексереміз. Биыл 4 көлік жүргізушісінің тиісті куәлігі болмады. Сондықтан, оларға 100 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», дейді Э. Қажымұратова.

Карантиндік зертхана өкілдері литвалық гүлден трипс атты зиянкесті, түркиялық қызанақтан – көбелекті, Ресейден жеткізілген ағаштан қара қоңыздарды тауыпты. Жыл басынан карантиндік зертханаға карантинге жатқызылған өнімдер мен тауарлардың  24 түрі келіп түскен. Олардың 15-сі шет елдерден жеткізілген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы