Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Ұлттық тарихнаманың тынысы ашылды

758 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасының ««Egemen Qazaqstandaǵy»» кезекті мақаласын оқырдың алдында мені елеңдеткені Президенттің ұлттық тарихнамамыз үшін нендей жаңа ой айтқаны еді. Әрине, мақаланы алғаш қолға алған кезден-ақ көзге оттай басылғаны «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты бөлігі болды.

Ұлттық тарихнаманың тынысы ашылды

Бір кезде Президенттің өзі қазақ тарихын әлемдік тарихи үде­ріс­тер аясынан алып зерттеу, зер­делеу керек дегені әлі есімде. Бұл жолы ол осы ойын тағы да тайға таңба басқандай айқындап беріпті. Бірінші кезекте қазақ тарихының уақыты, яғни біз үнемі айтатын хронологиялық шеңберіне тоқталыпты. Баяғыдан жер тағандап айта алмай келген мә­се­ленің басын ашыпты. Ол де­гені­­міз ұлт пен мемлекет тари­хы­на байланысты мәселе. Ол екеуі де уақыт еншісіндегі ұғым. Біз та­лай уақыттан бері еш жас­қан­бай, кібіртіктемей айтып келе жат­­қан мәселеге бірден ойысыпты. Ол болса қазақ жерінде бұ­дан екі жарым мың жыл бұ­рын сақ­тар­дың мемлекеттік бас­қару жү­йе­сі болғандығы туралы ойлар. Демек, біздің қазақ же­рін­дегі мемлекеттілік дәстүр сол кезден бастау алады. Сол кез­ден бастап біздің жерімізде Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы секілді ір­ге­лі мем­лекеттер бірінен соң бірі құ­рыл­­ды. Олардың мемлекеттік ап­­па­раттары, басқару иерархия­сы, әскері, заң жүйесі болды. Біздің айналамыздағы елдердің мемлекеттік жүйелері де одан тым ілгері болып тұрмаған еді.

Ал енді «кеңістік» ұғымына келсек, ол да біздің ұдайы жағымыз тала айтып келе жатқан, бірақ ешкім құлақ аспаған мәселе еді. Қазақ тарихы бүгінгі Қазақстан территориясымен шектелмейді. Тарихтағы қазақтың этно-территориясы 5 миллион шаршы километр аумақты құрайды. Яғни қазақ тарихының географиялық шеңбері батыста Құбаң даласынан шығыста Қыдырхан (Хинган) тауы­на, солтүстікте Байқал мен Сібір ормандарынан оңтүстікте Хуанхе мен Хэси дәлізіне, Тарым бассейні мен Мауреннаһрге дейінгі ұлан-ғайыр өлкені алып жатыр деген сөз. Біздің бұл даланы тарихи тұрғыдан меншіктенуге толық құқымыз бар. Бұл кеңіс­тік­те басқа ешкім емес, қазақ хал­қы­ның арғы аталары емін-ер­кін тіршілік еткен. Президент атап көрсет­кен­дей: «Қазақтың кей­бір ру-тай­па­ларының атаулары «қазақ» этно­нимінен талай ғасыр бұрын бел­гілі болған. Осының өзі біздің ұлт­тық тари­хымыздың көкжиегі бұ­ған дейін айтылып жүрген кезең­нен тым әріде жатқанын айғақ­тай­ды». Президент айтқан сол ру-тай­па­лар аталмыш кеңістікті өз бақы­лауында ұстаған. Бұл бүгінде тө­рт­кіл дүние көз тігіп отырған Еура­зия «жүрегі» − Орталық Азия. Осы орталық аймақта жа­са­ған біздің ата-бабаларымыз үшін Шығыс пен Батыстың сан қилы мәдениеті мен өнері еш таңсық болмаған. Олар Шығыс пен Батыстан келген Жібек жолын бір-бірімен байланыстырған. Шығыс өркениеті немесе Батыс өркениеті болсын, барлығы да осы өлкеде сәл байырқалап барып әрі қарай таралған. Сондықтан, бұл өлкеде көшпенділер өркениеті мен отырықшылық өркениет бір-бірімен сәйкесті, гармониялы түр­де, бірін-бірі толықтай отырып да­мы­ған. Қазақ даласының айна­ла­сы­нда шығыста Қытай мәде­ниеті, оңтүстікте Тарым бассейні мә­де­ниеті, ортаазиялық Қосөзен және Үнді-Парсы мәдениеті, ба­тыс­та Араб және Византия мә­де­­ниеттері болды. Қазақтар бұл мә­дениет­тер­мен барынша қоян-қол­тық аралас­ты. Сөйте жү­ріп өздері де адамзат өр­ке­ниеті үшін өшпес үлестер қос­ты. Ол болса Президент мақа­ла­сында атап көрсетілгендей «атқа міну мәдениеті» (жылқыға бай­ла­ны­сты кешенді мәдениеттер жиын­­тығы), Ұлы даладағы ежелгі ме­тал­лургия, аң стилі, Алтын адам, түркі өркениеті (түркі жазуы мен мәңгітастар мәдениеті), Ұлы Жібек жолы қатарлылар. Бұған Қазақ жерінің жаратылыстық байлығы болып табылатын әйгілі алмасы мен қызғалдағын, қымы­зы мен шұбатын, әйгілі дәрілік өсім­діктерін қосыңыз...

Қазақ халқының ақыл-ой жау­һары болып табылатын ұлттық кален­дарын, жыл есебін, жұлдыз­на­масын, тұрмыстық химия­сын, дәрігерлік ілімін, филосо­фия­лық дүниетанымын, заңдары мен ғұрып-әдетін, әдеп-иба мә­дение­тін, діни наным-сенімдерін, ұлттық тәрбие мектебін, қолөнерін, азық-түлік өндірісін, киіз үйін, бақташылық тәжірибесін, көші-қон дәстүрін, музыкасын, ән-биін, фольклоры мен жазба әде­биетін, ұлттық ойындарын, т.б. қайда қоямыз?! Демек, халықтың тари­хы тек қана ат үсті аламан­мен, жаугершілікпен қана жазыл­маған. Сонау сақ заманынан бас­тап, өскелең отаншылдық сана, мем­ле­кетшілдік ерік-жігермен қоса, ба­йыпты ғылыми-мәдени ой­лау жүйесі дамып отырған. Сон­­дық­тан ендігі жерде Қазақ тари­­хын жазғанда міндетті түрде хал­қы­мыз­дың ғылыми-мәдени, философиялық ой-өрісінің даму тарихы, ұлттық ғылымның өркен­деу кезеңдері де қоса жазы­луы керек. Сонымен қатар біз айна­ла­мыз­дағы әлеммен болған саяси, экономикалық және шаруашылық қарым-қатынастарымыздың тарихына да маңыз беріп, аймақтық және әлемдік халықаралық қаты­нас тарихындағы өз орнымызды айқындауға тиіспіз. 

Мақаланың екінші бөліміндегі Пре­зиденттің тарихи сананы жаң­ғыр­туға байланысты іс-шара­лар туралы ойларын оқи келе, түйгенім: «Архив-2025» бағ­дар­ламасы бұдан алдыңғы бағ­дар­ламалар кезінде асығыс іске асы­рыл­ған немесе орындалмай қалған жобаларды одан әрі тиянақты жалғастыруға толық мүмкіндік береді. Елбасы бұл маңызды жұ­мыс мемлекет есебінен атқары­латын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс дей келе, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-ар­хеологиялық қоз­ға­лыс­­тар құ­ру­дың маңыз­дылығын атап көр­сетеді. Шынында да ендігі кезде ғылым­мен нақты айна­лыса­тын адамдарға маңыз беріп, ғылыми-зерттеудегі форма­шыл­дыққа, «қосақ арасында жүру­шілікке», өтірік есеп беру­шілікке, қағазбастылық және ұдайы есеп талап ету арқылы ғы­лыммен нақты айналысатын адам­дардың қол-аяғын шырмап қоюға жол беруге болмайды. Осы идеяларды шынайы іске асыру үшін мемлекет бұл бағыттағы ғылыми-зерттеуді стратегиялық нысан деңгейіне көтеріп, оны қаржыландыруды ұлғайтуы тиіс. Менімше, ұлттың тарихын зерттеуге кеткен қаражат өз орнын тауып, ақ-адал жұмсалған қаражат болып есептеледі. 

Президенттің «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушы­лық энциклопедиялық саябақ құру идея­сы да барынша қол­дау­ға тұрады. Президент сол ұлы тұл­ғалардың қатарында Күлтегінді де атайды. Иә, Күлтегін ескерткіші Астанаға ең алғаш келгенде, сонау 2001 жылы мамыр айында Президент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия уни­верситетіне келіп, сол ескерт­кіш­тің ашылу лентасын өз қолы­мен қиған әрі маңызды сөз сөй­леген еді. Содан бері де 18 жыл зулап өте шығыпты. Бірақ қоғам­ның Күлтегін ескерткіші туралы танымы мен түйсігі сол кез­де­­гіден төмендемесе арта қой­ған жоқ. Бұдан алдын талай мақаламда айтып өткенімдей, Күлтегін ескерткіші біздің елдік тарихымыздың қайталанбайтын бірегей мұрасы, баға жетпес құн­дылық. Онда тек елдік, мемле­кеттік туралы сөз болады. Қазақтың, бүкіл түркі халықтарының тарихында мұндай тағдырлы, ғажайып ескерткіш басқа қайда бар? Онда түркі халқының алғаш мемлекет құруы, дәуірлеуі, кейін келе ішкі берекесіздік пен сатқындықтың кесірінен Қытайдың құлдығына түсіп қалуы, Тәңір қолдап, Ел­теріс Құтлық қағанның кезінде тәуел­сіздікті қайта алғаны, түркі хал­қының өксігі мен өкініші, мем­лекетті мәңгілік сақтап қалу туралы ізгі мұраттары, неден сақ болу керектігі, Қытаймен қалай қарым-қатынас жасау мәселесі, бәрі, бәрі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Күдік қайдан бол­са, қауіп содан дегендей, бел­гілі ма­ғы­надан алғанда, сонда ай­тыл­ған кейбір тарихи оқиғалар бүгін тағы қайталанып жатқандай. Сон­дықтан мың құбылған дүниедегі сын-қатерлерге төтеп беру үшін, бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын жазылған осынау киелі ескерткішке үнемі қайта айналып, оның әр сөзіне, әр әрпіне көңіл аударып отырудың маңызы ерек­ше. Егер «Құрани Кәрім» біз­­дің имандығымыздың негізі бол­­са, «Күлтегін ескерткіші» біз­дің мем­лекеттілігіміздің киелі к­і­­та­­­бы болуға тиіс. Сондықтан Е­л­­­басы мақаласындағы ойларға сәй­­­кес, мен Астана қаласының ор­та­­­лық кө­ше­лерінің біріне арна­йы Күл­­тегін саябағын орнатып, оған көне түркі ескерткіштерінің ансам­­блін ор­натуды, осынау тағ­дыр­­лы жазуд­ы алтын әріптер­мен ұр­­­п­а­ғы­­мы­здың ұрпағына арнап жаң­­ғыр­тып жазып қоюды ұсынамын. 

Қорытып айтқанда, біздің Президентіміз ауық-ауық ұлттың тарихи жады мен сана-сезімін жаң­ғыртуға байланысты көшелі ой­ларын ортаға салып келеді. Өкі­ніштісі, қоғам әлі де салғырт. Біз­дің ұлттық тарихнамада ерте және ортағасырлардағы Қазақстан тари­хының фундаменталды мәсе­ле­лері көп зерттелмейді. Магист­рант­тар мен докторанттар негі­зі­нен оң жамбасқа келетін қазіргі заман тақырыптарына әуес. Со­ның сал­дарынан Қазақстанда та­ри­хи-танымдық туризм кенжелеп келеді. Тарихи орындарды жаң­ғырту терең тарихи зерттеулерге мұқтаж. Қазіргі таңда тарихи ес­керткіштерді жаңғыртуда шетел­­дік тәжірибелерге ден қой­ған дұрыс. Жалаң батырларды ат­қа мінгізіп жол бойына қоя бе­ретін әдеттен арылу керек. Та­ри­хи ескерткіштерді оқу-та­ным­­дық мақсатта кешенді түрде да­мы­тып, айналасын абат­тан­ды­ру­ға назар аударған жөн. Пре­зи­дент мақаласына орай ой­лар­дың бір парасы осылар. 

Тұрсынхан Зәкенұлы, 

жазушы