Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Елбасы мақаласы сынып сағаттарының өзегіне айналды

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын Ұлы даланың жеті қырын атап көрсетті.

Елбасы мақаласы сынып сағаттарының өзегіне айналды

Елбасымыз біраз бұрын «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жарық­қа шығарған еді. «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Ұлы даланың жеті қырында ұлы даланы мекен еткен бабалардың тұр­мыс-тіршілігінде пайдаланып, қажеті­не жаратқан дүниелерінің шын мәнін­де қаншалықты құнды екені анық көрсетілген. Бұл мақалада көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді.

Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасайтын уақыт жетті. Жаһандану заманында тамырымызды тереңдете түсіп, тарихымызды баршаға мойындату – ұрпақ алдындағы зор міндетіміз. Осы орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызды өзгелерге танытарлық құнды бағдар болды. Ұлы даланың жеті қырының кез келгені – Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу, өз жазуы бар озық мәде­ниетті қазақ елінің рухани байлы­ғы­ның айшықты белгісі – «аң стилі» өнері, әлемді тамсандырған өркениетті әрекет. Дала өркениетінің жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі сана­латын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік экономиканың өрк­ен­деуіне септігін тигізген − Ұлы Жібек жолы алма мен қызғалдақ, қазақ үшін аса қым­бат құн­дылықтар. Ұлы даланың жеті қыры, жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жетелейді.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада нақты қандай жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен. Оның әрқайсысы тарихымыздың көз көріп, қол тимеген жаңа парақтарын ашуға және тарихи санамызды жаңғыртуға мол мүмкіндік береді. Ал тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады.

Өскелең ұрпақтың санасына тарих қойнауында жатқан жәдігерді сіңіріп өсіру – біздің міндетіміз. Осыған орай Елбасының бұл мақаласы мектебімізде кеңінен талқыланып, әр сыныпта өтілетін сынып сағаттарының басты тақырыбына айналды. Өйткені тарихын құрметтеп, бүгінін бағалай білетін жеткіншектің болашағы жарқын болмақ. 

Гүлбаршын БЕЙСЕКЕНОВА,

Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебінің директоры

ТАЛДЫҚОРҒАН