Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

«Бастау» жобасы арқылы бизнесін бастағандар саны артып жатыр

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы - тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін тегін үйрететін бастама. Іскерлікке бейім ынталы адам үшін ақысыз оқу мен арнайы маманның тәжірибесі таптырмас көмекші болатыны анық.

«Бастау» жобасы арқылы бизнесін бастағандар саны артып жатыр

Мысалға, Алматы облысы бойынша «Бастау» жобасына қатысып, жеке іс бастаудың жолын үйренген адамдар саны көбейіп келеді. Аймақта өткен жылы «Бастау» жобасымен 3361 адам тегін оқып, кәсіпкерліктің әліппесін үйренген екен. Осы білім жетілдірген ынталы топ арасынан алғашқы бизнес бастамаларын ұсынып, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған адамдар да баршылық. Былтыр 916 жоба қаржыландыруға таңдап алынып, оларға 2,5 млрд теңге шамасында қолдау жасалған.

Алматы облысының Балқаш ауданы Үшжарма ауылының тұрғыны Жанат Сырбаева «Бастау» жобасының шарапатын көрген жандардың бірі. Ол 2018 жылы «Бастау» кәсіпкерлік оқуына жазылған екен. Бұл курс Балқаш ауданы бойынша бірінші рет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткен болатын. Жанат өзі сияқты тыңдаушылармен бірге 1 ай бойына бизнестің қыр-сырын, тиімді жоспарлауды, маркетинг пен басқа да маңызды бағыттарды үйренді. Жоба бойынша оқыту тәмамдалған соң Жанат Сырбаева «Інжу» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, несие алуға өтініш берді. Ол құны 4 млн теңге болатын бизнес-жоспар әзірледі. Аз уақыттан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы қаражатқа қол жеткізді. Бұл ақшаға отбасы көлік, қажетті жабдықтар мен қосымша ара ұяларын сатып алады.

- Қазір «Бастаудан» үйренгендерімнің жемісін көріп отырмын. Бал шаруашылығын аштық. Отбасымыздың жұмыс көзіне айналды. 40 шақты  ара ұясы бар, онда 22 ара әулеті бағымда. Өнімі жаман емес. Мысалға, бір маусымда әр ұядан 20 келідей бал аламыз. Былтыр балдың әр килосын 1500 теңгеге саттық, - дейді Жанат Сырбаева.

Бүгінде Жанаттың омартасынан жиналған балдың дәмін Балқаш ауданының тұрғындары ғана емес, Алматы қаласының сатып алушылары да татып көруде. Биыл тұтынушылар қатары тағы да арта түсетін сыңайлы. Өйткені, таза балға сұраныс әрдайым бола бермек.

Жалпы, Жетісудың әрбір төртінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді екен. Яғни, осы салада өндіріліген өнім жалпы түсімнің үштен бір бөлігіне тең. Өткен жылы жеке бизнестен түскен салық көлемі 1,5 есеге көбейіп, 57 млрд теңгеден 88 млрд теңгеге дейін өсіпті. Осы лекте аймақ кәсіпкерлерінің арасында «Бастау» жобасы бойынша ақысыз оқып, іс жүргізуді меңгерген жандардың болғаны қуантады. Негізінен, «Бастауда» білім алуға ынталылар қала тұрғындары арасында көп екен. Өйткені, қалада бизнес үшін толық жағдай бар. Табысқа да тез қол жеткізуге болады. Оның бір мысалын Талдықорған қаласы бойынша шағын және орта бизнес саласының жылдық табысынан байқауға болады. Былтыр қалада шағын және орта бизнес бағытында 38 жаңа нысан іске қосылып, 343 жұмыс орны ашылған. Ал жеке бизнес қала экономикасына 4 млрд теңге шамасында инвестиция салыпты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы