Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Түркістан облысында «қиын» балалармен жұмыс күшейтіліп жатыр

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» іс- шарасы өтіп жатыр. 

Түркістан облысында «қиын» балалармен жұмыс күшейтіліп жатыр

Ай басынан басталған іс-шара барысында тәртіп сақшылары әртүрлі құқықбұзушылыққа қатысты 400-ден астам жасөспірімді ішкі істер бөлімдеріне жеткізген. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 10 ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген 14 ойын-сауық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 20 жасөспірім және түнде заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 345 кәмелетке толмағанды анықтады. Құқықбұзушылыққа бейім 45 жасөспірім және 43 қолайсыз отбасы есепке алынған. Бұл бағытта, яғни жасөспірімдер қылмысын азайту және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында облыс әкімінің бастамасымен әрі қолдауымен мектептерде бейнекамералар пайдаланылатын пилоттық жоба қолға алынды. Мысалы, Түркістан қаласындағы №23 орта мектеп ғимаратына және ауласына Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен интеграцияланған 5 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігін және мектеп оқушыларының ортасындағы қандай да болмасын құқықбұзушылықтар әрекетін бақылай алады. Мұндай бейнебақылау камераларын бүгінгі таңда 39 мыңнан астам бала білім алатын Түркістан қаласының барлық мектебінде орнату жоспарланып отыр.

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары Мақтаарал ауданында да күшейтілді. Бұл орайда ата-аналарға арналған конференция өткізіліп, аудан әкімі Б.Асанов балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданның барлық мектептерінде «сенім жәшіктері» орнатылды. Білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысының күн тәртібіне «қиын» балалармен жұмысты қолға алу және оқу жылы барысында оларды осы категориядан шығару мәселесі қойылды. Ол жөнінде әдістемелек кеңестер берілді. Бұл күндері әрбір мектептегі «қиын» балаларды есепке алып, олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сабақ үлгерімін бақылап, дер кезінде педагогикалық-психологиялық көмек беру үшін мектептегі психолог, тәлімгерлер мен директордың орынбасарлары бекітіліп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, әкімшілік бекіткен арнайы кесте бойынша Ішкі саясат, аудандық Ішкі істер бөлімдері мен аудандық Білім бөлімі, БАҚ өкілдері мен мектеп мұғалімдерімен бірігіп, кешкі мезгілде рейд жүргізіліп жатыр. Беймезгіл уақытта жүргендерді анықтап, ескерту жасауда», - деді аудан әкімі.

Сондай-ақ конференция барысында жарыссөзге шыққандар өз ұсыныстарын білдірді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы