Театр • 14 Ақпан, 2019

Қостанайда Тәшенев туралы спектакль қойылады

443 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы Сәбит Досановтың «Ақ бас бүркіт» атты пьесасының қойылымы әзірленіп жатыр. Оны қырғыз режиссері Қаныбек Дүйшенәлиев қояды. Пьеса авторы - жазушы Сәбит Досанов келіп, спектакльді алдын ала көрді.

Қостанайда Тәшенев туралы спектакль қойылады

«Шала сауатты Хрущевтің солақай саясатына Тәшенов ержүректікпен қарсы тұрмағанда, еліміздің солтүстігіндегі бар құнарлы жерден айырылып, бүгін нанды алтынға сатып алып отырар едік. Халқымызға Алланың берген жері осындай айбынды тұлғаның арқасында әупіріммен аман қалды. Осындай тарихи тұлғаның бейнесі еліміз театрларының сахнасынан көрінуі тиіс. Мен үшін бұл қиын тақырып болды, бірақ қалған шаруаны жиып қойып,   осыған кірістім» деді жазушы актерлермен кездесуінде.

Режиссер Қаныбек Дүйшенәлиев бұл спектакльге пьеса авторының шақыртуымен кірісіпті. Ол шығарманың жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы өте үлкен екенін айтты. Қойылымды бір ай ішінде театр әртістерімен дайындап та болып қалды.

«Пьесадағы кейіпкерлердің барлығы да тарихи тұлғалар ғой. Оларға сәл де болса әртістердің сыртқы кейпі ұқсауы, жалпы тұлғасы келуі керек ғой. Осы жағынан шамалы қиындықтар болды, әйтпесе театр әртістері өте талантты, өздеріне талап қоя білетін ұжым екен» деді режиссер Қаныбек.

Енді санаулы күндері, яғни  апта аяғында қостанайлықтар спектакльдің премьерасын тамашалайтын болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай