Экономика • 14 Ақпан, 2019

Сайрамдағы туризм екі бағытта дамитын болады

1123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Туризмді  әлемдегі ең табысты бизнестің бірі деуге болады. Оның маңыздылығы жыл санап артып келеді. Аталған сала көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға, сондай-ақ сыртқы сауданың белсенділігіне ықпал етеді. Жалпы, туризм саласы басқа да салалардың дамуына мол мүмкіндік береді. Мәселен, туристік агенттіктер, мейрамханалар, санаторилер, тамақтану орындары, көлік байланысы және т.б.

Сайрамдағы туризм екі бағытта дамитын болады

Бүгінгі таңда Сайрам ауданында 8 туристік нысан орналасқан. Оның 6-уы қонақ үй, «Манкент» шипажайы және жеке меншіктегі емдік сауықтыру орталығы. Сонымен қатар, ауданда «Сиқым баба» кесенсі мен «Жаныс баба» мавзолейі бар.  

Түркістан облысының және Шымкент қаласының жұртшылығы Сайрам ауданындағы Ақсу өзенінің бойынан орын тепкен жазғы демалыс орындарына жиі келетіні рас. Қазіргі таңда ондай орындардың 14-і маусымдық үлгіде жұмыс істеп келеді.  

Ауданда туристік маршрут дайындалған. Аталған маршрутқа   «Манкент» шипажайы, «Сықым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізіліп отыр. Туристік маршруттардың бойында инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 11  қызмет көрсету нысаны орналасып, қызмет көрсетуде.

Ағымдағы жылы туризм саласын екі бағытта дамыту жоспарланып отыр. Біріншісі - сауықтыру туризмі. Аудан  Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан және  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аудан орталығына жақын болуына  байланысты, ойын - сауықтыру және емдік - сауықтыру туризмі жақсы дамып отыр.  Осы жылы Ақсу ауылдық округіне қарасты «Ақсукент 2 » ауылында  3 қабатты оңалту, сауықтыру орталығын іске қосу жоспарланған. Жобаның құны 500,0 млн.теңгені құрайды.

Екіншісі - мәдени тарихи ескерткіштер. «Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Түркістанда түмен бап, баптардың бабы Арыстан бап, ең үлкені Хален бап» екені баршамызға мәлім.

Осы тұста тілге тиек еткен жөн, 2017 жылы туристік маршрут дайындалып, оған жоғарыда аталған үш нысан енгізілген. Осы бағытқа  Қарамұрт ауыл округінде орналасқан,  Қытай тарихнамасында «садағы мен семсері» қолынан түспеген қахарман қолбасшы болған «Хален бап»  және Көлкент ауылында орналасқан Қазақ ханы Абылайханның бекінісі болған  «Ханқорған төбесін» туристік маршрут тізіміне енгізіп, оларды жан-жақты насихаттау, жарнамалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз хатшысы