Қазақстан • 15 Ақпан, 2019

Астаналық көпбалалы аналардың ұсыныстары Үкіметте қаралады

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте Қазақстандық азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту шараларын күшейту, оның ішінде көпбалалы отбасылардың кірістерін арттыру бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Астаналық көпбалалы аналардың ұсыныстары Үкіметте қаралады

Астана әкімдігінде көпбалалы аналардың қатысуымен өткен отырыстың көрсетілімі ұйымдастырылды. Олар жұмыс тобының ойын тыңдап, отырыс соңында өз ойларын айтты. Көрсетілімді көруге келген аналардың қатарында көпбалалы ана Әсемгүл Ахметова да бар. Ол жалғыз өзі төрт баланы тәрбиелеуде, оның екеуі – ерекше қажеттіліктері бар балалар. Ол балаларымен бірге бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады.

«Аз қамтылған отбасы екендігін растайтын құжаттарды қазіргідей үш ай сайын жинамай жылына бір рет жинау туралы ұсыныс айтылды. Бұл бізге ыңғайлы болушы еді. Бұл ұсыныс қолдау табады деген ойдамын», - дейді Әсемгүл Ахметова.

Оның айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік жеңілдіктер туралы халықтың, соның ішінде аз қамтылған отбасылардың хабардар болуын арттыру қажет,. 

«Көбі аз қамтылған отбасыларға қандай жеңілдіктер бар екендігін білмейді. Аналарға айтқым келеді. Әлеуметтік қызметкерлерден өздеріңізге, балаларға қандай жеңілдік қарастырылғанын білесіздер. Мектептерде әлеуметтік осал санаттағы балаларға тамақтану, жаңа мектеп формасы, жол жүру билеті, киім, аяқ киім және жылына үш рет кеңсе тауарлары ұсынылады. Кей ата-аналар бұл туралы білмейді. Сондықтан мен әлеуметтік педагогтарға осы жеңілдіктер туралы аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға және олардың ата-аналарына айтып, түсіндіріп отырсаңыздар жақсы болар еді дегім келеді» деп атап өтті Әсемгүл Ахметова.

«Біз бүгін Астанадағы көпбалалы аналар атынан Үкіметтегі Жұмыс тобының  отырысына қатыстық. Біздің ұсыныстар айтылды. Енді екі ай ішінде мәселелер қаралып шешімдер қабылданатын болады. Біз Үкімет тарапынан оң шешімдерді күтеміз», – дейді көпбалалы ана Күнсұлу Искакова.

Естеріңізге сала кетейік, 13 және 22 ақпан аралығында аудандық әкімдіктер ашық есік апталығын өткізетін болады. Онда әрбір тұрғын және көпбалалы ана өздерін алаңдатқан сұрақтар бойынша мемлекеттік органдардан кеңес ала алады. 

Бүгінгі таңда төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 10 мыңнан астам отбасы бар. Әкімдік ақпараты бойынша, 5 ақпаннан бастап Астана әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың өкілдері және «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалының өкілдері есеп беру кездесулерін және азаматтарды қабылдаушараларын өткізуде, одан бөлек, жұмыс топтары – 4 штаб және байланыс орталықтары құрылды. Барлығы 982 тұрғын қабылданды.  Олар көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасылар санатына жатады. Олардың 92% - баспана бөлу, 19% – жәрдемақыларды ұлғайту, 9,4% – тегін жол жүру,  3% -   жер учаскелерін беру, 0,7%  – үлескерлер мәселесі, 5,2% – балабақшалардағы орындар бойынша өз өтініштерін түсірді .  

Сонымен қатар, сауалнамалық деректерді өзектендіру және көп балалы отбасылардың қажеттіліктерін анықтау бойынша чат-бот құрылған. Жүйелі мәселелерді шешу бойынша Астана қаласы әкімдігінің ұсыныстары ҚР Үкіметі жанынан құрылған Жұмыс тобына жолданды.