Азамат Мұқанов: Бойымдағы барымды отандық дзюдоның өркендеуіне жұмсаймын

Былтырғы жылдың соңында өткен алқалы жиын барысында боз кілеммен қош айтысқанын ресми түрде мәлімдеген атақты балуан Азамат Мұқанов: «Мен өзімді көк туды көтерген спортшы ретінде бақытты сезінемін. Бізге осындай мүмкіндік берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар, Ұлттық Олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі, республикалық дзюдо федерациясына да үлкен рахмет! Мен әлі де спорттағы карьерамды аяқтадым деп айта алмаймын. Себебі осы күнге дейін жинаған тәжірибемді болашақ чемпиондармен бөлісуді құп көріп отырмын. Осылайша отандық дзюдоның дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқым келеді», – деп көпшіліктің алдында тебірене сөйлеген еді. Ал күні кеше сол саңлақпен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. 

Егемен Қазақстан
15.02.2019 701
2

– Азамат, әркімнің спортқа келу тарихы әрқилы ғой. Біздің білуімізше, сен боз кілемге өзіңнің ауылдасың, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпио­ны, жастар арасындағы әлем бірін­ші­лі­гінің жеңімпазы, басқа да көптеген дүбірлі дода­лар­да дараланған белгілі ба­луан Берік Жетпісбаевқа еліктеп келдің ғой... 

– Иә, оныңыз рас. Мен Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз ауылында туып-өстім. Бұл жерде самбо күресі өте жақсы дамыған. Шағын ғана ауыл­­да Бақыт Қоқысбеков жетек­шілік ететін кішкентай залдан көптеген мықты спортшылар шық­ты. Солардың арасында Берік Жетпіс­баев­тың шоқтығы биік болды. Ол кісімен сырттай таныстығымыз былай басталған еді: Бірде мерзімді басылымдарды парақтап отырсам, ауылдас ағамның суреті көзіме оттай басылды. Оған дейін де Берік ағаның самбо күресі бойынша халықаралық аренада Қазақ елі намысын абыройлы қорғап жүргені жайында көп естігенмін. Суретті көрген бетте газеттегі мақалада не жазылғанын мұқият оқи бастадым. Сөйтсем, Берік Жетпісбаев Жапонияның астанасы – Токиода өткен әлем чемпионатында қола медаль олжалаған екен. Оның алдында ғана жастар арасында әлем чемпионы атаныпты. Ол кезде мен төртінші сыныпта оқитын ойын баласымын. Сол мезетте бойымда асқақ арман пайда болды. «Берік аға секілді белді балуан болсам» деген ой санамды жаулады. Қайтсем де сол кісімен жолығып, осындай ірі жеңістерге қалай жетуге болатынын сұрағым келді. Араға біраз уақыт салып, ол арманым орындалды. Бекеңнің қарындасы Ардақ және менің әпкем Әсем бір сыныпта оқитын. Әпкеме қолқа салып едім, әлем чемпионының үйіне ертіп апарды. Жетпісбаевтар шаңырағының табалдырығын аттаған сәтте аң-таң болдым. Үйдің керегесі медальдар мен кубок­­тарға толы. Бірінде – қазақ­ша, бірінде – орысша, бірінде – шет тілінде жазылған диплом­дардан көз сүрінеді. Соның барлығын асықпай қарап шықтым. Алған әсерім керемет болды. Үйге қайтып келе жатып әпкеме: «Берік аға қандай бақытты! Ол кісінің арманы жоқ шығар?!» деп айтқаным есімде. Міне, осы жағдай менің спорттың соқпағына түсуіме септігін тизігізді. 

– Алғашқы жаттығу, алғаш­қы жарыс, алғашқы жеңіс... бәрі-бәрі күні кешегідей есіңде шығар? 

– Әрине, бәрі есімде. Қоянкөзде Еркін Қожахметов, Мейіржан Қашағанов және Ермек Досалбаев сынды жат­тықтырушылардан тәлім-тәрбие алған­нан кейін аудандық және облыстық жарыстарда оза шаптым. Ал менің спорттағы өрлеу кезеңім 2005 жылы басталды. Сол жылы жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып, Азия біріншілігіне қатысу құқығына ие болдым. Ташкентте өткен жарыста күміс медальды мойныма ілдім. Финалда тәжік балуанынан ұтылдым. Арада бірер ай өткеннен кейін Грекияның Салоники қаласында әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Жақсы даярлықпен аттанып, ақтық сынға дейін алқынбай жеттім. Шешуші тұста дәл сол тәжік балуанымен қайта жолым қиысты. Сол бәсекеде Ташкентте кеткен есені толығымен қайтардым. Бәсекенің басынан аяғына дейін оны әбден «мыжғылап», 8:0 есебімен айқын жеңіске қол жеткіздім. 

– Ересектер дуына қосыл­ған­нан кейін қатарынан үш рет әлем чемпио­на­тының қола жүлдегері атандың. Ал алтын үшін таласуға не кедергі болды деп ойлайсың? 

– 2007 жылы Прага және 2008 жылы Санкт-Петербургтегі жарыстың жартылай финалында ресейлік Илья Хлыбовтан ұтылдым. Чехияның астанасында өткен додада төрешілер бұра тартып, көпе-көрінеу түрде қиянат жасады. Нева жаға­ла­уына сырқаттанып барғандықтан, құлашымды кеңінен жая алмадым. Өзім қателік жіберіп, соның зардабын тарттым. 2009 жылы Салоникиде жартылай финалда болгариялық Борис Борисовпен жолым қиысты. Екеуміз арпалысып жатқанда менің жеке бапкерім эмоцияға ерік беріп, төрешіні балағаттап жіберді. Онсыз да ұрынарға қара таппай тұрған қазының үкімі қатал болды. Ол сол мезетте-ақ менің ұпайымды кемітіп тастады. Соның салдарынан жеңіс қарсыласымның уысында кетті. Десек те мен алған бетімнен қайтпадым. 2010 жылы Ташкентте көздеген мақсатыма қол жеткізіп, әлем чемпионы атандым. Ал 2012 жылы Минскіде дүниежүзілік доданың төртінші қоласын қоржынға салғаннан кейін самбомен қош айтысып, дзюдо күресіне ауыс­тым. 

– Әлемнің бес дүркін чемпионы деген дардай атағы бар даңқты Илья Хлыбовтан екі мәрте ұтылғаның жа­­йын­да өзің жоғарыда айттың. Сол бал­уан­ға әбден есең кеткен екен...

– Иә, төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста ол балуаннан екі рет ұтылғаным жаныма батты. Алайда оны бір мәрте ойсырата ұтқаным да бар. 2007 жылы Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путиннің жүлдесі үшін өткен жарыста Ильядан 8:4 есебімен басым түскен едім. Соңғы әдісімнің сәтті шыққаны соншалық, Ресей спортшысын дәрігерлер боз кілемнен зембілмен алып кеткен еді. Сонда даңқы алыс­қа тараған жерлестерінің шара­сыз­дығына күйінген жергі­лік­ті жанкүйерлердің жер тепкі­ле­гені де күні кешегідей көз алдымда. 

– Дзюдо күресінде 66 кило салмақ дәрежесі бойынша мықты бәсеке­лес­тік­тің белең алғаны баршаға мәлім. Сол саңлақтармен тіресуден еш қай­мық­­падың ба? 

– Осы жолды таңдаған бетте мен алдыма қойған мақсат­ты толықтай айқын­дап ал­дым. Самбода болсын, дзюдо­да болсын, ірі жеңістерді ұзақ уақыт күткім келмеді. Әу бас­­тан «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген тактиканы таңда­дым. Сол бағытпен жүріп, өзім­нің мықтылығымды бірден мойын­датуға тырыстым. Иә, бұл сал­мақ­­та бәсекелестіктің мықты екенін жақсы білдім. Сергей Лим, Жансай Смағұлов, Елдос Жұмаханов, Наурызбек Майлашев, Мейіржан Қалтаев... қай-қайсысын алсаңыздар да нағыз «сен тұр, мен атайындар». Бірақ Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрінде атой салуды армандағандықтан, еш тайсалмастан ұлы дүрмекке түстім де кеттім. 2012 жылғы ел біріншілігінде қола медальды иелендім. Бұл табысым 2013 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатына қатысуға жол ашты. Тай елі сапарынан қола жүлдемен оралдым. Сол жылы Рио-де-Жанейрода жалауы желбірген әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болдым. 

– Бразилиядағы байрақты бәсеке барша жанкүйердің жадында. Сен қазақ дзюдошылары арасынан алғаш­қы болып ақтық айқаста белдестің емес пе? 

– Маған дейін қандас­та­ры­мыз­дың арасынан әлем чемпионатында жүлде алған екі дзюдошы ғана болды. Олар – Асхат Житкеев пен Асхат Шахаров. Екеуі де 2001 жылы Мюнхенде өткен жарысты қола медальмен қорытындылады. Мен финалға дейін жеттім. Шыны керек, сол кезде Азамат Мұқанов дәл осындай нәтиже көрсетеді деп ешкім ойлаған жоқ еді. Себебі менің дзюдоға мықтап ден қойғаныма небәрі бір жыл ғана уақыт болған. Оның үстіне, тұсаукесер кездесуде Еуропа чемпионы, сол жарыстың үш дүркін қола жүлдегері, командалық сайыста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік Әлім Гада­нов­пен ай­қа­суға тура келді. Мен оны «ауырту» әдісімен айқын ұттым. Екінші кезеңде сингапурлық Жоэль Ценгтің сілік­пе­сін шығарсам, үшінші айналымда ұлы­бри­таниялық Коллин Оттистің осал тұсын табу үшін 19 секунд жеткілікті болды. Одан кейін жапониялық Масааки Фукуокамен белдестім. Дәл осы спортшы мені Азия чемпионатының алтынынан айырған еді. Бұл жолы жапонды жауырынымен жерге қададым. Жартылай финалда Георгий Зантараямен айқастым. Ол кезде Украина балуанының әлем және Еуропа чемпионы, әлем және құрлық чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері деген атақтары болды. Оны «вазари» әдісімен ұттым. Финалда Жапонияның бас жұлдызы Масаши Ебунимаға есе жіберіп, күміс медальды олжаладым. 

– Финалдық бәсеке барысында ұз­ақ уақыт бойы таразы басы тең тұр­­ға­нымен, қарсы­ласыңның бір ес­кер­туі болды. Яғни, басымдық се­н­ің жағыңда еді. Алайда кездесудің аяқталуына бір минут­тай уақыт қал­ған­да Ебу­ни­ма сені алып ұрды. Сол сәтте босаңсыдың ба, әлде өзіңе тым сенімді болдың ба? 

– 2011 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазына қарсы бәсекеге мен «бес қаруымды асынып» шықтым. Оның еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермедім. Тіптен айқын жеңіске де қол жеткізуіме де болар еді. Бәсеке барысында мен «ауыр­ту» әдісін жасамақ болып, оны жерге жығып алдым да, қолын оңдырмай қайырдым. Әдетте ондай қауіпті жағдай­дан құтылу өте қиын. Бірақ жапон жігіті жанкешті екен. Жаны көзіне көрінсе де, соңына дейін шыдап бақты. Екеуміз қайта тік тұрып күрестік. Сол кездері ол қолының сіңірі созылғандай сыңай танытты. Өңі бұзылып, жыларман болды. Ашық айқастан қашқақтап жүрді. Мен «жапонның саудасы бітті-ау» деп ойладым. Бір мезетте жанұшыра жылдамдықпен ұмтылған әккі балуан көз ілеспес қимылмен әдіс жасады. Мен қорғанып үлгермедім. Ол таза жеңіске қол жеткізді. Сол кезде ғана Ебуниманың мені алдап соққанын түсіндім. 

– Қолда тұрған алтыннан айы­рыл­­­ғанда өкініштен өзегің өртенген шы­ғар? 

– Өткен іске өкінгеннен не пайда?! Барлық кінә өзімнен. Дзюдо күресіндегі тәжірибемнің аздығынан опық жедім. Бірақ күмісті де азсынып тұрған жоқ­пын. Жалпы, мен өмірде барды қанағат тұтатын адаммын. Дана халық «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дейді ғой. Сол аталы сөзге мен де сенемін. 

– Әлем чемпиона­тындағы табы­­сың­ның кездей­соқ емес­ті­гіне 2014 жылы Инчхон­да алауы тұтан­ған Азия ойындарында көпшіліктің көзін жет­кіз­дің ғой... 

– Дзюдода кездейсоқтық болмайды. Күрестің бұл түрінде әрбір әдіс-тәсіл қас-қағым сәтте, көз ілеспес жылдамдықпен жасалады. Әлемдік деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген балуандар елішілік жарыстарда жер құшып жатса да, еш таңдануға болмайды. Сондықтан да әрбір жарысқа асқан жауапкершілікпен даярланып, орта қол қарсыластардың өзімен барыңды салып айқасуға тиіссің. Мен осыны үнемі қаперімде ұстадым. Соның нәтижесінде маған Инчхондағы Азия ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. 

– Әлем чемпионаты, Азия ойындары және құрлық чемпионатында жүлде алған балуан­ның Олимпиадаға жолы түспеді дегенге сену қиын. Өзің де төрт жылда бір өтетін ғаламдық до­да­­ға қатыса алмағаныңа өкі­не­тін шығарсың?

– Кейде ойлаймын самбода көп жүріп қалдым-ау деп. Оған себеп – бірер жыл алтын тұғырға көтеріле алмауым. Үш рет жүлде алғаннан кейін әлем чемпионы атануды армандадым. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін көп тер төктім. Жоспарым жүзеге асқаннан кейін дзюдоға бейімделе бастадым. Күрестің бұл түріне мен 25 жасымда мықтап ден қойдым. Кейін ұқтым, біраз уақытымды текке жоғалтқанымды. Бәлкім, сәл ертерек келгенде, бұдан да биік белестерді бағындыруыма болар еді. 2016 жылы Рио Олимпиадасына баруға барынша күш салдым. Алайда Алматыда өткен Гран-при додасында өзімнің командалық әріптесім Жансай Смағұловтан ұтылып, ең соңғы сынақта жолдамадан қағылдым. Осылайша Олимпия ойындарына бара алмадым. 

– 2020 жылы Токиода алауы тұта­на­тын Олимпия ойын­да­рына баруға талпынып көруіңе бола­тын еді ғой. Алайда был­тыр­ғы жыл­дың аяғында сен ойда-жоқта үлкен спорт­пен қош айтысатыныңды мәлім­де­дің...

– Азия ойындарынан оралған бетте «мойын жарығы» дертіне шалдықтым. Дәрігерлер бір жылдай дұрыстап емделу қажеттігін айтты. Бірақ мен боз кілемге шыққанша асықтым. Оның үстіне 2015 жылы Астанада әлем чемпионаты өткелі жатты. Өз елімде, өз жерімде өрелі өнеріммен өз жанкүйерлерімді қуантқым келді. Содан ағаларымның ақылына құлақ аспай, жаттығуды тым ерте бастап кеттім. Оның зардабын кейін тарттым. Әлем чемпионатында да жолым болмады. Бірінші айналымда қолым абайсызда қарсыласымның аяғына тиіп кетті. Сол үшін татамиден қуылдым. 2016 жылы бабыма қайта келгендей болдым. Бакуде өткен Гран-при додасында күміс медальды мойныма ілдім. Сол жарыста Олимпиада чемпионы, италиялық Фабио Базилен мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, грузиялық Важа Маргвелашвилиді ұттым. Әбу-Дабидегі Гранд-Слам турнирінде дәл сондай нәтиже көрсеттім. Бірақ Рио Олимпиадасының соңғы іріктеуінде сүрінгеннен кейін көңілім қатты құлазыды. Оның үстіне, ескі жарақатым асқынды. Салмақ қуған са­йын бойымдағы күш-қуатым кемігені анық сезіле бастады. Содан 2017 жылы Қазақстан чемпионатында бас жүлдені олжалағаннан кейін үлкен спорттан қол үзуге бекіндім. 

– Азамат, балуандық өнер­де­гі ұс­таз­­да­­рың да мықты болған секілді ғой. Осы орайда сені осындай дәрежеге жеткіз­ген бапкерлерің жайында да бір-екі ауыз сөз айта кетсең... 

– Адам баласы қанша жерден дарынды, алымды, қарымды болса да, жалғыз өзі көздеген мақсатына қол жеткізе алмайды. Сені қолдайтын, саған тәлім-тәрбие беріп, бағыт сілтейтін жана­шыр ағаларыңның жаның­нан табылса, үлкен мұратқа жету жолы жеңілдей түседі. Мені осы биікке жетелеген Берік Жетпісбаев, Мүсілім Оңдаған­ұлы, Керей Қойшыбек, Асан Адамбаев, Ермек Иманбаев, Сергей Раков сынды ұстаздарыма дән риза­мын. Сондай-ақ күрестің қыр-сырын үйреткен ауылдағы бапкерлеріме де айтар алғысым шексіз. 

– Биылғы жылдың басында Қазақ­стан­ның жастар құра­ма­сының аға жат­тық­тыру­шы­сы болып та­ғайын­­­далғаның жа­­йын­да да құлағ­дар­мыз. Қызметің құтты болсын! 

– Көп рахмет! Сөз орайы келгенде маған осындай зор сенім артқан Қазақстан Республикасы Дзюдо феде­ра­ция­­сының прези­денті Қайрат Қожам­жа­ровқа зор алғысымды білдіргім келеді. Ал өз кезегімде мен балуандық өнерде жиған мол тәжі­ри­бемді отандық дзюдоның өркен­де­уіне, Қазақстанның спорттық даң­қын арттыруға бар күш-жігерімді жұмсаймын! 

– Сен самбошы ретінде де, дзюдошы ретінде де көз арбаған биік белес­тер­ді бағындырып, өзіңнің мықты­лығыңды түбе­гей­лі мойын­дат­тың. Міне, енді бапкерліктің қамытын киіп отыр­сың. Яғни, бозбала шағыңнан бері спорттың қай­наған ортасында жүр­сің. Көргенің де, білгенің де, көңіл­ге түй­генің де көп. Ал енді осы салада сені қандай мәселелер қын­жыл­тады? Осыған тоқталсақ...

–  Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін мықты балуандардың дені басқа салаға кетіп жатыр. Бірі – кеденде, бірі – бизнес­те, енді бірі нәпақасын табу үшін базар жағалауда. Өмірдегі өз жолын таба алмай жүрген жігіттер қаншама. Солардың осы салада жиған тәжірибесін неге молынан пайдаланбасқа? Боз кілемде аянбай тер төгіп, дүбірлі додаларда ел намысын абыройлы қорғаған белді балуандардың жастарға берері көп. Оған менің еш күмәнім жоқ. Бір ғана мысал, кезіндегі мықты дзюдошы, Лондон Олимпиадасына қатысушы, құрлықтық және халықаралық деңгейдегі додаларда сан мәрте дараланған Еркебұлан Қосаев қазіргі кезде Семейдегі спорт мектеп-интернатында еңбек етуде. Жалақысы – 70 мың теңге. Біздің пы­сық­тар сол интернатқа Моңғолиядан жаттықтырушы әкелді. Ол жігітті мен жақсы білемін. Көптеген жарыстарда бірге болдық. Бірақ мен сол моңғолдың бірде-бір жарыста жүлде алуы былай тұрсын, жарытып күрескенін де көрген жоқпын. Сонда ол біздің жігіттерге не үйретеді? Соған қарамастан, сол легионер жаттықтырушы 1 миллион теңге шамасында еңбекақы алады. Ондай мысалдар жетерлік. Міне, осындай келеңсіздіктерге күйінесің. Менің түсінігімше, қазақтың нанын қазақ жеу керек! Бізде бапкерлік кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін білімі де, біліктілігі де жететін спортшылар жетерлік. Соларды өз қатарымызға көптеп тартуымыз қажет. 

– Әңгімеңе рахмет. 

Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

26.03.2019

Қостанайдың аудандары мен қалаларында елорданың жаңа атына орай акция өтті

26.03.2019

Қостанай облысында полицейлер азаматтық алып берді

26.03.2019

Сенат Төрағасы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Төрағасымен телефон арқылы сөйлесті

26.03.2019

Мамандар Қаламқастағы апат зардабын өрт ауыздықталған соң анықтамақ

26.03.2019

«Қаламқас» кен орнындағы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды

26.03.2019

Сыртқы істер министрінің орынбасары тағайындалды

26.03.2019

Мен кешегі шалдарды түгел көрдім

26.03.2019

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды

26.03.2019

Сенат комитетінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралызаң жобалары қаралды

26.03.2019

Ақтамберді жыраудың басына кесене орнатыла ма?

26.03.2019

Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Петр Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті

26.03.2019

Ержан Жылқыбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды

26.03.2019

Алмат Мадалиев Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды

26.03.2019

#NurOtanTrends пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті

26.03.2019

Францияның Бас Консулдығы «Франция мәдениеті» байқауын ұйымдастырды

26.03.2019

Алматыда алғашқы «Қыз Жібек аруы» байқауы өтті

26.03.2019

Академик Асқар Жұмаділдаев жасырған есебін шығарған СДУ студентіне 100 доллар сыйақы берді

26.03.2019

Байқау жеңімпаздары оңтүстікті аралайды

26.03.2019

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Алматы қаласына барды

26.03.2019

Нұр-Сұлтан – Токио бағытында рейс ашылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу