Көрмеге қойылған шеберлік жұмыстарынан Құран Кәрім аяттары, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен сабыр, ұят, иман туралы хадистері мен шығыс ғұламаларының мазмұнға бай рубаяттары көрініс тапқан. Атап айтқанда, Мехмед Өзчай (Түркия), Мухаммед Хакки (Түркия), Мухаммад Аи Захид (Пәкістан), Махфуз Заннун әл-Убайди (Ирак), Сабер Сафаи (Иран), Абдессамад Михфад (Марокко) сынды ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығының (IRICACA) калллиграфия бойынша әр жылдарда өткен халықаралық дәстүрлі байқауы жүлдегерлерінің айшықты еңбектерін көре аласыз.
Салтанатты жиында сөз алған ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығының (IRICACA) бас директоры, доктор Халит Эрен ислам мәдениетін биікке шығару жолында түрік халықтарының да өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтады.
– Ислам ынтымақтастығы ұйымы ашылғалы бері 56 мемлекеттің мәдени орталығы ретінде Ыстанбұлда жұмыс істеп келеді. Қазақстан да 1991 жылдан бері осы ұйымның мүшесі. Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығы (IRICACA) жылдағы дәстүрге сай биыл каллиграфтардың 11-ші жарысын ұйымдастырмақ. Одан бөлек алматылық ғалымдармен бірлесіп, «Каспий-Арал маңайындағы мәдени мұра» атты жобаларды бастау жоспарда бар, – деген доктор Халит Эрен орталықта сақтаулы қолжазбалар жинағын Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табыстады.
Ислам көркем жазуының танымал хаттасы (каллиграф) түркиялық Хасан Челеби Мекке мене Мединедегі мешіттерді әрлеуімен даңқы шыққан тұлға. Ислам архитектурасының ең бір ғажайып туындысы саналатын Мединедегі үлкен мешітті безендіруге ол аттай 3 жылын арнаған. Оның эстетикалық көркемдік формасымен дараланатын бірегей композициясының ұзындығы 1400 метрге, яғни бір жарым шақырымға пара-пар болып шыққан. 3 мыңнан астам оқушы тәрбиелеген Хасан Челеби сынды айтулы ұстаздың шәкірті, қазақстандық араб каллиграфиясының маманы Асылбек Орынбасаров та бүгінгі көрмеге арнайы шақырылған қонақтардың бірі.
– 2006 жылы Каир қаласындағы Халил аға каллиграфия институтына оқуға түстім. Қазақстанның облыс орталықтарындағы көптеген мешіттердің әрлеу жұмыстарына қатысып, өз қолтаңбамды қалдырдым. Әр каллиграфтың өз қолтаңбасы, әдіс-тәсілі болады, – дейді ол. Бүгінде Асылбектің жұмыстары Қазақстан ғана емес, Швейцария, Ұлыбритания, Араб әмірліктеріндегі жекелеген коллекцияларда сақтаулы. Бүгінге дейін Астана, Алматы, Мәскеу қалаларында жеке шығармашылық көрмесін өткізген Асылбек 18 жылдан бері каллиграфия саласында табанды еңбек етіп келеді.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»