Әлем • 18 Ақпан, 2019

Эверестің Тибет аумағындағы бөлігі туристерге жабық

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай Эверестің солтүстік бөлігіндегі лагерді туристерге жабық деп жариялады. Бірақ рұқсат қағаз алған альпинистер бұрынғыдай лагерде бола алады. Бұл туралы BBC News ақпараттық агенттігі жазды.

Эверестің Тибет аумағындағы бөлігі туристерге жабық

Тибет территориясындағы лагер теңіз деңгейінен 5150 метр биіктікте орналасқан. Қытай билігі лагер аумағында қоқыстың көп болып кетуіне байланысты осындай шешімге келген. Биліктің шешіміне сәйкес туристер теңіз деңгейінен 4980 метр биіктікте орналасқан Ронгбук монастырына дейін ғана көтеріле алады. Эвересті көруге құштар көп туристер Непал аумағында орналасқан оңтүстік лагерге қарай ағылуда. Алайда, соңғы жылдары Эверестке солтүстік жағынан келіп көргісі келетін адамдардың саны айтарлықтай өскен.

Қытай аумағында орналасқан солтүстік лагерге көлік арқылы жетуге болады. Ал оңтүстік лагерге тек жаяу-жалпылап жету 2 апта уақыт алады.  Эвересте қоқыстың көптігі бүгін ғана туған мәселе емес. Әсіресе, туристердің саны артқан сайын жағдай одан әрі ушығуда. 2014 жылы Непалдың туризм және азаматтық авиация  министрлігі бекіткен заңнамаға сәйкес шыңға көтерілген әр альпинист тау етегіне түскенде өзі тастаған қоқысты өзі жинауға тиіс болатын. Қытай альпинизм ассоциациясының мәліметі бойынша, 2015 жылы солтүстік лагерге 40 мыңға жуық адам келген. Ал 2016-2017 жылы оңтүстік лагерге 45 мың адам келіп рекордтық көрсеткішке жетті.

Қытай Синьхуа ақпараттық агенттігінің мәліметінше, енді Ронгбук монастырынан жоғары көтерілуге тыйым салынады. Монастыр лагерден 170 метр төмен орналасқан. Қаңтар айында Қытай билігі Эверестке шығушылардың санын жылына 300 адамға дейін қысқартатынын айтты.  2018 жылы Эверест шыңына 800 адам шықса, оның 563-і Непал жақтан, 240-ы Қытай аумағынан көтерілген.

Өткен көктемде Эверестен тоғыз тоннаға жуық қоқыс шығарылған:  5,2 тонна тұрмыстық қалдықтар, 2,3 тонна адам нәжісі, сондай-ақ 1 тонна жоғалған альпинистік жабдықтар.

Биыл билік оттегі концентрациясы жеткіліксіз болатын теңіз деңгейінен 8000 метрден биіктікте қаза тапқан альпинистердің денесін төменге жеткізуді жоспарлап отыр.  Алайда, өкпек жел, төмен температураға байланысты қаза болғандарды табу қиындық тудырады. Олардың денелері бірнеше, тіпті ондаған жылдар бойы «Өлім аймағына» қалып қоюы мүмкін.

Салтанат ШЫНӘДІЛ