Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Атақты дизайнер қиын жағдайға тап болған әйелдерге 50 киім үлгісін сыйлайды

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

8 наурыз қарсаңында Sa Belle сән үйінің негізін қалаушы Белла Сәт-Мырза көмекке мұқтаж жандарға мереке сыйлауды ұйғарды деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

 

Атақты дизайнер қиын жағдайға тап болған әйелдерге 50 киім үлгісін сыйлайды

Белла Сәт-Мырза қиын жағдайға тап болған әйелдерге, соның ішінде көп балалы аналарға, жалғыз басты аналарға, ауыр дертке шалдыққан әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға өзінің сән үйінің топтамасынан 50 көйлекті сыйлауды жөн көрді.

«Бұл акцияның мақсаты – күнін тек жәрдемақымен көріп отырған әйелдерді, балаларымен бірге кішкентай бөлмелерді жалдап тұратын әйелдерді, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әйелдерді немесе өз өмірін ұзарту үшін тапқан қаражатын дәрі-дәрмекке жұмсайтын әйелдерді қолдау. 8 наурыз мерекесі қарсаңында менің оларға көңіл-күй, қуаныш сыйлағым келеді. Мен олигарх болмасам да, өзімнің қол ұшымды бергім келеді», – дейді Белла Сәт-Мырза. Өзінің қайырымдылық бастамасы туралы дизайнер әлеуметтік желі арқылы хабарлаған. Науқан туралы ақпарат тұрғындар арасында қас қағым сәтте таралып кетті. Акция жарияланғаннан бір күн өткен соң, оған 25 өмірлік жағдай туралы ақпарат түссе, қазір өтінімдердің саны жүзден асып жығылады.

«Маған Павлодар, Орал, Шымкент, Қызылорда қалаларының тұрғындары хабарласып жатыр. Мен үміткерлерді мұқият таңдаймын. Олардың берген ақпаратының растығын тексеремін, олардан құжаттарын көрсетуді талап етемін», – дейді дизайнер. Сәт-Мырза әйелдерге мерекелік шараға да, күнделікті киім ретінде де киюге келетін көйлектерді сыйлайтынын айтты. Дизайнер сыйлығын өзі табыс етпек ниетте: «Мереке қарсаңында барлық нәзік жандыларды бір жерде жинап, оларды құттықтағым келеді, гүл шоқтарын сыйлағым келеді. Шынымды айтсам, аталмыш науқанды жарнамалауды қаламадым. Маған пиардың еш қажеті  жоқ. Алайда жалғыздың үні шықпас демекші, менің бастамамды дәмхана, гүл дүкендерінің иелері, визажистер, басқа да азаматтар қолдаса екен деймін»,– деді ол.

Дизайнер Белла Сәт-Мырза 2015 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киімдерді тігумен айналысады.