Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

«Смарт-Астана» қосымшасының жаңа сервистеріне қатысты мәселелер талқыланды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Смарт-Астана» қосымшасының жаңа сервистеріне қатысты мәселелер талқыланды

Бірінші көтерілген мәселе көшені жарықтандыруға қатысты болды. Жыл басынан IKomek орталығына көшедегі жарықтың жоқтығына байланысты 121 шағым түсті, оның 88-не – қаржы бөлінген бойда тиісті жұмыс жүргізіледі – деп жауап берілген.

«Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда көше шамдарының жай-күйі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Тек көлік басқармасының қызметкерлері аралаған нысандардағы 12 365 шамның 1 976-ы жанбайды. «Есіл» ауданы әкіміне айтылған олқылықтарды тез арада жоюды тапсырамын», – деді Б. Сұлтанов.

Екінші кезекте қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың «Смарт Астана» қосымшасындағы жаңа сервистер туралы баяндамасы тыңдалды.

«Өткен аптада «Смарт Астана» қосымшасына онлайн режимде салықтар бойынша борыштарды тексеруге мүмкіндік беретін Қаржы министрлігінің Ореn api сервисі енгізілді. Оның көмегімен, сондай-ақ, салық бойынша берешекті осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін төлеуге болады. Тағы да бір сервис елордалық мектептердегі және комьюнити-орталықтардағы секциялар мен үйірмелерге жазылуға мүмкіндік береді. Сервисте қаладағы секциялар мен үйірмелердің толық тізімі мен олардың жұмыс істеу кестесі ұсынылған», – деді М. Бектұрова.

Сонымен қатар, өткен аптада көмекке аса мұқтаж отбасылардың бірыңғай деректер базасы, Тelegram мессенджерінде көпбалалы аналарға арналған чат-бот құрылды. «Мұнда олар арнайы сауалнаманы толтырады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары туралы, жұмысқа орналасу мәселелері туралы немесе қысқа мерзімді курстар туралы толық ақпаратты ала алады. Аталмыш база бізге көпбалалы отбасылардың жағдайы туралы толық ақпаратты білуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде сауалнаманы шамамен 1000 адам толтырған», – деді ол. Қала бюджетінің орындалуы және мемлекеттік сатып алу жоспары туралы әкімнің орынбасары Асқар Амрин баяндама жасады. Елордадағы криминогендік жағдай және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Қожаев айтып берді.