Әдебиет • 20 Ақпан, 2019

Сәкен-рух

1482 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сәкен Сейфуллин. Соқтықпалы, соқпақты тар жол тайғақ кешулі ғұмыр кешіп Алаштың аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз. Сәкен десе көз алдыңа жұртымның сыры мен жыры, әні мен сәні, жаны мен ары келеді. Ол – әсемдіктің, тазалықтың символындай есім. Біз білетін, біздің буынның санасына адамзаттың аққуы секілді орныққан менің Сәкен ағам. Өмірімен де, өлеңімен де ол осындай абыройға лайық тұлға. Алыстаған сайын биіктейтін тау­лар сияқты қазақ қауымының көңіл көлінде Сейфолланың Сәкені жарқырай беруге тиіс жалқы құбылыс, біртуар ер.

Сәкен-рух

Кейде оңынан, кейде солынан соққан замана желі біздің халықты тәуекелдің желқайығына қанша рет мінгізді екен. Сондай бір мың өліп, мың тірілген сын сағатта халқының сөз бастаған шешені, топ бастаған көсемі Сәкен еді.

Күндердің керуені ұзап, айлар алыс­тап, жылдар жылжып жатыр. Сынап­тай сырғыған уақыттың өз айтары бар. Қоғам өзгерді, заман өзгерді, адам өзгерді. «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» – деп бұрынғылар бекер айтты дейсіз бе? Осы тұста өткенге зерделі тұжырым, әділ баға беру де халықтың арына сын. Арзан ой, үстірт пікір жаңсақ ұғымға жетелейді. Қанша заман өзгерсе де Сәкен секілді күрделі тұлғаға біржақты кесім де, шешім де айтуға болмай­ды. Үлкен ақын, дарынды әнші-композитор, талантты қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі, арлы азамат. Сәкен – халқының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен боздақ. Ол бүгін де, ертең де солай болады. Сәкен – ең алдымен халқының ұлы, уақыттың перзенті.

«Бар жазам күшті­лермен 

алыс­қаным,

Жыртқаным сорлы жұрттың 

намыстарын.

Теңдікке нашар жұртты жеткізуге

Көп жауыз ұлықтармен

қарысқаным» 

– дейді Сәкен бір өлеңінде. Осы жолдарда оның сезім дірілі, жан сыры, жүрек лүпілі бар.

Сәкеннің атағы – мәңгілік атақ. Небәрі 43 жас қана өмір сүріп, оның өзін талас-тартыста, халқының бақыты үшін толассыз күресте өткізген Сәкен аға, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, халқының жүрегіне берік ұялаған. Сол сегіз қырлы, бір сырлы сұлу Сәкен, дауылпаз Сәкен, еліне сіңірген еңбегімен де, қайталанбас дара тұлғасымен де, тіршіліктегі үлгі-өнегесімен де, артына қалдырған мол мұрасымен де, екпіндей жарқырап жиырма бірінші ғасырға енді. Ол Сәкен даңқы ғасырдан ғасырға жетті деген сөз.

Сәкеннің аты, әні, сәні ел аузында, қайраткерлігі халық жүрегінде. Тарихта, қазақ өмірінің жылнамасында мұн­дай өміршең тұлға санаулы-ақ қана. Ол артына, халқына асыл мұра қалдырып, кетті. «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асылы, адам да, нәрсе де тозады, жоға­­лады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Сәкен мақсатына тулаған толқын­дар­мен алыса отырып жетті» – деп толғаныпты Сәкеннің тұстасы, аса ірі жазушы Ғабиден Мұстафин. Дәлелді де, әдемі айтқан.

Сәкен көкірегі ояу қазақ баласы үшін қасиетті ұғымға айналғалы қашан? Биыл «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің» (К.Салықов) туғанына 125 жыл. Әлгінде айтқандай, тағдыры бір, танымы ортақ, тұғыры биік тұл­ға­­лар жұрттың санасына Сәкен, Ілияс, Бейімбет, яки Үш Арыс болып орнық­қан. Ол ешбір ресми бұйрықсыз-ақ, қазақ дейтін киелі жұрттың арының айды­нына, көңілінің көліне қонған қастерлі құрметтің белгісі.

«... Жас күніңнен жайсаң тай,

Ұлы дуда жарыстың.

«Тар жолдарда» тайсалмай

Жау қолында алыстың.

Жауға туды тулатты,

«Асығып тез аттандың».

Жұртың жауды қиратып,

Майдан сайын мақтандың.

Алуан әсем күйменен,

Әндеттің «Сыр сандығын».

Тәтті ой, өткір тілменен

Кең даланы жарды үнің.

Қызыл желдей гулеткен,

Сөзді сенің қаламың.

Ұлы ұранға күй шерткен,

«Домбырасы» даланың.

... Жырламасқа теңіздей,

Қуаныштың шегі жоқ.

Ардақталған өзіңдей,

Қазақта ақын тегі жоқ» − деп ағынан ақтарылады «Тұлпарға» деген өлеңінде қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіров. Ағынды Ақсудай ағы­лып төгілген ақынның осы өлең жол­дарынан-ақ Сәкеннің шын қадіріне жет­кен жанның оған деген ыстық ықы­ла­сын аңғарасың.

Енді Бейімбет Майлиннің пікіріне ден қояйық:

«...Көркем сөз шебері, сенің ең­бе­гің­­­мен жақын танысқаным 17-жыл­­дың басы еді. Әлі есімде, түнгі ауыл­дың тұншыққан сарынын суретте­ген бір шығармаң сол жылы «Абай» журна­лы­ның ең ақтық бетіне басылып еді. «Абай» журналының сол санында басқа қандай шығарманың басылғаны ешкім­нің есінде жоқ шығар, бірақ сенікі ұмытылмастық.

Сенің шығармаң миллиондаған қазақ еңбекшілеріне арналған еді, ең­бек­­шілер жұртшылығы сен сияқты проле­тариат жазушысын – өз жазушысын тани алды. Сенің шығармаң миллионның қазынасы болды. Саған еліктеп мыңдаған жастар шықты».

 «Сәкен ақындығының зор қасиеті – шыншылдығы» – дейді ұлы Мұхтар Әуезов. «Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас білімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, әңгімесін, поэмасын алсақ – барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі әрқашан барынша шын сезімнің толқыны боп білінеді». («Қазақ әдебиеті», 1936, 12 шілде).

Сәкен Сейфуллин барлық жанрда қалам тербеді.

Ол – қазақ әдебиетіндегі «Тар жол, тайғақ кешу» секілді дүбірге толы дүние­­нің дүрмекті оқиғаларынан құ­рал­­ған кең құлашты романның, «Көкшетау» секілді көркем де шоқтық­ты поэманың авторы болуының өзі Сәкен есімін ғасыр­лардан ғасырларға арқалап апар­ар еді. Сәкен есімі ұғымға ғана емес, қазақ дейтін қастерлі жұрт­тың жиын­тық бейнесіне айналып кеткендей. Сәкеннің достарының бірі, орыстың белгілі қаламгері Галина Серебрякова: «... Қазақстанда барлығы да шетсіз-шек­сіз, ұлан-ғайыр, құнарлы жері де, мыңғырған малы да, таусылмас қазынасы мен арқырап аққан өзендері де, ең бастысы – табиғат дарынды аямай берген адамдары да – ғажайып.

Мен Сәкен Сейфуллинді осы Қазақ­станның кішкене бір бөлігі деп ұқ­тым. Және өз халқы мен еліне жан-тәнімен берілген үлкен азамат екенін білдім»  деп тебіренеді.

 Қазақстанның кішкене бір бөлігі... Қандай тамаша теңеу еді? Сәкенмен таныс-білістігінің өзіне кейін сор болып жабысарын Галина сұлу білді ме екен? Қайран, заман-ай, десейші.

Сәкен – қай жағынан алып қарасаң да болмысы бөлек, жаратылысы жал­қы біртуар тұлға. 1914 жылғы Қазан қа­­ла­сында «Өткен күндер» атты алғаш­­қы жыр жинағы жарық көр­ген­­нен бас­тап оның ғұмыры, қай­рат­­кер­лік жо­лы, шығармашылық асу­ла­ры бәрі-бәрі жұрты­ның көз алдында өтті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рі­ліс тұсында ол бұқара ха­лық жағын­да болды. Сәкеннің қай­рат­кер тұл­ға ре­тінде қалыптаса бастауы 1917 жылғы Қа­зан төңкерісімен тұспа-тұс келеді. Ке­ңес өкіметін орнату кезең­інде ақ гвар­дияшылардың қолына түсіп, атаман Аннековтың азап вагонын­да, Колчак түрмесінде азап пен қор­лық көрген тұстары қайраты мұқал­май, жігері жа­сымай қайраудағы ұстара­ның жү­зіндей алмағайып заман­ның зобалаң­дары­мен егеске түскендей әсерде қаласың.

Жиырмасыншы жылдары ол Қазақ кеңе­стік республикасының саяси-қо­ғам­дық өміріне белсене араласты. КазЦИК-тің мүшесі, республика ха­лық ағарту комиссарының орынбаса­ры, Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және тағы басқа толып жатқан қоғамдық істер ғасыр тоғы­сын­да, екі түрлі идея, екі дүние арасында нар атандай жүк арқалаған Сейфол­­ла­ның Сәкенінің тұғырын биікте­те түседі.

Сәкен секілді тағдырлы таланттың кез келген шығармасы өз алдына зерделеп, зерттеуді қажет етеді. Жара­­ты­лы­сы­нан қайраткер тұлғалар қашан­да өз бағытын өзі айқындап, болмысқа барлау, болашаққа бағдар жасаған. Оның жаңашылдығын, өзгеше ізденіс­те­рін түсінгісі келмеген, болмаса қаса­­қана бұрмалаған пиғылдар ол кезде де аз болмаған. Сәкенді револю­ционер ақын ретінде зерттеп, ғылыми еңбек жазған көрнекті ғалым Е.Ысмайылов ақынның кейбір шығармаларын көпе-көрнеу бұрмалаушылар бол­ға­­нын айта келіп, сол кездегі ҚазАПП басшы­ла­рының бірі М.Қайыпназаровтың мынандай пікірін кел­ті­реді. «Соңғы кезде басылып шыққан Сәкеннің «Көкшетауы» салт-сана жағынан ба­рып тұрған зиян­ды кітап. Ақ­сүйек­тер дәуірін жырлайды. Қа­зір­гі Көкшетаудағы жаңа социалды қатынасты айтпайды». Міне, ақынға деген өктем саясаттың көзқарасы. Қай заманда да биліктің бишігі шын ақын­ның маңдайын да, маңайын да осып өткен. Әлгіндей пікірлерді естіген Сәкеннің ет жүрегі езілмеді, жаны күйзелмеді дейсіз бе?

Қазақ әдебиетінің көзі тірі абыз ақ­сақалы, академик Серік Қирабаев «Сәкен туралы жаңа сөз» («Қазақ әдебиеті», №38, 23 қыркүйек 1994 жыл) мақаласында: «Сәкен рево­лю­цияның қызыл туын көтеріп әдебиет­ке келгенде, Қазақстанда оны­мен қатар тұрар адам болмайтын. Жалғыз­ды­ғы­на қарамастан, ол жаңа әдебиет­тің ұраншысы болды, оның жас кадр­ларын тәрбиелеп, оларға бағыт сіл­теді. Еңбектерімен және жаңа құр­ыл­ған жас күштерді жинап, жаңа әдебиет­тің негізін қалады, қабырғасын тұрғыз­ды, аяғынан тік қойды. Мұны қазақ әдебиеті зерттеушілерінің бәрі айтқан, мойындаған. Тарихи бұл бағаға ешкім таласпайды» деп түйінді сөз айтады.

Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы кезінде жазылған «Сәкеннің тарихтағы орны хақында» мақаласында көрнекті сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «... Сонымен кеңес құлады, партия тарады, коммунистік идеология мансұқталып жатыр. Тарихтағы жаңа бет − кеңес заманы дегеннің серкесі де, еркесі де, жыршысы да, жаршысы да болған Сәкенді қайтеміз? Оның тарихтағы орны қайсы? Қандай ісін қадірлеп, қандай ісін мансұқтаймыз?» 

Осыдан ширек ғасыр бұрын Тұр­сын­бек Кәкішұлының аузымен айтылған осы сауал әлі де күн тәрті­бі­нен түс­кен жоқ.

Сәкен секілді тағдырлы тұлғаға жаңа уақыт, жаңа ұрпақтың көзімен қарау керек. Оның есімін ұлықтау, еңбек­терін басқаша саралау – тек мерей­тойлар кезінде өткізілетін шара болмауға тиіс. Сәкенге қандай да бір баға берерде сол уақыттағы қазақ қо­ға­мын­ың саяси өмірін ескеріп, тарих таразысына салмаса болмайды.

Сәкеннің мерейтой жылы кезінде айтар ойдың бір парасы осы еді. Өрке­ні өскір өркениетті елдің өрендері Сейфол­ланың Сәкенінің атына да, заты­на да шаң түсірмей келер күн­дер­дің көш-керуенінде де жүрек түкпінде жарқыратып сақтауға тиіс.

Себебі, аңыз Сәкен, абыз Сәкен, ақын Сәкен – менің халқымның РУХЫ! 

Ғалым Жайлыбай,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

 «Жұлдыз» журналының бас редакторы