Парламент • 21 Ақпан, 2019

Ауыл жолдарына ақша керек - Сенатор Батыс Қазақстандағы жолдарға қаржы сұрады

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы күрежолдарға шығатын кіреберіс жолдарды жөндеуді республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды сұрап депутат Ерболат Мұқаев Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

Ауыл жолдарына ақша керек - Сенатор Батыс Қазақстандағы жолдарға қаржы сұрады

«Біздің осы депутаттық сауалымызға негіз болған мәселе өңірде болып, тұрғындармен болған кездесулерде үнемі айтылып, жазылып жүрген облыс аумағындағы жол мәселесі.Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 28,7% құрайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш» делінген депутат сауалында.

Сонымен қатар Ерболат Мұқаев бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының 12 ауданының 3 ауданы облыс орталығымен асфальтбетонды қатты жолмен мүлдем қамтылмаған (Олар Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары) атып көрсетті.

«2018 жылдың мамыр айында Елбасы жұмыс сапарымен БҚО барған сапарында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыру үшін ұзындығы 245 км құрайтын «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолдарын асфальтбетонды жолмен 2019-2020 жылдар аралығында қамту қажеттілігі туралы қатаң тапсырма берген болатын. Осыған байланысты жобаны іске асыру үшін 2019 жылға 3,7 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Өзіңізге белгілі Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген жолдардың іске қосылғанын айта келе, халық өз ауылына дейінгі жолдың жасалғанын көрмейінше ол республика көлеміндегі жасалған жолдарды сезінбейтінін баса айтқан болатын», деді ол.

Осыған байланысты депутат аталған үш ауданға баратын негізгі жолдардың бойында орналасқан елді мекендердің кіреберіс жолдарында қатты асфальтбетонды жабындымен төсеп күрделі жөндеу жүргізуді сұрады.

«Күрежолдың бойында аталған үш ауданның 20 шақты елді мекендері орналасқан. Олардың жолдан ара-қашықтықтары 4-тен 20 км-ға дейінгі аралықты құрайды. Осы көтерілген мәселенің кезек күттірмейтін өзектілігіне байланысты, жоғарыда көрсетілген мәліметтерді негізге ала отырып, күре жолдарға шығатын кіреберіс жолдарды жөндеуді республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуына Өз тарапыңыздан ықпал жасауыңызды сұраймыз», делінген Б. Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.