Парламент • 21 Ақпан, 2019

Мәжілісте Арал өңірінің өзекті мәселелері талқыланды

641 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Арал өңірінің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерін заңнамалық реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте Арал өңірінің өзекті мәселелері талқыланды

Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский өңірдегі гидрорежимнің тұрақтылығын қамтамасыз етудің және Кіші Арал теңізінің тұздануына жол бермеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Өйткені Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыру бойынша қабылданатын шараларда Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту басты міндет болып табылады. Осы орайда, депутат дөңгелек үстел тақырыбының өзектілігін, талқыланып отырған мәселенің ауқымдылығы мен күрделілігін атап өтті.

Дөңгелек үстел жұмысын жүргізген Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских Қызылорда облысының ағымдағы жағдайымен және шешімін таппай отырған мәселелерімен танысу мақсатында Аралда арнайы іссапарда болды. Талқыланған тақырыптың аясында энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай Арал проблемасының экологиялық аспектісіне тоқталса, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов Арал өңіріндегі балық және орман шаруашылықтарының даму мәселелерімен таныстырды. Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Айымдос Бозжігітов Арал проблемасының халықаралық деңгейде қарастырылуы туралы сөз қозғады. Отырыс барысында Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов Арал өңірі халқының өмір сүру сапасын жақсартудың бірқатар мәселелері, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Арал проблемасының Ақтөбе облысының экологиясына әсері, оның ішінде Шалқар көлінің түбін тазарту туралы сөз сөйледі. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз Қордың өткен жылдарда атқарған жұмысының қорытындылары және Арал өңірінің экологиялық қауіпсіздігін ескере отырып, су қатынастарын реттейтін құқықтық және институционалдық тетіктерді дамыту бойынша қабылдануға тиіс шаралар жөнінде айтып берді.

Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының Қазақстан Республикасындағы Елдік кеңсесінің өкілі Алина Мақсатова Арал теңізі бассейнінде климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жұмсарту жөніндегі бағдарлама туралы ақпарат берді. Аталған мәселені талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Арал өңірінің өзекті су-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне басты назар аударды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, бірқатар министрліктердің, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясы, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының Қазақстан Республикасындағы Елдік кеңсесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Айналадағы Орта Жөніндегі Бағдарламасының (ЮНЕП) өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел жұмысының қортындылары бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.