Әдебиет • 22 Ақпан, 2019

Бейімбетнама

1349 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятында есімі мен ісі мәңгі сақталатын санаулы сом алтын Бейімбет Майлин жайында жаза бастасам, ХХІ ғасырдың жас оқырманының қойылуы мүмкін мына «сауалы» санада тұрады: «Бейімбет Майлин ХХ ғасырдың жазушысы ғой. Кейінгі кезеңде ұмытылып та бара жатқан сияқты. Сіз Бейімбет Майлин ХХІ ғасырдан өз орнын таба ала алады деп ойлайсыз ба?», – дер еді маған.

Бейімбетнама

Сонда бұ заманның өте туған, өрке­ниет­тің өрісіне шығып, ақпа­р­ат­­тың алтын кілтін қолына ұс­тап отырған асыл ұрпағын илан­дыратын «Бейімбет Майлин ғұ­мыр кешкен заманның да, Бейімбеттей жазушының да енді тууы екіталай» деген айнымас уәж ғана бұған тоқтам бола алар-ды деп ойлаймын. Ардақты ұста­зым, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкіш­ұлы­ның: «Егер жер бетінен қазақ деген халық жойылып кетпесе, біз Бейімбетке үнемі орала беретін боламыз» деген өзім құбы­ланамадай қабылдаған тұжырымы кеше­гі мен бүгінгінің жемісті жалғасуына жол ашқан жаңа заманның ахуал-халінен және бір хабардар етсе керек. 

Иісі қазақ баласы үшін Бейімбет Май­лин­­дей мағыналы жазу­шы­ның орны да, өрнегі де бө­лек. Жұрттың бәрі Бейім­бет­ті біледі, Бейімбетті айтсаң, кім болса да желпініп, сөйлегісі келіп, бір нәрсе айтқысы келіп тұрады. Жазушының атын естігенде кәрі де, жас та әнтек түрленіп, әлденелерді есіне түсір­гендей, еріксіз сергіп сала береді.

Мұның ешбір ерекше сыры жоқ. Өйткені Бейімбет ха­лыққа ерте танылған, өте өнімді еңбек еткен жазушы. Дәуірдің болмысы мен құнды­лықтары жаңарса да, Бейімбеттің халыққа қарата айтқан сөзі өзге­ріссіз қалды, қай заманда да сол қа­зақы қал­пында халқының жүрегіне құбыл­­май құйы­ла кетті. Сондықтан Бейім­­­беттің шығар­маларын оқымаған да, оқы­­­майтын да адам жоқ. Бұрын оқымаған адам – бәрібір оқиды; ал бұрын оқыған адам уақыт өте келе қайта оқиды. Бұл – дәлел­деуді керек етпейтін шындық және Бейімбет­ке бейіл оқырманның бойында бұрыннан бар құбылыс, жаңа заман да мұны теріс дей алмады.

Рас, Бейімбеттің өмір сүрген заманы да, араласқан адамы да, шығармашылық амалы да басқа­ша­лау болды. Соған орай кешегі жазып қалдырған бірсыпыра сөзі­­нің бүгінгі мінбеге жарас­па­уы бек мүмкін. Алай­­да жаратылысы бәрімізге ортақ алаш ұлы­ның қилы-қилы күндердегі шартты да нақты бейнесін ана тіліміздің күллі бай­лығымен боямасыз мүсіндеп, сол риясыз ақ­көңіл таныс-бейтаныс қазақтың тұтас тұлға­­сын алдағы жүзжылдықтармен мәң­гі­­лік жүздестірген құдіретті қаламын (қалам­ның киесін де, иесін де еске ұс­тай отырып) ешқашан бұрынғының бұлтарысында қалдырып кете алмайты­ны­мыз анық. Бұл қауырсын кезінен ұлт­­­тық әдебиеттiң үдерісімен тығыз бай­­­ланысты болған және қалыптасып, қа­тай­­ғалы қазақтың көркемсөзі мен кө­­сем­­­сөзіне өлшеусiз әсер етiп келе жат­­­қан һәм әсер ете беретін төселген, жүй­­­рік, қайраткер қалам. Қазақы жұрт­тың Бейімбет шығармаларына, онымен дә­уірлес қаламгерлердің мұрасына, со за­манда сомдалған қалтқысыз әдеби ке­йіпкерлердің табиғатына қарайлай бе­ре­ті­ні содан болса керек.

Бейімбеттей біртуар жазушы­ның шы­ғар­машылық тағдыры мен адами тағ­дыры теңдес емес. Ол айтарын айтып үлгер­меген, жазарын жазып тауыспаған, жүректегі батпан шерді тұтастай тарқа­тып бере алмай кеткен боздақ. ХХ ғасыр­дың отызыншы жылдарындағы лаулаған отқа зар заманның құйын-желі ұшырып түсіргенде, ақ мақтадай лап етіп жанып, отты шеңгелдің орамынан шыға алмай қала берген есіл ер.

ХХ ғасырдың басында қолына қа­уыр­­­сын қаламын алғанда ол жай ғана Бимұхамед Майлин еді. Сол ғасыр­дың астан-кестен, алағай-бұлағай, аумалы-төкпелі, қилы-қилы кезеңдері ұл­тын риясыз сүйген кіршіксіз Бимұхамед­тің жан дүниесін екіге бөлді. Өмір сүрген қоғамы бір Бейімбеттен екі Май­лин өсіріп шығарды. Бірінші Майлин ХХ ғасырдың алғашқы он­жыл­дық­та­рын­дағы ұлтжандылық арманымен алаңсыз ержетіп, балаң да балауса шығар­ма­шы­лы­ғын осы арнамен алып жүрді; екінші Майлин – кешегі жетпiс жыл бойы бәрі­міз бастан кешірген таптық қоғамның таным­дық таңбасын бойына берік сіңіріп, «бас жазушы» деген биікте тұрды. 

Бірақ жазушының алашшыл арманы – кеңес­тік дәуірден өрісін таппады, ақы­ры осы үшін қуғын-сүргін құрбанына айналды. Ал кеңесшіл келбеті ғасырлар тоғысындағы бостан оймен бірден біте қайнасып кете алмады. Осы кезде Бейім­бет­тің өзіне, шығармаларының тарихына, тақырыбына, идеясына, ол жасаған кейіпкерлер таби­ғатына деген бұрыннан қалып­тасқан көзқарастың әре­дік әрлене бастағаны сезілді. Әрине мұндай бірлі-жарым ой-пікірлер Бейімбеттің орныққан феноменін әлсірете қоймады әрі ұлттық қазынамызға айналған алтын қолды шығармаларының классикалық сапасына көлеңке түсіріп, келісімін бұза алмады. Бірақ ең бастысы – әдебиет­тану­дағы қаламгердiң өмірі мен шығармашылығын саясаттың аясында сараптайтын осы уақытқа дейін орныққан ескі әдістен бас тартатын кез келгенін ұқтырды. 

Осы негізде Бейімбет сынды клас­сик­тердің күллі сөз мұрасы бұрын­ғы­дай бөлшектенбей, тәуел­сіз елінде біртұтас шығар­ма­шылық құбылыс ретiнде қарас­тыр­ыл­уы керек деген тұжырымдама алға тартылды. Және Бейiмбет Майлин­нiң шығармашылығын оқу мен оқытудың, зерттеу мен зерде­леудiң ХХІ ғасырдағы жаңа ғылыми бағыты оның ағарту­шылық идеяны азаттық күресiне ұластырған алашшыл жазушы (1); жаңа пролетарлық әдебиет жасауға атсалысқан кеңес жазушысы (2); тәуелсiз елiнiң тарихында лайықты орны бар ұлт жазушысы (3) тұлғасына сай келетін үш тұрлаулы тезис­тен туындайтыны тиянақталды. 

Жазушының өмірі мен шығар­ма­шылық мұрасын зерделеудің біз ұсы­на­тын негізгі бес кезеңі де осы тұғырлы тезис­тер арқылы нақтыланады: Бiрiншi кезең – қолына қалам ұстаған сәттен бастап 1922 жылға дейiнгi аралық. Бұл оның патшалық Ресей боданындағы қаз­ақ елiнде ұлт ұранын ұстанып, осы мақсат­пен шығармалар туындатқан, 1917 жылғы қос төңкерiске тап болған, кейiн алаш қозғалысымен қанаттасатын шағы. Және де шығармашылық ғұмырының ұзақ уақыт ашып көрсетiлмеген көлең­ке­лі тұсы; екiншi кезең – 1922 жылдан басталып, 1937 жылдың ойранымен аяқталатын мезгiл. 1922 жылдан басталу себебi – дәл осы жылы ол партиялық-кеңестiк «Еңбекшiл қазақ» газетi­нiң босағасынан аттады, бұрын­ғы идеялық мұраты өзгердi, жаңа қоғамды насихаттау жолына түстi. Жазушы шығарма­шы­лы­ғының жемiстi шағы да осы кезең; үшiншi кезең – 1937-1957 жылдар арасы. Осы жиырма жыл iшiнде оның есiмi мен шығармашылығы «халық жауы» деген қара жамылғының астында жатты. Бұл кезеңде Бейімбет туралы мүлде сөз болған жоқ, ол ұрпақ санасынан сызып тасталды; төртiншi кезең – жазушы ақталып, шығармалары халқына қайтарылған 1957 жылдан бастап, әдеби-ғылыми зерттеулер арқылы қазақ кеңес әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi ретiнде кеңiнен насихатталып келген 1991 жылға дейiнгi аралықты қамтиды. Қазір жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерделеудің бесiншi, ең керекті кезеңiн бастан кешiрудеміз (Бұл жолғы сөзімізді бейнелі түрде «бесінші кезең баян­дамасы» деп те атауға болар еді). 

Бейімбет сан қырлы жазушы. Ол әде­биет­тің барлық саласына араласып, бар­лық жанрда қалам тартқан адам. Әд­ет­те, кез келген жазушының тырнақ­алды кезеңiнде отбасының ықпалы, үлкен­дер­дiң әңгiмесi, алғашқы туын­ды­лардың қызығы, елiктеу-солықтау, әр қиырға қалам салып байқау, ниеттес достар мен тәлiмгерлер әсерi тәрiздi айналып өтуге бол­майтын заңды қажеттiлiктер болады. Бұл бiр ауыз сөзбен түйiндей салатын нәрселер емес. Жазушының болашақ ұстанымына негiз қалайтын, қалам­гер­лiк­тiң дұрыс жетiлуiне ықпал ететiн факторлар. 

Ел iшiнiң өткiр сөзге өзге­ше қарайтын әдетi жазушы шығарма­шы­лығынан бiр­шама бiлiнiп отырады. Көптеген шы­ғар­­­маларында кейiпкерлерiнiң аузына өлең­детiп сөз салатын әдетi не есiнде жүр­ген ескi жырларды қосып жiберетiнi, әсi­ресе деректi шығармаларын байырғы әңгi­мелермен «тұздық­тап» отыратыны осыдан қалған. Шығармаларына түп­тұлға ретiнде пайдалануда да (Шаншар молда, Арғынбай қажы, т.б.) алғашқы ізде­ніс­­терінің белгiлерi аз емес. Соған қарамастан, жазушы зертхана­сының осы тұсы тым көмескi. Бұл кезеңдегi көп­теген балаң жырлары белгiсiздеу әрі сақталмаған. Ол «Айқап» журна­лы арқылы ұлы Абайдың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мiржақып Дула­тов­тың, Сәкен Сейфуллиннiң, Сәбит Дөнентаевтың жырларымен танысты: бұл қалам­герлiгiнiң қалыптасуына елеулi әсер еттi, талабын ұштады, санасына соны ой салды, қолына қалам алуға итер­м­­е­ле­дi. 

Жазушы өз жазбаларында отызыншы жылдардың саяси қал­пына сай кеңі­нен баяндай алма­са да, оның дүнияуи көз­қара­сының, «миллет үшiн» деген мәңгi­лiк мақсатының iргетасы мықтап қаланған орта – «Ғалия» медресесi, өзі бастап шығарған «Садақ» қолжазба журналымен ұштасатын өмір кезеңі. «Қазақ» газетi де қаламгер үшін маңызды һәм мәнді. Бейімбеттің бұрынғы зерттеулер жәмиғатқа жариялай алмаған «Айқапты» көздің ағына, «Қазақ» газетін көздің қара­сына теңеген пiкiрi бар. 1918 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Алашордаға» өлеңінің тағдыр-талайы туралы да осылай тұжырымдауға болады. Бұл Бейімбеттің кешегi кеңес заманында «тап жыршысы» атануының заманға қарай жасалған мәжбүрлi амал екендiгiн байқа­татын, анығында Бейімбеттің де алғаш­қы күннен aлаш арыстары тәрiз­дi ұлтым деген ұлы арманын аялап өтке­нiн аңғартатын туынды. Осымен бай­ла­­нысты негiздеп айтатын тағы бір шын­дық – Ахмет Байтұрсыновтың өмi­рi мен шығармашылығының Бейiмбет Майлиннiң қаламгер болып қалып­тасуына елеулi ықпал еткендiгi. Бейiм­бет­тiң отызыншы жылдардың ойранында опат болуының ең басты себебi де осы өмiр тарихындағы алаш қозғалысымен қанаттас болған кезеңдерiне байланыс­ты. Қуғын-сүргiн жылдары «бастап­қы көзқарасымнан бас тарттым, адас­қа­ным­ды түсiндiм» деп Ахаңа, бiр кезде өзi «көздiң қарасындай» деп бағалаған «Қазақ» газетiне амал­сыздан ашына қарауға, үлкен әдебиетке алып келген сын­дарлы соқпақты айналып өтуге мәж­бүр болса да, Бейімбет Май­лин­нің балапан қаламына Ахмет Байтұрсыновтың бата бергенi, ақындық бетiн бiрiншi болып ашқаны рас. 

Б.Майлиннің 1937 жылғы «Қыл­мыс­тық ісінің» құжат­та­рын­да жазылғандай, мұ­ра­­ғат қорын­дағы «Бірлік туы», «Ұран», «Алаш», «Сарыарқа», т.б. осы сияқ­ты газет­терде, ғасыр басындағы басқа да бейресми басылымдарда шығар­малары кездеседі. Ал бір ауыз сөзбен тұжы­рым­дай­тын болсақ, бұл шы­ғар­малардың мазмұны мен идея­сын ұзақ уақыт бойы ке­ңес­тік дәуір дәйектеген Б.Май­лин­нің тапшыл тұлға­сымен шендестіру мүлде мүмкін емес, керісінше санаға сіңген ұлтқа қызмет ету мақсатының ақын жүре­гінде түбегейлі тереңдей бастағаны байқа­лады. Отызыншы жылдардағы сыншы­лар­дың бірі Бейiмбеттің осы кезеңдегі жырлары туралы «Ақын өзiнiң кiм екенiн және ол кездегi саяси бағытының қандай екендiгiн ашық айтып отыр. Қазақ үшiн тудым, қазақ үшiн өлемiн, өзгенiң бәрi маған жау, онымен төбелесемiн дейдi. Алаш туын көтерiп, ұлт сойылын соқ дейдi. Ендеше бұл алашорданың iсiнен сырт қалғандық бола қояр ма екен? Бiздiңше, бола қоймайды…» деп жазғаны да қаперде болатын жәйіт. 

Бейімбет Майлиннің көзі тірісінде 66 кітабы (қазақша, орысша, ұйғырша) жарық көрді; оның 49-ы өзінің төл автор­лығымен шыққан еңбектері болса, қал­ға­ны – басқа авторлармен бірлікте жазған, құрастырылған жинақтар (Бұлардың ішінде Қазақстан аумағында сақтал­мағандары да бар). Ал тұңғыш кітабы жайын­да айтқанда, «Еңбекші қазақ» газе­тінде редактор болып тұрған кезінде Смағұл Сәдуақасовтың 1925 жылы Бейiмбетке өлеңдер жинағын жасатып, өзi оған кiрiспе сөз (дәйектеме) жазып, тез бастыру үшiн Ақмешiт (қазiргi Қызы­лорда) баспаханасына ақынның өзін әдейі жiбергені дәлелді дерек бола алады. «Бұған дейiн Бейiмбеттiң ешбiр шығар­ма­сы кiтап боп басылған жоқ-ты» дейдi С.Мұқанов. Осы алғысөз әрі Б.Майлиннiң сөз өнерiндегi сыбаға­сына тиген ең бiрiншi баға. «Еңбек­шi қазақ» кiтапханасы» айдарымен белгiлi қалам­­гер­лердiң еңбектерiн жеке кiтапша етiп шы­ғару дәс­түрiн бастаған редактор С.Сәдуақасов оның бірінші өнімі етіп Бейім­беттің «От басында» жинағын шы­ғар­ды. Сөйтіп, Бейiмбеттің екiншi жи­нағының жарық көруіне де Смағұл се­беп­ші болды. Және ол 1928 жылы «Молодой Казахстан» жинағында Бейім­бет­тің «Қырмызы» және «Күлпаш» әңгі­мелерін орыс тіліне аударып жария­ла­ды. Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңестік әдеби сын осының бәрін ескере оты­рып, Бейімбетті «сәдуақасов­шыл­дықтың» бағдарламасын жырлады деп аяу­сыз сынады. Бейімбеттің 1937 жылғы қыл­мыс­тық ісінің материалдарын­да Смағұл есімі жиі қайталанады. Тергеу хаттамаларынан өзінің Смағұл Сәдуа­қа­совтың ұлтшылдық тобының мүшесі екендігін «растап» қол қойған сәттері кездеседі.

Кеңестік заманда «бас жазушы» атан­­ған Бейімбет шығармалары әсі­ре­се 1933-1936 жылдары бас­па­сөзде өте көп жария­­ланды, кiтаптары да жиi шықты. Бірақ өзінің шығармашылық тәжiрибесi туралы жазып қалдырғаны аз. Бұл орайда қана­ғат тұтатынымыз – ұзақ уақыт қайта жария­лан­бай келген «Мен қалай жаздым?» және «Екi оқушыға жауабым» деген тари­хи мәнi бар екі мақаласы ғана. «Қазақ совет әдебиетінің тоқырау кезеңі» (Т.Кәкішұлы) деп бағаланған 1930-1933 жылдар Бейімбет үшін белгілі бір шығармашылық бетбұрыстың қарсаңы болды. 1930 жылы шыққан «Қалқоз» (автордың өзі осылай жазған, «Колхоз» емес) жинағымен жедел әрi жиi жазылатын дәстүрлі шағын әңгiмелеріне нүкте қойды. 

Отызыншы жылдардың бас кезiндегi қалқоз­дастырудың қайшылықтары, ел­дiң жаппай аштыққа ұрынуы шығар­ма­ла­ры­ның табиғатын күрт өзгертті. Кейiнгi еңбек­терінде («Он бес үй», «Асулардан асқанда», «Берен», т.б.) бұл тақырыпқа басқаша қарай бастады. Оның алпыстан астам әңгiмесінiң ең соңғыларының 1930 жылы жазылған «Қалқоз қорасында», «Қызыл әскердің үйі» атануы кездейсоқ емес. Қолдан жасалған таптық күрестің қазақ баласы тап болған трагедиясын Бейімбет 1929-1930 жылдары «Арыстан­бай­дың Мұқышы», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Қара шелек», «Қанды кек», «Сары ала тон», «Әлiштiң пырағы», «Зәкiржан молда» және т.б. осы сияқты («Қалқоз» жинағындағы) кейін классикалық мұраға айналған әңгіме­ле­рін жазу барысында бұрынғыдан да тереңірек сезінді деп бағамдауға болар еді. 

«Мен қара сөзге айналдым, – деп жазды Б.Майлин. – Сонда осы олқылыққа түгел тығын болдым деп мақтанатын кiсiң мен емес, менiкi – шығармамның түрiн бiрөңкей соған қарай аударып көру едi. Аудардым да. Жаман болсын, жақсы болсын, сол 30-жылдан берi қара сөзбен едәуiр нәрсе жазып тастаған сияқтымын. Бұдан былай да қолымнан келгенше, күштi осы қара сөзге салсам ба деймiн. Өлең­­нен гөрi iстелуi ауыр болғанмен, ике­мiм осыған ауды»,

Оның өз шығармашылығына сын көзiмен қарап, жалпы поэ­зия жөнiндегi ой­лары, әдеби сын мен сыншы жайындағы пiкiрлерi, бiрыңғай прозалық шығармалар жазуға бағыт алуы осы кезеңнің атау­лы ерекшелiгi. Отызыншы жыл­дар өлең­дерiнiң белең алып бара жат­­қан «ширпотребтiк» астарын да Бейiмбет Май­лин ерте аңғарды. Бiр кез­де­­гi өзінің жа­лаң ұраншыл кейбiр жыр­ларына «ме­н­iң жазған өлеңiмнiң iшiн­де таңдай оярлық тәттiсi бола қойды ма екен?» деп сын көзiмен қарады. Шы­ғар­маларының ескiргенiн алдымен жазу­шының өзi сезiнуi керек дейтiн Ғабит Мүсiрепов ғибратының ақиқаты осын­да. Оқырман да мұны сезiн­бей қал­мақ емес-ті. Жазушының белгiсiз шы­ғар­ма­ла­рының бiрiнде, міне нақ осы жәйіт сөз болады.

...1935 жылдың маусым айында Қазақ­стан­ға келген Ле­нин­град жазушылары­мен бiрге шығармашылық сапарға шық­қан Бейiмбет Майлин Балқаш жұмыс­шы­ларымен болған кездесуге қатысады. Кезде­су үстiнде оған бiрнеше сауал берi­ледi, соның iшiнде «Бiздегi пролета­ри­ат ақындарының өлеңдерi байшыл ақын­дардың өлеңдерiндей неге сұлу шық­пайды?» деген сұ­рау түседi. «Осы сұрау­ды бер­ген жiгiттiң бетiне мен қадала қарадым, – деп жазды кейін Б.Майлин.  – Жас қана жiгiт. Бұл сұрауды қандай оймен берiп тұрғанын кiм бiлсiн. Ойнап сұрағанға шындап жауап бер деген ғой: шындап жауап беруге тура келдi».

Әрине, жазушы қаншама шын­дап жау­ап бердiм десе де, сол тұстың талабы деңгейiнен аса алмады. «Кеше мәден­иет iскер­лерiнiң съезiн ашарда бай­шыл жазу­шылардың шығар­ма­лары­мен са­лыс­­­тыр­ғанда бiздiң кеңес ақын-жазу­шы­­ларының шығар­ма­ла­рының сал­ма­ғы түр жағынан болсын, мазмұны жағынан болсын қаншалықты басым жат­қан­­ды­ғын Ораз жолдас айтып өттi» деп Жандо­совтың сөзiне сүйендi; «Темiр­бек жолдас баяндамасында бiр кезде «даңқы жер жарған» Мыржақыптың, Мағжанның өлеңдерiмен, бiр кезде баты­рақ боп жүрген Сәбиттiң өлеңiн салыс­тырып, қайсысының сұлу екендiгiн көз­ге елестетiп бергендей болды» деп Жүрге­нов­тiң пiкiрiн алға тартты.

«Сылдыр-сылдыр,

Жүректi өртедiң құрғыр…» деп Мағ­жан бiр кезде қыз үшiн кү­йiнсе, ендi «Ақ аюдағы» Сәбит­тiң:

«Жарылса жар, теңiзге кеме батса,

Техника кемдiгi ол уақытша.

Түптегенде табиғат тұсаулы ат,

Табиғат құл, түбiнде адам патша!» 

деген өлеңiн оқығанда iшi өр­те­­нер. Сұлудың сұлуын, көр­кем сөздiң кестесiн келтiрiп отыр­ған кеңес әдебиетi, кеңес ақын-жазушылары…» деп тү­­йiн­дейдi Бейімбет. Соған қара­мас­тан бәрiбiр «про­­летариат ақын­дары өлеңдерiнiң бай­­шыл ақын­дардың өлеңдерiндей неге сұлу шықпайтыны» ашылмай қала­ды. Мұны сұрау қою­­­шы жас жiгiт те, жауап бе­­­рушi Бейiм­бет Майлин де сез­ген, бірақ еш­­қайсысы да әрі қа­рай ашып айта алмаған.

Белгілі «Сот алдында» әңгімесі – Семей өңіріне сапарының жемісі. Әңгіменің бастауында өкіл Ермұқамбетұлының науқан жөніндегі баяндамасы туралы айтылады. Ол Тасқұдық аулының кедей-батырақтарының осы науқанды көңілдегідей өткіземіз деген қаулы алуы­мен жалғасады. Ал әңгімедегі тартыс Байғұл байға мың пұт артық астығыңды он күн ішінде өкіметке тапсыр деген қаулыдан шығады. Бұған, әрине қарсы әрекет туады. Нәтижесінде ел асып қаш­пақ болған байлар тобы қолға түседі. Қыл­мысты деп табылған он бес адамға Ащы­өзек басында көрнекті сот құрылып, бай­лардың мал-мүлкі қазынаға алынып, өздері жер ауда­рылады.Отызыншы жыл­дардың мүддесінен қарағанда, әңгі­менің бұлайша түйінделуі, кедей-батыр­ақ­тың жеңіп шығуы әрі қажеттілік, әрі заң­дылық.Тап тартысының осындай иірім­дерін көрсете отырып, жазушы оның қарама-қарсы қырын да ұмыт қалдыр­майды. Ауыл кедейлерінің басын қосып, артель құрмақ ойын білдірген Ыбы­раш­қа көпшілік атынан айтылатын мына жолдар:

«– Жарылқайтын болса, осының өзін неге жарылқамайды, ә? Тақымың жылтылдап былтырдан бері шабумен жүрсің, не істеген кәсібің жоқ, не тапқан табысың жоқ; қатын-балаң шұбырып, кім көрінгеннің есігінде жүр...» немесе астық жасырды деп сотқа тартылатынын білген соң қарсы әрекет жасауға көшпек болған Байғұл байдың қырау шалған сақалын тұтамдап отырып:

«– Қайтейін, шырағым, бір зауалын берер-тағы» деген сөздері бұ­рын­­ғы жүгіртіп оқыған оқырманға білін­бегенмен, бүгінгі қайта оқыған адамды бас­қаша сезімге бөлейді. Жазушы оты­зын­шы жылдар­дың өзінде осындай сырт көз бір­ден сезе қоймайтын, бірақ ішкі ас­тары қат-қабат түпкі ойын сыналап болса да сіңіре алыпты.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, бейімбеттанушы

МӘСКЕУ