Әлем • 22 Ақпан, 2019

АҚШ-тың келесі президенті кім болады?

2258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ-та 2020 жылдың 3 қарашасында кезекті президенттік сайлау өтетіні белгілі. Бұл саяси шара нәтижесінде, егер Дональд Трамп келесі кезеңге өте алмаса, елдің 46-шы президентінің есімі белгілі болады.

АҚШ-тың келесі президенті кім болады?

Келер жылдың әлем бойынша басты оқиғаларының бірі болғалы тұрған бұл сайлауда бақ сынауға бел байлап отырғандар мен әлі нақты бір шешімге келе қоймағанымен, өз кандидатурасын ұсынуға емеурін танытушылар қатары аз емес. Қазірдің өзінде бұлардың ұзын саны 20-дан асып отыр.

Қазіргі президент Д.Трамп бастаған осы құрамның ішінде азуын айға білеген белгілі сая­сат­­керлердің, дәлірегі АҚШ қо­ға­мы мен халықаралық қо­ғам­дас­тықта жоғары беделге ие ла­йықты тұлғалардың саны ба­сым.

АҚШ-тағы перзиденттік сайлауда негізгі тартыс әдет­те­гідей республикашылар мен де­мократтар арасында өтетіні бел­гілі. Десек те елдегі үшінші сая­си ұйым – 1971 жылы құры­лып, 1972 жылдан бері прези­денттік сайлауға өз үміткерін ұсынып келе жатқан, 2016 жылғы сайлауда бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізген (4 млн-нан астам дауыс жинаған) Либертариан партиясы атынан да сынға түсуді көздеп отырғандар бар екенін айта кетуіміз керек.

Соңғы деректерге қара­ғанда, әзірге АҚШ-тың Рес­пуб­ликалық партиясы тарапы­нан кандидат болуға іс басындағы президент Д.Трамп, экс-губер­натор Уильям Уэлд және аме­рикалық саясаткер Джек Фел­люр талаптануда. Ал осы партия атынан үміткер атанудың мүмкіндіктерін тағы 5 адам қарастырып отырған сыңайлы. Олардың арасында губерна­тор­лар Джон Кейсик пен Ларри Хоган, экс-сенаторлар Боб Коркер мен Джефф Флэйк,1989-1993 жылдары АҚШ вице-президенті аппа­раты­ның басшысы болған Уи­льям Кристол бар. Бұл тұлға­­лар­дың қазіргі жағдай бойын­­ша мүмкіндіктерін есепке ала сөйлесек, (егер республи­­ка­шылардың арасында Д.Трамп­қа лайықты қарсы­лас табылмаса) партияі­ші­лік тартыста АҚШ-тың 45-пре­зидентінің алдына ешкім түсе қой­май­тын тәрізді. Демек, рес­пуб­ли­ка­шылар 2016 жылғы таң­дауын бұл жолы да қайталауы әбден мүмкін.

2016 жылғы президенттік сайлауда республикашыларға есе жіберіп, өз үміткерін өткізе алмай қалған Демократиялық пар­­тия тарапынан қазіргі кез­­де 7 тұлға өздерін АҚШ-тың 46-шы президенті болуға ла­йықты көріп отыр. Олар: сена­тор Кори Букер, партия же­тек­­шілерінің бірі, Өкілдер палата­сының мүшелері Тулси Габ­бард пен Джон Делейни, экс-министр Хулиан Кастро, сена­торлар Берни Сандерс пен Камала Харрис және жазушы Марианна Уильямсон. Бұларға қоса, Вашингтон штатының губернаторы Джей Инсли мен сенатор Элизабет Уоррен де өз бақтарын сынап көруі мүмкін. Сондай-ақ 2004 жылғы сайлау­да кіші Д.Буштан жеңілген, 2013 жылдың ақпан айынан бас­тап 2017 жылдың қаңтарына дейін АҚШ Мемлекеттік хат­шы­сы қызметін атқарған бел­гілі саясаткер Джон Керри де ал­дағы сайлауға түсетін секіл­ді. Біздің бұлай деуімізге оның таяуда: «Мен мұны (сайлауға түсетінін) жоққа шы­ғар­маймын, ештеңеден бас тарт­паймын. Иә, бұл жайында ой­лап жүрмін», деген сөзі сеп болып тұр. Алайда, амери­калық саясаттанушы ғалым­дар соңғы 50 жылда ең тиім­ді Мемлекеттік хатшы деп та­ны­ған Д.Керридің өз партиялас­тарынан қаншалықты қолдау та­батынын дөп басып айту қиын. Бұл турасында естіген Д.Трамп Джон Керридің президент қызметіне сайланғысы келетінін «сәттілік» депті.

Бүгінде АҚШ-тың келесі пре­зиденті кім болатынын болжау қиын... Әзірге республикашылардан президенттікке басты үміткер болуға Д.Трамп пен Массачусетс губернаторы У.Уэлд таласады деген болжам бар. Ал демократтар арасындағы басты саяси айқасқа кімдер түсетінін дөп басып айту әлі ертерек. Қазіргі таңда Хиллари Клинтон үнсіз, Джон Керридің жоғарыда айтқан дүдәмал пікірінен өзге ешқандай кесімді шешімі болмай тұр... Ал АҚШ-тың, сон­дай-ақ өз партияластары алдын­да біршама салмағы бар сена­тор, 77 жастағы Берни Сан­дерс­тің президенттік сайлау­ға Вермонт штатынан канди­дат ретінде қатысатынын мәлім­дегені бірінші кезекте демо­крат­тардың ішіндегі тартыс­тың бір лайықты кейіпкерін анық­­тап бергендей. Еске сала ке­­тейік, Б.Сандерс 2016 жы­лы пре­­зи­денттік сайлау нау­қа­нына үміт­кер ретінде қаты­сып, жеме-жемге келгенде Хил­­лари Клинтон ханымға жолын берген-ді.

Қорыта айтқанда, әлемдегі ең алпауыт мемлекет – АҚШ-тың мақтауды да, даттауды да аз естіп жүрмеген қазіргі президентінің екінші кезеңге сайланар, сайланбасын немесе АҚШ-тың 46-шы басшысы кім болатынын уақыт өзі көрсетеді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»