Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Жекешелендірілген балабақшаларды неге қайтармайды?

636 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласында мектепке дейінгі мекемелердің кезегінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі 3384 бала тұр. Балабақшаларда орынның болмауы ел ішіндегі өткір мәселенің бірі.

Жекешелендірілген балабақшаларды неге қайтармайды?

Сонау сексенінші жылдар­дың орта шенінде облыс орта­лы­ғында мектепке дейінгі 37 білім мекемесі жұмыс істеді. Жасыратыны жоқ, кеңестік дә­уір­­де Орталық Азиядағы мек­теп­ке дейінгі ең үздік білім жү­й­­е­сі Қазақстанда қалыптасты. Мек­теп­ке дейінгі мекемелермен жеті жасқа дейінгі балалардың шамамен 70 пайызы қамтылды. 1991 жылы республикада 8743 ба­ла­­бақша болса, олардың жар­ты­­сынан астамы, яғни 4868-і оңтай­ландыру кезінде жеке­ше­лен­дірілген. Бір бөлігі бос қал­ған, қираған. 2000 жылға дейін бала­бақшалар саны 1144-ке де­й­ін азайыпты.

Өтпелі кезеңнің өкпек желі Көкшетаудағы осы тектес меке­ме­лерді де айналып өткен жоқ. Сол жыл­дары жұмыс істеп тұр­ған 32 балалар бақшасының оңтай­ландыру кезінде 9-ы ғана қалды. Олар «Ертөстік», «Қар­лы­ғаш», «Чайка», «Әсел», «Га­га­рин», «Звоночек» тәрізді мек­­­тепке дейінгі мекемелер. Қыс­қа жіп күрмеуге келмей, эконо­ми­калық дағдарыс жанал­қым­нан алған шақта болашақты ой­лауға да шаманың жетпей қал­­ғаны ақиқат. Соның салдарынан еңселі, сапалы салынған балабақшалар пышақ үстінде бөліске түсті. Бәрі заңды. Ұстап тұруға бюджеттің дәл сол кезде басына тартса аяғын жаба алмайтын азын-аулақ қаражаты жетпеген соң аукционға шығарып сатты. Су тегінге. Жұмыртқадай жұтынған қаншама балабақша бас­тапқы міндетін өзгертіп, ұста­­ғанның уысында, тісте­ген­­нің аузында кетті. Сол кезден қалған, бір кезде бала тәр­бие­сіне ұлағатты үлесін қос­қан, жадырай жарқыраған ғи­ма­­­рат­тар мұрты бұзылмай әлі күнге дейін тұр. Мәселен, №23 «Снежинка» балабақшасы гума­ни­тарлық-техникалық лицейге, «Росинка» балабақшасы қаз­ақ-түрік лицейіне, «Звез­доч­­ка» балабақшасы балалар көркем­сурет мектебіне, «Сказ­ка» балабақшасы тірек-қимыл аппаратының бұзылуы бар мүге­дек балаларға арналған интер­­натқа, «Родничок» бала­бақ­ша­сы ішкі істер де­пар­та­мент­­і­нің емханасына айналып кетті.

Сол дәуірдегі істің көзін біле­тін, айдалада жатқан батпан құй­рықтың су тегін олжаға айна­ла­тындығын қалталы азаматтар да бірден аңғарды. Қолы жеткендер, көзін тапқандар бес бірдей ба­лабақшаның ғимаратын тұр­­ғын үйлерге айналдырды. Ал алты мекеме бұзылып, құ­ры­лыс материалдары талан-таражға түсті. Өзге алтауы көз орталығы, лимонад цехы, автотұраққа айналды. Оны айтасыз, күні кеше ғана балғындардың бал күлкісіне толып тұратын, періште ұя салған, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы балабақшаны әлдебір пысықайлар табан аузында жерлеу бюросына айналдырғанын көрген жұрт жағасын ұстаған болатын. 

Ел есін жиған соң 2010 жылдан бастап бүгінге дейін кейбір мектепке дейінгі мекеме­лер әупірімдеп зордың күшімен кері қайтарылды. Олардың қа­та­рында «Жұлдыз», «Еркемай», «Қуаныш», «Нұрай», «Әйгерім» тә­­різді балабақшалар бар. Оң­ай олжа болып кеткен бала­бақ­ша­лар­дың кейін қайт­қа­ны – алтау. Тәуел­сіздік жылдары облыс ор­та­лығында жеті бірдей жаңа бала­бақша іске қосылды. Бірақ соның өзі қаладағы балалардың бәрін қамтамасыз ете алмай отыр. Ендігі арада не істеу керек деген сауал туады. Біздің ойымызша, амалдың жоқтығынан жекенің қолына өтіп кеткен, әлі күнге дейін құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтынып тұрған бұрынғы бала­бақ­шаларды қайтару керек. 

–Жекешелендіріліп кеткен ғимараттардың қожайындарына үш-төрт жыл бұрын хат жазған болатынбыз, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов, – бірақ ешқайсысынан жауап болмады. 

Әрине, болмайды. Бір кезде болар-болмас тиынға алған, бұл күнде бағасы әлденеше мәрте өсіп кеткен, қаланың қақ ортасында орналасқан ғима­рат­тар­ды кім оңай бере қойсын? Бір кезде олардың заң аясында алғандығын жоққа шығара алмаймыз. Солай болғанымен, ұлт болашағын ойлайтын адам бір икемге келуі де мүмкін ғой. Хат жазып қарап отырғаннан ештеңе шықпайтынына көз жеткен соң алдына барып арылу керек еді. Бәлкім дәл қазір облыс орталығында балалар бақшасына кезекте алты жасқа дейін 6656 баланың тұрғандығын айтармыз. Жаңа тәртіп бойынша нәресте өмірге келген соң бірден кезекке тұрады. Бірақ соның өзінде ұзын-сонар кезек таусылып бітетін емес. Егер бір балалар бақшасына орта есеппен 150-200 бала барды дегеннің өзінде 20-30 балабақша салу керек. Ол қай уақытта салынады.

–Кішкентайымыз дүниеге келген соң арада көп уақыт өтпей қалалық білім бөліміне барып кезекке тұрғанбыз. Қазір кезектің бәрі компьютерге енгі­зіл­ген, бұрынғыдай тамыр-таныс­тықпен алып жатыр деп еш­кім де айта алмаса керек. Бірақ соның өзінде кезегіміз келер емес, – дейді Нұржан Қарауылов, – қазір тұңғышымыз төрт жастан асты, балабақшадан орын тимеген соң жұбайымның жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмай жүр. Отбасында екі адам бірдей жұмыс істеп, табыс таппаған соң қалалық жерде күнкөріс те қиын. 

Күнкөріс қана емес, бал­ғын­­дардың өсіп-жетілуіне, қалып­тас­уына да қиын. Әлмисақтан ба­ла тәрбиесіне айрықша мән бер­ген халқымызда «ба­ла есті­ге­нін айтады, көр­ге­нін іс­тей­ді» дейтұғын аталы сөз бар. Демек, мектеп жасы­на дейінгі бала­ларды алтын ұя – балалар бақшасында тәрбиелеудің маңызы өте зор. Ел ертеңі – кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, кішкентай достарының жүріс-тұрысынан, істеген ісінен өнеге үйреніп, үлгі алуға тырысады. Бұл арада бала тәрбиесіндегі балабақшаның бар қызметін бақайшықтап айту артық болар. Ал керісінше зардабы жетерлік. Ең алдымен балабақшаның болмауы әсіресе жас отбасыларына үлкен ауыртпалық екендігі шындық. Өткен жылы облыста шаңырақ көтерген жастардың елу пайызға жуығы дәм-тұздары жараспай ажырасып тынды. Ұлт үшін үлкен қасірет болып саналатын осы бір жайды түбегейлі зерттеген психологтардың айтуына қарағанда, ең бірінші себеп әлеуметтік-тұрмыстық жағдай екен. Оның ішінде балабақша да бар. Мәселен, қазіргі жастар бауыр еті балаларын кімнің ата-анасы бағатынына дейін есептеседі екен. Ешкімге күні түспей бере қояйын десе, балабақшада орын жоқ. Демек, жалғыз тәрбие ғана емес, шаңырақтың шайқалуына да осы бір өткір мәселе себепші болып отырғандығы рас. 

Соңғы жылдары облыс орта­лы­ғында 7 балабақша салынды. Кәсіпкерлер де табысты жер­ді тамыршыдай тап басып жекеменшік шағын орталықтар ашуға ұмтылуда. Бүгінге дейін осындай 18 орталық ашылған. Бірақ ондағы орын тым аз. Бар­лық сұранысты толайым қана­ғат­тандыра алмайды. Сондықтан да бір кезде жеке­ше­лендіріліп кеткен, бар қажет­тілігі ескеріліп салын­ған балабақ­шаларды ел игілігіне қайтару мәселесін қозғап отырмыз. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы