Өнер • 28 Ақпан, 2019

Талант тағылымы

608 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Мына бір қаршығадай қағылез қара баланың маған алғаш кездескенде ең әуелі көзі, одан кейін сөзі, ал енді бүгін міне өзі ұнап отыр», деуші еді арқалы әнші, ауыздыға сөз бермес шешен Мотан ағамыз көңілінен шыққан ізбасар інілеріне риза болған сәттерінде. Сондай бір мақтаныш сезімі Қуандық Қыстықбаевтай талапты да талантты інілерді көргенде менің де тұла бойымды шарпып өтеді. «Зымырап бәйге атындай өте шықтым, Қамығып көріп еді көңіл неден», деп Әсет ақын жырлағандай, «Біздің Қуандық та қырықтың қырқасынан асып, ағалық жасты артқа тастап, даналыққа бой ұрған екен-ау», дейтінмін кездесе қалған сәттерде үнемі атпал азаматтың актерлік, адамдық болмысына, баладай аңқылдаған ағеділ пейіліне, парасатты пайым-пікір, ой-толғамдарына тамсанып. 

Талант тағылымы

Бұл жолы да солай, «Ауыл­ға Қуандық келіпті» де­­­ген­ді естігенде, әуелгі ойға оралғаны осындай бір жып-жылы естеліктер болатын. Құл­дыраңдаған кешегі қара бала­ның, жас та болса ойының өріс­ті­лігі, пайымының тереңдігі, пікірінің парасаттылығы еске сап ете түскен сонда.

«Кездессек кеңесуге уақыты болар ма екен?» деген оймен көрші ауыл Қырғызсайдағы Қапсалаң қарияның үйіне ат басын бұрдым. Бұрынғы әдеті­міз­бен шүйіркелесе кеттік. Әң­гі­менің арасында оның ауыл­да біраз күн аялдайтынын аңғар­дым. Бүгінде түгел түркі­нің бас қаласына айналған елордамыз – Астанадағы Қали­бек Қуанышбаев атындағы ака­де­миялық қазақ музыкалық дра­ма театрының же­текші ак­тері, Қазақстанның еңбек сің­ір­ген қайраткері, экранда – батыр Сардарды, партизан Қасымды, сахнада кемеңгер хандарымыз – Керей мен Абылайды кеме­ліне келтіре кейіптеген әйгі­лі әртіспен ауыл жас­тарын жүз­­дестіріп, тағы­лымды кеш ұйым­­дастыру ойға орала кетті. Ниеті­­мізге сай, аудан әкімдігі де ойымызды бірден құп көріп, Қуандықтың өзімен келістік. Сұхбатымыз еркін пікір алмасу рәсімінде өтті.

Аудандық кітапхананың оқырмандар залына жиналған қауым актердің жарқылдай күліп, өнер жайлы толғанған жып-жылы әңгімесінен ке­й­ін әп-сәтте жадырап сала бер­ді. Емен-жарқын сауалда­рын қойып, тұшымды жа­уап алды. Сахна саңлағының әңгі­месіне арқау болған қазақ өнері­нің корифейі – Кәукен Кенже­­таевпен алғашқы кез­дес­­­уі, өнер өлкесіндегі ұс­таз­­дары, сәттіліктері мен сәт­сіз­­­діктері, арман-тілек­тері, өн­ер жолындағы қызық­та­ры аудиторияның үлкен ықы­ла­сы­на бөленді. Әсіресе осы бір естен кетпес жүздесудің көркі болған – ол әрине Қуандықтың қайталанбас өнері еді. Жүзіне нұр ұялаған актер ортаға шығып Абылай ханның монологын оқыған кезде тебіренбеген, рух­тан­баған халық кемде- кем. Көздерінде от ойнаған жастардың сол кездегі жалын атқан жанарын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Оны тек көзбен көру керек. 

«Қазақтың қайран даласын,

Жағасы жайлау ел қылам!

Қара сирақ баласын,

Басқалармен тең қылам!

Осы жолда, әлеумет,

Тайсалар болсам – 

маған серт,

Тайқып кетсең, саған серт! 

Еремісің, әлеумет! – дегенде Қуандық актер емес, бейнебір хан Абылайдың өзіне айналып кеткендей. Өне бойды шымырлатып, қанды тулатар ердің алапат үнін естіп, от болып жанған жанарына көзің түскенде еріксіз «Иә, ереміз!» деп атойлап, орныңнан тұрып кете жаздайсың. Сөздің, үннің құдіретіне бас иесің! Абылай аңса­рының халық көкейі мен өз ішіңіздегі рухыңыз­­бен ұш­тас­қанына куә боласыз. Елбасы айтқан ұлттық кодтың, рухыңыздың жаң­ғыр­уы деген осы. Аңғара­­сыз да, әртістің сонау V-VI ға­сыр бұрынғы Абылай арма­­нын бүгінгі ұрпағына жалғас­тыр­ған шеберлігіне, рөлінің шынайылығына тәнті боласыз. Иә, бұл – өнер! 

Кешегі ауылдың қарапайым қара баласының бүгінгі биігін көріп, парасатын пайымдап, сол оқыған мектепте сабақ берге­ні­мізге мақтанып, ерекше бір марқаю сезімін бастан кештік дәл сол сәтте. Жастардың жанарынан «Мен де ертең осындай елімнің ерке ұлы, азамат актері, мақтанышы боламын» деген асқақ арманның жүрек түкпіріне орнап үлгергенін аңғарғандай болдық. 

 Ақиқатын айтсақ, түп-тегі­міз сонау Еділ патша, Күлтегін, Тоны­көктен бас­та­лады ғой. Әйтсе де төл тари­хы­мыз­дың кей­­бір кезеңдеріне жете мән бер­­меппіз. Осы ойды кездесу кейіп­­керімен бөліс­кенімізде, ол қалта телефонындағы ақбоз атпен сахнаға шыққан Абылай рөлін­дегі суретін көрсетті. Баға­на­ғы әсер тіпті өр­шіп, ақбоз ат үстін­­дегі халқын азаттыққа, ел­дік­ке, бірлікке шақырып тұр­ған Абы­лай – Қуандықты көр­ген­дегі сезімнің асқақтауын айт­саң­ыз­шы! Келесі күні Қыр­ғыз­сай, Жаңасай, Бірлік-Сүмбе, Шоша­най, Сүмбе мектептері оқушы­­ларымен болған кез­де­су­ді де Абылай ханның рухты моно­логымен бастауымыз осы бір тамаша сезімнің әсерінен бола­тын. 

«....Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!» деп Ілияс Жансүгіров жырламақшы, осын­дай талантты ұлдарын туған топырағының құр­меттеп, елеп-ескеріп тұруы – келешек ұрпақ үшін үлкен тағылым. Ауыл, аудан басшылары нау­қан­шылдықтан арылып, қа­сиет­ті топырақ түлеткен дарынды ұлдары мен қыздарын жиі-жиі туған жеріне шақырып, жергі­лікті халықпен жүйелі түрде жүз­дестіру шараларын ұйым­дас­тырып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл да ұрпақ сабақтастығының бір парасы екені сөзсіз. 

Жәнет КЕРІМҚҰЛ,

 «Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы

Алматы облысы