Өнер • 28 Ақпан, 2019

Үнді циркінің таңғажайып шоуы

811 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астаналық циркте белгілі аң үйретуші Андрей Корнилов жетекшілік ететін «Индира» цирк шоуының гастролі басталды. Елордалық көрермен тура бір ай көлемінде, яғни ақпанның 23-і мен 25-ші наурыз аралығында үнді пілдері мен өзге де экзотикалық жануарлардың таңғажайып қызыққа толы өнерін тамашалай алады.

Үнді циркінің таңғажайып шоуы

Шоу бағдарламаның сю­жеті бойынша Индира есім­ді қыз түсінде жабайы та­биғат пен экзотикалық жануарлардың әлеміне кез­дейсоқ тап болып, ертегі кейіп­керлерімен бірге таң­ға­жайып саяхатқа аттанады. 

Осылай басталатын шытырман оқиғаға толы көрсетілімде көрермен «Ин­дира» цирк шоуының жонглерлер мен аң үйретушілер, эквилибристер мен әуе гимнастшылары, акробаттар мен сайқымазақтар, сондай-ақ 85-тен аса жануарлар өнерін тамашалай алады. Оның ішінде түйе, пума, арыстан, ит, лама, питон, қол­тырауын, маймыл, жайра және аттар мен үнді пілдері бар. Әрқайсысы өзі­нің ерекше өнерімен көру­шісін қайталанбас қызыққа кенелтті. Әсіресе, Ранго, Прет­ти және Марго атты үш піл­дің әрекеті тіпті кере­­мет. Көпшілік алдында өнер көр­сетуге барынша ма­шық­танған алып жануарлар пирамида құрып, еңбектейді, билейді, шарға тұрады, тіпті түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, шеңбер айналдыруда да алдына жан салмайды. Айтулы шоу бағдарламаның ерекшелігі де сол: бұл – цирк манежіне бірден үш үнді пілі шығатын әлемдегі жалғыз қойылым.

Сондай-ақ таңғажайып көрсетілім аясында цирк өне­рінің жанкүйерлері аңыз­ға айналған «Піл­дермен жер жүзін айна­лып шығу саяхаты» ат­тракционының кейіп­кер­лері Корниловтар әу­ле­тімен танысып, әртіс­тер­дің автор­лық му­зыканың сүйемелдеуіндегі ерекше әсем хореографиялық жұ­мыс­тарының да куәсі бола алады. 

Айта кетейік, аң үй­ретуші Андрей мен Анас­тасия Дементьев-Кор­ниловтар Мәс­кеуде өткен Цирк өне­рінің бүкіл­әлем­­дік фести­валінің «Ал­­­тын сыйлығы» мен Ха­лықаралық цирк өнері фестивалінде бірінші орын және «Алтын піл» сый­лығын, сонымен қатар Ижев­скіде (Удмуртия) өт­кен Халықаралық цирк фес­тивалінің, бас жүл­десін қан­жығасына байлады. Бұдан бөлек, Ре­сей мемлекеттік цирк ком­паниясының «Ша­ри-вари», Ресей цирк қай­рат­керлері одағының «Үз­дік әртіс-2012» (Андрей Де­мен­тьев-Корнилов) жә­не «Үздік жыл аттракцио­ны-2015» аталымында «Ше­бер» сыйлығы мен Цвет­ной бульвардағы Никулин циркі Халықаралық цирк өнері фестивалінің «Алтын піл» Гран-приін иеленген.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»