Білім • 28 Ақпан, 2019

Астанада халықаралық деңгейдегі «SABIS» мектебі ашылады

675 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана білім саласында инвестициялық жобаға қол қойылған қазақстандық алғашқы қала болды. Бизнесмендер жобаны 100% қаржыландыруға қамтамасыз етеді, ал қалалық билік құрылыс салу үшін жер учаскесін заттай грант түрінде ұсынады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада халықаралық деңгейдегі «SABIS» мектебі ашылады

Бүгін әкімдікте қала әкімі Бақыт Сұлтанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова және БАӘ Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахмад Альджабераның қатысуымен білім беру саласындағы жобаларды дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің, Астана қаласы әкімдігінің, ««ASTANA INVEST ҚИДО»ЖШС, қазақстандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты. Іс-шара аясында «SABIS» халықаралық мектебін салуға қол жеткізілді. Білім саласындағы бұл инвестиция аясында 1 мың орындық мектеп пен 250 орынға арналған мектепке дейінгі білім ошағы ашылады.

«SABIS» халықаралық мектептер желісі әлем бойынша 20 елде бар. Жаңа халықаралық мектептің құрылысы қаладағы мектептер жүктемесін азайтып,  жаңадан 200 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік бермек.

«Қаланың қарқынды өсуіне ескеретін болсақ, жаңа оқу орындарын ашу өте маңызды. Біз алдағы бес жылда 120 мың оқу орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – қазіргіден екі есеге артық көрсеткіш. Соның ішінде шетелдік және еліміздің инвесторлары есебінен 20 мың орындық жекеменшік мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Жеке инвесторлардың есебінен осындай жобалардың жүзеге асатынына біз қуаныштымыз», – деді Бақыт Сұлтанов.

Әкім айтып өткендей, білім сапасын көтеру мақсатында Елбасының бастамасымен кейбір аймақтарда соның ішінде, Астанада жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу арқылы мектептерді дамыту жөнінде қосымша шаралар жүзеге асырылды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінде білім беру саласына жеке бизнесті тартуға мүмкіндік қарастырылған.  

«Бұл – Астана мен «SABIS» үшін тарихи сәт. Біз Астанаға өзіміздің 130 жылдық тәжірибемізбен және сіздердің «2050» стратегияларыңыздың бір бөлшегі болып келеміз», – деді «SABIS Group» вице-президенті Виктор Саад.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел аясында отандық бес инвестормен Астанада 17,4 млрд теңгеден астам инвестиция көлемінде жаңа жекеменшік мектептер құрылысы бойынша келісім жасалды.  

Елорда әкімдігі білім беру саласын әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар жеке инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың айтуынша, «SABIS» мектеп құрылысының бірінші кезеңін қаржыландырудың өзі 15,5 миллион долларды құрып отыр.

«Бұл – жүз пайыз жеке инвестиция. Біздің тараптан құрылыс салу үшін жер учаскесі заттай грант түрінде ұсынылды, яғни инвестициялық келісімшарт аясында тегін. Бұл – еліміз бойынша білім саласында мектеп салуға арналған заттай грант ұсынылған алғашқы келісімшарт. Құрылыс осы жылы басталып, 2022 жылы толық аяқталады», – деді Малика Бектұрова. 

Бүгін қол қойылған құжаттар негізінде салынатын өзге де жекеменшік мектептер 100% жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын жоба болып табылады. Малика Бектұрованың айтуынша, жекеменшік мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы жартылай немесе толығымен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасауы мүмкін.

«Мектепке келген әр оқушы автоматты түрде мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қазір салынып жатқан жекеменшік мектептер осы жүйеге қызығушылық танытатыны сөзсіз. Кей мектептер жартылай ақылы, ал кейбірі толығымен тегін болады. Ол мектептің білім сапасына және салынған қаржыны қайтарудың жолына байланысты. Біз ақылы мектептерге де және мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасағысы келетін мектептерге де мүмкіндік береміз. Қазір екі мектепке де сұраныс бар», – деді М. Бектұрова.