Өнер • 01 Наурыз, 2019

Аяқталмаған ән

1007 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Аяқталмаған ән

1.

Қайсар мінезімен ерте есейген және ағайын арасындағы «етекбастылықты» да ерте көрген Жәнібектің өмірі мен өнер жолы алғау мен талқыға толы болды.­­ Таланттың бақталайына орай тағдыр оған ұлы әнші Жүсіпбек Елебековті тізгін ұста­тар ұстаз етіп жолықтырды. Жүсекең өзіне дейінгі исі қазақ өнерінің інжу-маржанын шәкіртінің бойына сусындата сіңірді. Ол жиырма жасында Тұлға дәрежесіне көтерілді. 

2.

Алпысыншы жылдардың басында кеңестік идеологиялық қысымның тізгіні босап, қазақтың руханияты да қауырт түлеуді басынан кешірді. Аудандардың өзінде халық театрлары мен ән-би ан­­сам­бльдері ұйымдастырылды, түрлі бай­қаулар өткізілді. Міне, Кәрменнің ұлы Жәнібектің де бағы сол тұста ашылды. Біржан сал, Ақан сері, Әсет, Балуан Шолақ, Естай әндері сахнада еркін шырқалды. Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Ақылбай, Мұхаметжан сияқты өнер тарландарының әндерін айтуға мүмкіндік туды. Әсіресе «Қайып­тың термесі» сияқты толғаулар халықтың арасына кең тарады. Сол ұлы ағымға Жәнібек те өз үнімен қосылды және Абай әндеріне тереңдей берді. 1966-1967 жылдары бір жыл бойы Жүсіпбек Елебековпен бірге ел аралап, концерт қойды. Ұстазының ән мәнерін бойына барынша сіңірді. «Құлагер», «Ғалия», «Ғазиздің әні», «Аққайың» әндері оның сол жылдардағы өзі де сүйіп, өзгені де сүйіндірген рухани олжасы еді. Осы бір жылдың ішінде Жәнібектің бүкіл әншілік болмысы толықтай қалыптасты. Үлкендермен араласа жүріп батасын да алды, үйрене жүріп өзі де тез есейді. Бір жолы ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың көңілін сұрай барған Жүсекең Жәнібекті де ертіп алады. Сонда дерт меңдеп жүр­ген Манарбек Ержанов Жәнібектің дау­­­­­ы­сын тыңдағаннан кейін көзіне жас алып: «Жүсіпбек, сенде арман жоқ, ар­тыңда атыңды өшірмейтін шәкіртің бар екен. Мені айтсаңшы, соңында жоқ­таушысы жоқ», – деп өкініпті. Осы оқи­ғаны Жәнібек те толғана айтып, содан кейін Шашубайдың «Аққайыңын» жиі айтуға тырысатынын ескертіп еді. Ол 1967 жылы өнер студиясындағы Жү­сіпбек Елебековтің класына оқуға қабыл­данды. Қайрат, Қалампыр, Қапаш, Қажыбек, Рақым, Жабықбай, Алмақан іспетті құрбы-құрдастарымен бірге түле­ді, қанаты қатайып, топшысы бекіді. Олар­дың бәрі де өнер жұлдыздарына айналды.

Жәнібектен қатты күдіктенген дәбір­лер оны басбілгі жасап алғысы келді, бі­рақ ондайға көнетін адам Жәнібек емес еді, сондықтан да оны қудалай бас­тайды. Солардың бірі кейін мәдениет министрі, елші болған кезінде де оның со­ңынан қалмады. Жәнібектің жанашыр досы, атақты скрипкашы, мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов ән­ші есімінің концерттік тізімдер мен ше­тел­дік гастрольдерден қалай сызылып қа­латынын ұзақ уақытқа дейін түсін­бей-ақ қойғанын қазір де таңдана айтып береді және осы жігіттің араласуы­мен сексенінші жылдардың екінші жартысында ғана оның жолы ашылды. Өзі де өр­ мінезді Жәнібек ешкімге басын имеді. Өне­ріне өмір бойы кедергі келтірген сол адам­дар қапысын тауып, Жүсекеңнің демалысқа кеткен кезін пайдаланып, оны 1968 жылы студиядан шығарып тынады. Ол сол бетінде ауылға аттанып, мәдениет клубында істейді. Өнер жолы мүлдем кесіліп қалғандай болды. Енді жазушылыққа, дәлірек айтсам, ақындыққа барынша ден қойды. Өлең­деріміз аудандық газетте жарыса шы­ғып тұрды. Наурыз айында аяқ астынан Алматыдан арнайы милиция өкілі келіп, еш­нәрсеге қаратпастан Жәнібекті самолетпен алып кетеді. Ертегіге ұқсас бұл оқиғаның жай-жапсары Хабиба апай Елебекова мен Қажытай Ілиястың ес­телігінде егжей-тегжейлі баяндалған. Тек сол жолы Республика ішкі істер министрі Шы­рақбек Қабылбаевтың бұйрығымен Жәнібектің шұғыл түрде Алматыға ша­қыртылғанын, сол күні министрдің бір бөл­мелі үйдің кілтін қолына ұстатқанын, ал жыл аяғында үш бөлмелі жаңа пәтер бер­генін ескерте кету парыз. Сөйтіп, ол ішкі істер ансамблінің әншісі болып шыға келді. 1972 жылы ол ансамбль таратылды. Оның «ескі достары» бұл кезде билік басында отырған. Бұл Жәнібек үшін сахна жабық деген сөз еді. Сондықтан да ол өзінің орнын басқа саладан іздеді. Бала кезінен жүрек аңсары болған сөз өне­рімен айналысуға бекініп, Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті.

Қолдың қысқалығынан ол еріксізден-еріксіз университетті үшінші курстан­ кейін тастауға, жылу жүйесі мен ком­мунал­дық шаруашылық саласында жұ­мыс істеуге мәжбүр болды. Мұны біреу біл­се, біреу білмеді. Бала-шағаны асырау, егде тартқан анаға қарайласу, өнерден қол үз­бей, үнемі өзін өзі бабында ұстау оған да оңайға соққан жоқ. Тауы шағылғандай, ар­маны ойрандалғандай, келешегі кесіл­гендей сезініп, өмірден түңіле жаздаған сәттері де кезікті. Сондайда ұлы жүректі қай­сар анасының рухани қолдауы мен қай­рауы үлкен демеу берді.

Сол тұстағы Жәнібектің дауысының тембр қуаты керемет күшті болатын, қасында отырып ән тыңдау мүмкін емес еді. «Астафиралла!» деп қос құлағын ба­са қалғандардың талайын көрдім. Амал қайсы, сол әндердің ешқайсысы үнтас­паға жазылып қалмады. 

Ән айтқанда, қызынып сөйлегенде, адам­ның бойын шымырлатып, өзіне бүтін­дей баурап алатын. Әсіресе, Абай­дың «Сегізаяқ», «Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы», «Ата-анаға көз қуа­ныш», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» атты әндерін орындағанда, тыңдап отырған адамның сай-сүйегін сыр­қыратып, өзегіңді өрттей қарып, күйіндіріп, есіңнен тандырып жіберетін. Жәнібектің әнін тыңдағаннан кейін екі-үш күнге дейін өзіңе-өзің келе алмай­тынсың. Сол сәттерде Жәнібекпен жай­ сөй­лесуге де, қалжыңдасуға да дә­тің бар­майтын. Содан кейін барып қалпы­мызға түсуші едік. Өйткені ол сахнаны үнемі сағынып жүретін және тың­даушы іздейтін. Сондықтан да, дос-жарандарының үйіне таңдап жүріп барып, таң атқанша ән айтатын. Біздің көбі­міз Алматының іргесіндегі ауылдарда пәтер жалдап тұрушы едік. Сонда әнге елтіген көршілер де бізбен қоса таң атыратын. Тіпті орыстардың өзі: «Боже мой, какой голос!» – деп басын шайқап тұру­шы еді. Ол еліміздің барлық түкпірін аралады. Мұхиттың, Ке­неннің әндерін жас кезінен ұнатып айтатын. Ол әнге ше­кара қойып жіктегенді ұнат­пайтын. Тек «Қанатталдыны» ғана сұратып айтушы еді.

«Жалын» баспасы ашылысымен оның директоры, ақын, өзі де сері көңілді әнші марқұм Қабдікәрім Ыдырысов Жәні­бекті өнер бөліміне қызметке алды. Бұл ол үшін үлкен олжалы әрі парасат кезеңі болды. Бұрын әдебиет пен мә­де­ниет саласындағы «тек қана классик­­термен араласатын» Жәнібек енді сол май­дан­ның бар толқынымен қойындаса жүр­ді. Баспаның тақырыптық жоспары,­ қолжазбаны редакциялау, автормен жұмыс істеу, оқыр­манмен байланыс жасау іспетті мәселелер Жар­­қын Шәкәрімов екеуіне тапсырылды. Жәнібектің ұсынысымен «Өнердегі өмір» атты жаңа кітап сериясы дүниеге келді. Ол серия кейіннен қалың көпшіліктің із­деп жүріп оқитын басылымына айналды. Маған қоярда қоймай жүріп ұлы актер Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жа­зуға көндірді. Жоспарға да тез кіргізді. Ен­ді қолға қалам алудан басқа амал қал­мап еді. Бірақ бұл тапсырманың менің өмі­ріме үлкен бетбұрыс әкелетінін ол да, мен де аңғармасақ керек. Сол тұста ашқан ар­хив­тің есігін әлі жаба алмай жүрмін... Оның да өзіндік пайдасы мен зияны бар. 

Ән тарихын зерттейтін ғалымдар мен зиялы қауым мына пікіріме қарсы келе алмас деп ойлаймын. Мысалы, «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» бұрын айтыл­майтын. Манарбек орындаған үлгіні ұс­тана отырып, бүгінгі дәрежеге жеткізе жетіл­дірген де Жәнібектің өзі болатын. «Қайран жастықтың» сөзін де өңдеген өзі. Оны ән мәтініндегі «гүл дәурен» деген тіркестен-ақ байқауға болады. Ол ән­дер­дің қалың жұртшылық арасындағы әсерінің күштілігі сондай, түрлі басылымдарда Жәнібектің сахнаға оралуын талап ет­кен мақалалар жариялана бастады. Сол тұста Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» атты өлеңіне лайықты мақам тапты, өзінің әйгілі «Толғауын» жаз­ды. Бірақ та бұл әндер сахнаға жеті-сегіз жылдан соң барып шықты. 

Жәнібектің өнердегі екінші өмірі жет­пісінші жылдардың аяғында «Ән домбы­рамен» басталды. Оған себепкер адам Абай елінің өнерін қайта түлетуге жанын сала еңбек сіңірген ағамыз Мейрамбек Жан­болатов еді. Қара күзде жеңгеміз Үміт екеуі Алматыдағы «Алатау» демалыс үйіне келе қалды. Мейраш аға мені «Білім және еңбек» журналына іздеп келіп, Жәні­бек екеумізді қонаққа шақырып, өзінің аздап бұйымтайы да барлығын ескертті. Ән шығарыпты. Соған енді тек қана менің сөз жазуым керек екен. Өйт­кені әннің аты – «Арқа». Орда тауы­нан шыға келгендегі алдыңнан айқара ашы­латын Шыңғыстауды көргендегі ғажайып сезім әсері бейнеленуі тиіс. Оны менен басқа ақын түсінбейді екен. Жәнібекпен сөйлестірдім, көрші бөл­медегі Несіпбекпен таныстырдым. Оны бойына онша тоғытпады. Екі-үш күн әуре­леніп едім, ештеңе шықпады. Ақыры Жәні­бекке қайта телефон шалып, Не­сіпбекті бірге ала баруға көндірдім. Олар бірге баруға уағдаласты. Ертеңінде демалыс үйіне барсам, Мейраш ағаның ме­нің сәлемімді алуға мұршасы келмей қалыпты, екі көзі Несіпбектің қаламының ұшында, ал Жәнібек болса екеуіне кезек-ке­зек төне түсіп, домбыраны шертіп отыр. Үшеуі мені адам қатарына қосар түрі жоқ. Бірден түсіндім. «Ахау, Арқаның» сөзі тамаша шығып, енді келесі әннің сөзіне көшіпті. Неғыласың, сол күні «Ән-домбыраның» сөзі өмірге келді. Несіпбек буыр­қанған бақсыға ұқсап шамырқана оты­рып тағы бір екі әнге сөз жазды. Бірақ та «Ән-домбыраның» әсеріне қайдан жетсін! Әрине, ән де, әннің сөзі де кейіннен шыңдалды. Риза болған Мей­раш аға: «Ақыным да, әншім де бір жер­ден табылды», – деп қатты қуанды. Бұдан кейін де әлі бағы ашылмаған «Ақ бесік», «Тоғжанның зары» сияқты тағы да басқа әндер қанат қақты. Жәнібек «Ән-домбы­раны» екі-үш жылдай «баптады». Содан кейін барып сахнаға шығарды.

Бұл Жәнібекті әнге бет бұрғызған алғашқы үміт ұшқыны еді.

Міне, сол тұста Жәнібектің басына біраз жыл бойы үйірілген бұлтты Арқаның самал желіндей болып Алматыға кө­шіп келе калған Ақселеу Сейдімбек же­ңіл де жебеуші көңіл қолыменен жиы­­­рылған жібек шымылдықтай етіп ысы­рып жіберді. Тәртібі аса қатал «Социалис­тік Қазақстан» газетінің мәде­ниет бөлімінің меңгерушісінің бөлмесі таң­ғы тоғыздан кешкі алтыға дейін дом­быраның күмбірінен, кешкі алтыдан бастап түнгі он екіге дейін «бис» пен «пастың» күбірінен арылмайтын. Дәнеш, Мәдениет, Шәміл, Сыматай, Қай­рат, Жәнібек сияқты саңлақтардың өнерін сол бөлмеден қызықтайтынбыз. Сол екі «майданның» ішінде Жәнібек пен Несіпбек жүрді. Ақыры күндердің бір күнінде тосын толғаныс басталды. Ақаңның екі інісінен маза кетті. Бұл сапырылыс екі-үш айға созылды. Соның нәтижесінде «Дәурен-ай» туды. Оның әр сөзін Ақаң маржан тізгендей ірік­теді. Әннің ырғағы да күн өткен сайын­ жаңа қағысқа ауысты. Екі інісінің сілік­песін шығарып барып Ақаң да толас тапты. Жоқ, тыныс алды. Араға апта өт­пей жатып жанығу қайта басталды. Енді бұрынғыдан да тереңдеп, «Сары­жайлауға» кірісті. Мұның әр сөзі талқыға түсті, өзгертілді, қайтадан қал­пына келтірілді. Әуені де біресе созылып, біресе ырғағы ауысып отырды. Ақаң Жәнібектің дауыс мүмкіндігінің барлық шегі мен бояуын емін-еркін сынап-ақ бақты. Ол да жанып түсті. Әннің астарлы мағынасын, емеурінін, шырқау шегін, тыныс мөлшерін әр жолы жаңа әр қосып айтумен болды. Кейде күйдің қағысын қосты. Сол тәсіл Ақаңа өз­геше бір ой салды ма, кім білсін бір күні: «Ей, Жәнібек! Мынаны тыңдашы. Алла-ай, сұмдық қой, мына даланың көкжалдары», – деп бір әуенді домбырада тарта жөнелді. Шындығында да сөйлеп тұр! Мағынасы жағынан «Дәурен-ай» мен «Саржайлаудың» заңды жалғасы әрі қорытындысы. Ақаң емексітіп қойды да, кереметін кейін көресіңдер деген емеурін танытып, Жәнібекті үйіне алып кет­ті. Біраз уақыт әлгі салбурын саябыр тарт­ты. Үйде де, түзде де Жәнібек әлгі әуен­ді домбыраға салып, қайталай берді. Бір күні орта дауыспен маған айтып берді де, түсінік бермей жалтара жауап қатты. Мен таңданғанымнан дыбысым шықпай қалды. Содан Ақаңның бөлмесіне барып, «дайындықтарын» көріп отыр едім, сәтін салып Мәдениет Ешекеев ағамыз келе қалмасы бар ма. Ақаң мен Жәнібек қарға аунаған түлкідей құлпырып кетті. Жұмысты ысырып тастап, Мәдениетке ән айтқызды. Ол кісі жер мен жағдай таңдамайды. Тыңдаушыға да қарамайды. Әнді өзінің көңіл рахаты үшін айтатын сияқты. Бірақ Ақселеу мен Жәнібек екеуі қосыла қолпаштаса, қара тас та жібиді емес пе?! Әй бір сусынды да, айызды да қандырды. Содан кейін кезек Жәнібекте дегендей Ақаң ишара білдірді. Әуелі «Дәурен-ай», содан кейін «Сарыарқа» айтыл­ды. «Сөзі – менікі, әні – Ақаңдікі» деп екі көзі жыпылықтап Несіпбек отыр. Мәдениет ағамыз да тебіреніп: «Менің де дауысыма келеді екен. Сөзін жазып берші» – деп қалды. Бір кезде Жәнібек ерек­ше екпін алып, домбыраның үнін барынша төгілдіріп келіп, «Ааааааай... Күлдір-күлдір кісінетіп...» – деп аңыратып қоя бергені... Бізді қойшы, Мәдениеттің өзі есеңгірегендей күй кешкен тәрізді көрінді маған. Ондай сезімді мен қайтып басымнан кешкенім жоқ. Ақтанбердінің «Толғауын» алғаш рет тыңдаған адамның барлығы да сондай күй кешетіні анық. 

Міне, сол күннен бастап Жәнібектің бағы өрледі, алды ашылды, тағдыр тос­пасы бұзылды. Өзінің екінші тынысы ашылғанын сезген Жәнібек енді ел аралап, бойындағы барын халқының жүрегіне жеткізуге аңсары ауды. Өзі де кемел­деніп, анау-мынау арандатуға оңай­шылықпен алдырмайтындай, жалынан тістетпейтіндей күш-қуат пен «күрес тәжірибесін» жинақтап алып еді. Оның үстіне 1979 жылдан бастап өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтің ән класына дәріс беруі оны бұрынғыдан да ширатты. Шәкірттерін де үйретті, өзі де үйренді. Өмір мен өнер дүниесінен тел тәлім алды. Мінезі де жайдарланып, бойы да, ойы да байсал тартып, ысылып сала берді.

1982 жылы күз айында тележурналист Сейілғазы Әбдікәрім хабарласып,­ соңынан арнайы жұмысқа келіп: «Жәні­бек екеуің ән туралы тұрақты хабар жүргіз­сеңдер» – деген тілек білдірді. Жәнібек те қарсы болмады. Бұл Жәнібектің де, оның достарының да, мұқым халықтың да көптен күткен аңсары болатын. Оның болашақ тағдырын да шешіп бере­тін. Сондықтан да, жұрт мойындай қой­маған менен гөрі, шешен де көреген сұң­ғыла ғұлама Ақселеу ағамыз бұған әб­ден лайық еді. Екеуміздің тілегімізге Ақаң да келісе кетті. Хабар желтоқсан айында «Абай әндері» деген атпен түсі­рілді. Бірінші көрсетілімнен соң-ақ­ Жәні­бектің атағы жерді жара көкке көте­рілді. Өзін былай қойғанда, оның шәкірт­тері дүниені шарлай бастады. Әншілікпен қоса қаламгерлік өнерін де қатар ұстады. Кейде ол әннен гөрі сөз өнерін жоғары ұстайтындай сезілетін. 86-жылғы оқиғаның сұмдықтарын көр­кем шығармаға айналдыруды армандайтын. Адамдарды қапқа салып, аузын буып, жардан лақтырып жатқан оқиғаны «Ғашықтың тілі» атты хикаятының басты кейіп­кері Шуақтың түсі ретінде суреттеп жазды. Сондай-ақ «Молаға бастаған жол» атты аяқталмай қалған шығармасындағы саксафоншы жігіттің де тағдыры декабрьмен ұштасушы еді. Амал қанша, ол мақсатына жете алмады.

Кейіпкерінің емес, одан бұрын өзінің өмір жолы молаға барып тірелді.

3.

Ол өзінің ең шешуші және ұлы кон­­цер­тін қоя алмай, соңғы шырқау әнін ай­та алмай, ағыны қатты екпінін баса алмай өмірден ағып өте шықты. «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың», – деп өзі өзгелерге ескерту жасай отырып, сол өсиетіне өзі мойынсұнбады. Сапарға жалғыз шықты. Өкініп те үлгермеді. Бірақ өзгелерді өксітіп кетті.

Жәнібек Кәрменовтің «Аяқталмаған күй» деген әңгімесі бар еді. Өзінің де күйі аяқталмай қалды. 1992 жылы 22 мау­сым күні кешкі сағат бес жарымның мөл­­шерінде Алматы-Қапшағай кү­ре­ жолының қырық тоғызыншы шақыры­мын­да жол апатынан қаза тапты. Ол да бір Алланың жазуы шығар.

Жәнібектің тәні Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Артында дауысы мен үш томдық көркем сөзі және үш баласы мен жары, елі қалды.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ