Жеңіл атлетика • 01 Наурыз, 2019

«Командамыз әлі жас»: көркем гимнастикадан топтық жаттығуда бақ сынайтын спортшылар туралы не білеміз?

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы Мәскеуде өткен Гран-при кезеңіндегі топтық жаттығуда екі мәрте үздік бестік қатарына енді. Бүгінге дейін отандық гимнастар мұндай көрсеткішпен мақтана алмайтын. Алғашында Астана қаласының намысын қорғаған бүлдіршін қыздар бүгінде Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатысатын кәсіби спортшыларға айналып келеді. Топтық жаттығудан команда бапкері Оксана Нечитайло ҰОҚ баспасөз қызметіне сұхбат беріп, гимнастардың алғашқы қадамын бағалады. 

«Командамыз әлі жас»: көркем гимнастикадан топтық жаттығуда бақ сынайтын спортшылар туралы не білеміз?

 - Ресейдегі Гран-при турнирінде біз алғаш рет үздік бес команда қатарына ендік. Бүгінге дейін біздің алдымызды орап келген Түркия мен Әзірбайжан қыздарынан осы жолы оздық. Бұл басымдықты әрі қарай арттыра түскіміз келеді. Мәскеудегі бәсеке жылдың ең алғашқы ресми додасы болғандықтан, командалар мен жекелей сын қатысушылары көптеген қателіктер жіберді. Өйткені, маусым басында барлығы да жаңа бағдарлама дайындайды. Ал оны айна-қатесіз орындап, «пісіру» үшін әлі уақыт керек. Гимнастар шамамен көктемнің аяғы мен жаз басталғанда нағыз бабында болады, - дейді бапкер. 

Топтық жаттығудан Қазақстан командасында алты спортшы өнер көрсетеді.

Олар: Джессика Будник, Даяна Жакупова, Регина Сұлтанова, Жанерке Дәулетқұлова, Сағина Мұратқызы және Дария Шарафиденова. 

 - Гимнастардың барлығы дерлік менің көз алдымда өсті. Оларды алты жасынан бастап тәрбиеледім. Бүгінде олар сұлу әрі сымбатты қыздарға айналды. Олар бұрын Астана қаласының командасы ретінде бақ сынаған, енді міне, ұлттық құраманың негізін қалап отыр. Тек екі спортшыны басқа қаладан тапқанымызды айтқым келеді. Жанерке Дәулетқұлова Тараз, Сағина Мұратқызы Шымкент қаласындағы көркем гимнастика мектебінің түлегі. Екеуін әзірге бір бағдарламаға қосып жүрмін, болашақта шыңдала түсері сөзсіз. Қыздардың бәрі талантты, бәрі сұлу, - дейді Оксана Нечитайло. 

Бапкердің айтуынша, Гран-при кезеңдерін бағалайтын төрешілер қатарына қазақстандықтар енбеген. Бұған біздегі төрешілер кіші санатта болуы әсер етіп отыр. 

 - Топтық жаттығуға баға беретін қазылар қатарында біздің өкіліміз жоқ. Гимнастар өнерін бағалауды жоғары санатты төрешілерге тапсырады. Өкінішке қарай, санты төмен болғандықтан, қазақстандық мамандар қазылар құрамына енбеген. Негізі, өзімізден бір төрешінің төрде отырғаны артық болмайды. Келесі маусымда осы мәселе оң шешімін тапса деген тілегім бар. Ал жалпы дайындыққа келер болсақ, айтарлықтай қиындық жоқ. Астанадағы федерацияның арнайы залында дайындаламыз. Ұлттық Олимпиадалық комитеті бар шығынымызды көтеріп, жағдайымызды жасауда, - дейді бапкер. 

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасы наурыз айында Украина астанасы Киевте өтетін Гран-при кезеңіне дайындалуда. Құрама алдында Азия және әлем чемпионаттарында сәтті өнер көрсету міндеті тұр. 

 - Біздің командамыз әлі жас. Мәскеудегі турнирден соң көптеген шетелдік мамандардың көңілінен шыққан жайымыз бар. Айтарлықтай қателік жібермедік. Маусым басы болғандықтан, ең мықты деген Ресей құрамасының өзі білгенінен жаңылды. Дегенмен, гимнастарды бұл үшін кінәлауға болмайды. Ең маңызды жарыстың бәрі алда. Жазда Таиландта өтетін Азия чемпионаты мен қыркүйек айында Бакуде өтетін әлем чемпионатына қатысу жоспары тұр. Сол сындарда аянып қалмауға тырысамыз. Әрине, Олимпиада жолдамасы да ойымызда. Бірақ лицензия жеңіп алу оңайға соқпайды, - деді команда бапкері.