Театр • 05 Наурыз, 2019

Театрлар шеруі Астанаға неге тоқтамайды?..

1353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай мемлекет, қай өлкеге бармайық, өзін мәдениетке жақын санайтын кез келген адам ең әуелі сол қаланың тарихи көрнекті жерлері мен театрын іздейтіні анық. Мәселен, Парижге барып тұрып Гранд Операға, Миланда жүріп Ла-Скалаға соқпай кету немесе Мәскеудің әйгілі Үлкен театры мен «Современник», Е.Вахтангов атындағы драма театрларының шығармашылық тынысымен таныспай кері оралу – біздіңше, өнерге ғашық әр көрермен үшін рухани талай дүниені жоғалтумен пара-пар олқылық.

 

Театрлар шеруі Астанаға неге тоқтамайды?..

Сол секілді еңселі елордамыз – Астанаға жолы түскен кез келген қонақтың да жас қа­ла­­ның сұлу сәулетімен қатар, мә­де­ни ошақтарын аралап, рухани қуанышқа кенелуді көксейтіні заң­дылық. Шет мемлекеттерді айт­пағанда, еліміздің басқа өңір­ле­­рінен келетін мейманын да ас­­­таналықтар әуелі театр мен кон­­­­цертке апарып қыдыртатыны рас. 

Әлі есімде, Астанаға алғаш келген кезім болатын. Елорданың мәдени өмірімен танысқым кел­ген соң қаланы аралатуын өті­ніп досыма қолқа салдым. Та­нысым екі сөзге келмеді. Сөй­тіп, ақылдаса келе рухани сая­хаты­мызды Астананың бас теат­ры – Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музы­калық драма театрынан (ол кезде «Астана Опера» әлі салына қоймаған – авт.) бастауды жөн көрдік. Бірақ неге екен, өнердің айналасында қызмет етпесе де, досым: «Алматының салтанатты театрларынан кейін саған біздің театр қалай әсер етер екен? Қатты қиял құрмай барарсың. Әйтпесе, көңілің қалады», деп бірден ке­сіп айтты. Оның нақты нені қа­уіп етіп тұрғанын түсінбесем де, әй­гілі режиссер Әзірбайжан Мәм­­бетовтің ізі қалған театр алыс­­­тан менмұндалап шақыра берген.

Иә, шынымен де, біз барған теа­тр Алматыдағы бір ғана М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының атшаптырым залы, жалпы салтанатымен салыстырғанда құс­тың ұясындай ғана екен. Сах­насының көлемі де шап-шағын. Ал көрермен залының жағдайы, орындықтарының орналасу рет­тілігі ғимараттың театр құ­ры­лы­сы заңдылықтарынан әлде­қай­да алыс жатқандығын әйгілеп тұр. 

Әрине, бұл театр ішін сырттай бақылағандағы алғашқы әсер ғана. Қуантарлығы – то­сыр­қау сезімімізді аядай сахна­да ақ тер, көк тер боп кесек бейне тудырып жүрген актерлер ойы­ны бір-ақ сәтте ұмыттырып жі­берді. Десек те, бір өкініш – Ас­тана театры жай­лы алғашқы әсер осылайша көңілде жатталып қалып қойды. 

Кейін білдік, ғимарат тіпті де кәсіби академиялық театрға арналып салынбапты. Бұрынғы аудандық партия комитеті ор­наласқан үй болып шықты. Яғ­ни, бас қаланың жалғыз ака­де­миялық қазақ драма театры әлі күнге дейін мектептің мәжіліс залынан сәл үлкен кеңістікте өнер көрсетуге мәжбүр. Жыл сайын өтетін қорытынды есеп бе­ру жиындарында: «Қалибек Қуанышбаев атындағы акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрына ғимарат салынады, тіпті жер телімі де бөлініп қойыпты» деген сүйінші жаңалық жылт етіп жария болады да, іле соңы тыныштыққа ұласады. Бұл – бірнеше жылдан бері айна-қате­сіз қайталанып келе жатқан жағдай. Ондайда елорданың өнерсүйер бір көрермені ретінде өрекпіп қалған көңіліміз, кейін тез-ақ қайтып қалыбына түседі. Өйткені сөз айтылғанмен, сең орнынан қозғалар емес. «Баяғы жартас – сол жартас» қалпында. 

Міне, ол уақыттан бері де 10 жылдан аса уақыт өтті. Театрдың көркемдік деңгейі күн санап өсіп, сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерілгенімен, шағын ғимарат біз күткендей салтанаты келіскен нағыз театр сарайына айнала қоймады. Ал бұл аралықта бір ғана Астананың өзінде «Астана Опера», «Астана Балет», «Nomad City Hall» концерт залы, Қазақ Ұлттық хореография академиясы сынды бірнеше өнер ордасы бой көтеріп үлгерді. Бұдан бөлек, рес­публикамыздың облыс орта­лықтарында ашылып жатқан сәні мен салтанаты келіскен су жаңа театр ғимараттары да Ас­тана жаққа келер театр кө­шін тағатсыздандыра күт­тіріп қойған. Мәселен, Ақ­тау­дың Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық музы­ка­лық драма театры, Қара­­ған­дының С.Сейфуллин атын­дағы облыстық қазақ драма театр­ы, Өс­кеменнің Шығыс Қа­за­қ­стан облыстық драма театр­ы, Шымкенттің Ж.Шанин атын­дағы қазақ драма театры, сол секілді өткен маусымда ғана шы­мылдығы салтанатты түрде М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» му­зыкалық комедиясымен тү­рілген Б.Римова атындағы Тал­­ды­­қорған драма театрының көр­кі көз сүріндірер әсем ғима­рат­тарының табалдырығына табан тигізіп тұрып, Арқа төрін­дегі елордамыз – Астанада да Қ.Қуа­нышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына тиесілі дәл осындай еңселі ғима­раттағы тұсау кесу тарихи сәтін армандағанымыз жасырын емес.

Рас, астана Астана болған 20 жылда елорда төрінде көздің жауын алар небір әсем ғимараттар бой көтерді. Оның арасында «Астана Опера» мен «Астана Ба­лет» сынды құрылыс сапасы мен заманауи жасақталу деңгейіне әлем тамсана қарайтын теңдессіз сәулет туындылары да бар. Бәлкім, жоғарыда келтірген уә­жімізді де «Астана Опера» театры­ның салынуын алға тартып, жоққа шығарушылар табылар. Бірақ қалай десек те әр өнердің жанрына сай өз көрермені бар. Мәселен, Еуропа елдерімен са­лыстырсақ, Орталық Азия мем­лекеттерінде қарапайым кө­­­рерменнің операға қарағанда драма театрларға деген сұра­нысы һәм қызығушылығы басым. Бұл үрдісті Қазақстан теа­тр­­ларындағы өнерсүйер қа­уым талғамынан да анық бай­қауға болады. Яғни, бас қалаға қонақ боп келген көрерменнің бар­лығы бірдей Опера мен балет театрын жағалайды десек, сөзіміз жалған шыққан болар еді. Демек, 20 жылда мәдениет пен өнердің биік өлшемі, ордасына айналған Астанаға дәл опера мен балет театр­лары секілді ел ұялмай баратын салтанатты драма театры да ауадай қажет. 

Еліміздің түкпір-түкпірін аралаған театрлар шеруі Астанаға аялдаса, қанеки?!.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»