Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда Наурыз мейрамына дайындық басталып кетті

1229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде әзербайжан ұлтының 1800-ге жуық өкілі тұрады.

Солтүстік Қазақстанда Наурыз мейрамына дайындық басталып кетті

Әзербайжан мәдени орталығы 1995 жылдан бері жұмыс істейді. алғашқылардың бірі болып құрылды. Олар да барлық түркі тілдес халықтар сияқты әз Наурызды ұлттық мереке ретінде бар нақышымен атап өтеді. Әзербайжан ұлттық мәдени орталығының төрағасы Шыңғыс Курбановтың айтуынша, Наурыз мейрамы алдындағы айдың әр сәрсенбісін әзербайжан халқы тіршіліктің төрт құдіреті – су, от , жер және ауаға арнайды екен. Яғни, «Су Чершенбе» - суға арналған сәрсенбі, «Одлу Чершенбе» - отқа арналған сәрсенбі, «Торпаг Чершенбе» - жерге арналған сәрсенбі және «Ахыр Чершенбе» - соңғы сәрсенбі деп аталады. Наным-сенім бойынша бірінші сәрсенбіде су тазарады, кейін кезекпен от және жер жаңарады. Ал соңғы сәрсенбіде ағаштар бүршік жарады. Бұл - қыстың аяқталып, Жаңа жылдың келгенін білдіреді.

«Наурыз» мейрамында салт-дәстүрлерімізді еске аламыз, ұстануға тырысамыз. Солардың бірі– оттан секіру. Отбасының әр мүшесі оттан секіруі керек. От сөнгесін күлін елді мекеннен шығарып тастайды. Бұл - тазарудың белгісі», дейді Шыңғыс Курбанов.

Наурыз мейрамына дайындық барысында жасалатын тағы бір дәстүр - арнайы тағам «сэмэни» әзірлеу. Отбасында молшылық болу үшін бидайды алдын ала ыдыста өсіреді. Өскін жақсы шықса - келер жылы алынатын өнім де мол болмақ. Жалпы, әзербайжан халқы да мерекелік дастарханға аса мән береді. Жеті тағамнан тұратын Наурыз көже әзірлемесе де, міндетті түрде  «С» әрпінен басталатын сюд-сүт, сэмэни, сабзи-көкөніс, тағы басқа жеті тағамды дастарқанға қояды. Бұдан басқа үстелде айна, боялған жұмыртқа және балауыз шам болуы қажет. От - жын-шайтаннан қорғайды. Жұмыртқа мен айна ескі жылдың біткенінің және жаңа жылдың алғашқы күнінің белгісі.

Әзірбайжандар да – қазақтар сияқты қонақжай халық. Мереке күндері үй есіктері жабылмайды. Туған-туыстарын, көрші-қолаңды аралап, мейраммен құттықтайды, тәттілерден ауыз тиеді. Жаңа жылды тойлау мерекесі тек 13-күннен кейін ғана аяқталады.

«Наурыз мейрамы - ең көне және салт-дәстүрге бай мерекелердің бірі. Ол - жыл басы, жаңарудың белгісі. Осы мейраммен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Ең алдымен, әрине денсаулық, отбасы амандығын, бақыт, сәттілік тілеймін. Бірлігімізден айырмасын, әлемде бейбітшілік болсын», - дейді әзірбайжан ұлтының өкілі Шыңғыс Курбанов.

Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығының мүшелері облыста, Петропавл қаласында өтетін шаралардан қалыс қалмайды. Жыл сайын дәстүрлі түрде әзірбайжан ұлттық мәдениетінің фестивалін ұйымдастырып, облыс орталығында өтетін Наурыз мерекесіне де белсене қатысады. Биыл да қала тұрғындары мен қонақтарын көктем мерекесінде ән-би, мол дастарқанмен қарсы алмақ болып, қызу дайындалуда.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы