Медицина • 07 Наурыз, 2019

Тарихи маңызы зор стратегиялық құжат

1029 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауын Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ ұлты­ның өкілдері зор ықыласпен қабылдап келеді. Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауы да өзінің терең мазмұны және маңыздылығымен ерекшеленеді. Оның қазақ қоғамы­ның бұдан да өсіп-өркендеуіне үлкен ықпалын тигі­зетіндігіне сенімдіміз.

Тарихи маңызы зор стратегиялық құжат

Бізге, әсіресе Жолдауда атап көрсетілгендей, Қазақстан Рес­публикасының бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамта­ма­сыз етіп, тарихи маңызы зор құры­лымдық, конституциялық және саяси реформалар жүр­гіз­гендігі, ел беделінің артуы және аймақтағы геосаяси рөлі­нің кү­шеюі, өңірлік және жаһан­дық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарап, халықаралық мәселелерді жүзеге асыруда белсенділік танытып келе жатқандығы қуантады.

Сондай-ақ Қазақстанда әлемге әйгілі Астана қаласы­­ның салын­ғандығы, халық саны 18 млн-нан асып, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 72,5 жас­қа жеткен­дігі, елге 300 млрд АҚШ дол­лары көлемінде тіке­лей инвестиция тартылып, ел экономикасының дамуы бо­йынша жаһандағы 190 елдің ішін­де 36-орынға көтерілгендігі, 2050 жылға қарай әлем­дегі озық дамыған 30 ел­­дің қатарына ену үшін үл­кен эко­номикалық-әлеу­меттік рефор­маларды жүзе­ге асырып жат­қан­дығы біздің Қазақ еліне деген қызығу­шылы­ғымызды оятады. 

Жолдауда көрсетілгендей, халық табысын өсіруге байланысты шаралар, атап айтқанда, елдегі ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру, бұған республика бюджетінен жыл сайын 96 млрд теңге бөлу, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру, инновациялық және сервистік секторларды дамыту, орта және жоғары білім, мектепке дейінгі білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қол­жетімділігін қамтамасыз ету, бұл мақсаттарға 5 млрд теңге қарастыру халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай арттырады. Сондай-ақ Жолдаудағы құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, сот жүйесін одан әрі жаңғырту, басқа да мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында белгіленген шаралар да өте маңызды. Бұл аза­мат­т­ардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүрулерін қамтамасыз етеді. 

Тағы бір айта кетер жайт, біз­­дің, яғни өзбекстандық қазақ ұлты өкілдерінің көңілінен шық­қан мәселе – Жолдауда көр­се­тіл­ген Қазақстанның тиімді сырт­қы сая­саты және оны жүзеге асы­ру жөніндегі белгіленген шаралар.

Қазақ және өзбек халық­тары арасындағы мығым байланыс ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тілі, діні бір, тіпті салт-дәстүрлері де бір-біріне жақын бұл екі бауырлас ел, әсіресе кейінгі жылдарда Қазақстан Пре­­зи­денті Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мир­зиёев­тің жақын қарым-қаты­нас­тары, белсенді түрдегі іс-әре­кеттері нәтижесінде эконо­микалық, сауда-саттық, әлеумет­тік және мәдени-рухани байланыстарды ұлғайтып келеді.

Өзбекстандағы 1 миллионнан астам қазақ ұлтының өкілдері, қазақ қауымы, мұ­ның ішінде Өзбекстан қазақ ұлт­тық мәдени орталығы өз кезе­гінде Елбасы төрағалық ете­тін Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы және Қазақ­стан Республикасының Өзбек­стан­дағы елшілігімен тығыз бай­­ланыс орнатып, олардың қол­­дау­­ларына сүйене отырып, ата­жұрттан сыртта болса да, қазақ­тығына нық болып, ана тілін қай­мағы бұзылмаған қал­пында сақ­тап, ұлттық құндылық­тар мен ата-баба салт-дәстүрлерін дамытып, балаларына қазақи тәлім-тәрбие беріп келеді. 

Біз, Өзбекстандағы қазақ қауымы, атажұртымыз болған Қазақстанның барлық табыстарына жүрегіміз жылып, шынайы шаттанамыз, жетістіктеріне марқаямыз. Қазақ елінің эконо­микалық, әлеуметтік және мә­дени-рухани салада дамып, өз­ге­лерден көш бойы алға озуы біз­дің атажұртқа деген ынта-ықы­ласымызды арттыра түседі.

Қорыта айтқанда, біз Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стан­­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауын толық қол­даймыз. Бұл стратегиялық құжат қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуіне, табыс пен тұр­мыс сапасының артуына үл­кен сеп­тігін тигізеді деп сенім білдіреміз. 

Серікбай ҮСЕНОВ,

Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы