Аймақтар • 09 Наурыз, 2019

Солтүстік Қазақстан әкімдігі мен «Отандастар» қоры бірлескен меморандумға қол қойды

880 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдік пен «Отандастар» қоры арасындағы екіжақты келісім құжаттарына қол қою рәсіміне аймақ басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет пен қордың аймақтармен  және мемлекеттік органдармен  жұмыс жөніндегі  департаментінің басқарушы директоры Әлия  Әбелдинова қатысты.

Солтүстік Қазақстан әкімдігі мен «Отандастар» қоры бірлескен меморандумға қол қойды

Мемлекет басшысының V Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында берген тапсырмасы аясында құрылған «Отандастар» қоры шетелде тұратын және  атамекенге оралған ағайындарымызды  қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

«Үкімет шетелдегі этникалық қазақтарға жан-жақты қамқорлық көрсетуге арналған 2018-2022 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Ол бойынша  диаспоралық саясат проблемаларының халықаралық тәжірибелерін зерделеу, талдау жұмыстары жүргізілуде. Оның негізгі бағыттарының бірі  отандастарымыздың қатарындағы жастарды Қазақстандағы іс-шараларға белсенді тарту арқылы қазақстандық әлеуметтік және мәдени кеңістікке біріктіру болып табылады.  Өңірдегі жазғы  лагерьлерге шақыру, тіл үйрету, мәдени құндылықтармен таныстыру, киелі тарихи орындарға  саяхат жасау, экспедициялар ұйымдастыру бағытында жүйелі  істер атқарылады», деді Ә. Әбелдинова.

М. Қожахмет өз кезегінде  қор ұсынған жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қор  білім, мәдениет, бизнес, тағы басқа  салалар бойынша  сегіз жобаны жүзеге асырып келеді.  Олардың арасында Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесіп  «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі, Түркістан облысында «Киелі Қазақстан саяхаты»,Ресейде кіші құрылтайлар өткізіліпті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы