Әлем • 11 Наурыз, 2019

Бақыт министрлігі...

1647 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бақыт деген министрлік те болады екен. Алдымен ол Бутанда, одан кейін Үндістанда құрылған. Кейін кейбір араб елдері мен Оңтүстік Америка мемлекеттері де осы үрдісті қолға алып жатқан көрінеді. Сонда «Бақыт министрлігі» деген не? Бұл ведомство немен айналысады? 

Бақыт министрлігі...

Біздің түсінігімізде министр­лік деген бір саланы басқару саты­сының ең жоғарғы органы. Ал қолға ұстауға болмайтын, көзге көрінбейтін бақытты бас­қаруға, ол үшін министрлік құруға бола ма? Болады екен. 

Бутанның Бақыт министрлігін ойлап тауып, құру себебін көп­теген басылымдар олардың Буд­даның тантра тарма­ғын тұты­нуы­нан деп жазды. Алайда Бақыт министрлігін мұсылман әлемі­нің, христиан дінін тұтынатын Латын Америкасының да кейбір елдері қолдап отыр. Демек, бұл үлгі ешқандай дінге қарамай жалпы адамзаттың жүрегіне жол тапқан. 

Бақытты қазақ даналығы «қолға қонған құс» деп бағалап, оның ұшып кету қаупінен үнемі сақтандырады. Ал бутандықтар бақытты адамның материалдық, моральдық тұрғыдан толық қанағаттанып, сонымен бірге бойындағы қандай да бір өнердің, дарынның дәнін қаулатып өсіру деп ұғады екен. Бақыт министр­лігі осыған қызмет етеді.

Бутанда ішкі жалпы өнімді де жұрт секілді айтпай, «жалпы ұлттық бақыт» деп атайды. Бұл – жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі артқан сайын халықтың бақыты да арта түседі дегенді білдіріп тұр. Мұнымен келіспеуге болмайды.

Бутанның Бақыт ми­нистр­лігінің іс-әрекеті Конс­ти­ту­ция­ның 9 бабында қарас­тырылған. Бұл баптар министр­ліктің түрлі әрекеттерге байланысты құқық­тары мен міндеттерін бекіткен. Соның ішінде министрлікке халық сұра­нысын зерттеп, оның өмірге қанағат­тану деңгейін анықтау құқы берілген. Ал ха­лық санағын жүргізгенде қол­даны­латын сауалнамада әрбір адам­ның қаншалықты бақытты екен­дігі және соған жету үшін не керектігі сұралады. Жауап­тар кейіннен сарапқа салынып, бақытты болуға кедергі келті­ретін мәсе­ле­лер анықталып, оны еңсеруге болатын жолдар мен тәсілдер түзіледі. 

Әрине, бізде мұндаймен ішінара айналысатын халықты әлеуметтік тұрғыда қолдайтын министр­лік бар. Бірақ ол тек мате­риалдық қолдау жағы­мен ғана айналысады. Адамдар­дың бақытты болуына мате­риал­дық игілік қана емес, адам­гер­шілік сұраныстардың да қан­ағат­тандырылғаны керек. Он­дай­ды зерттеумен аталған ел­дерден басқа әзірге ешбір мем­лекет айналыспайды. Егер біз­дің елде осындай министрлік құ­ры­лып, халық арасында «бақыт­ты болуыңыз үшін не керек?» деп сұраса, адам­дарымыз ең­бек­ақының жоғары­лығы, тұр­ғын үйдің болуы сияқты материалдық игіліктерден басқа әділеттің орнап, соттардың әділ шешім шығарып, мемлекеттік қыз­меттердің сапасы артып, құқық қорғау қызметкерлері тарапы­нан адамдарға қарсы қысас­тық болмағанын, адами құқы­ның бұзылмағанын т.т. қалай­ты­нын білдірер ме еді? Кейде түрлі келең­сіздіктерден біздің адамдарымызды тек БАҚ қана қорғап, шырылдап жатады. Алайда, оның сөзін тиісті ат­қарушы немесе сот билігі кей­де тыңдаса, кейде құлаққа іл­мей жатады. Ал Бутанда Бақыт министр­лігі атқарушы билікке олар­дың орындалу қажеттігін ресми түрде ұсынып, жол картасын жасатады. Сөйтіп, халықты бақытқа жеткізуге тырысады. 

Бутанның тәжірибесін Үнді­стан да қолдап, бірнеше штатында осындай министрліктер құрыпты. Мұндағы Бақыт министрліктері жоғарыда аталған адамгершілік тұрғысындағы сұраныстарды ғана емес, йогомен айналысу, рухани даму, өнер курстарын ашу, тіпті кәрі адамдардың қасиет­ті діни орындарға барып, мі­нәжат етуін ұйымдастыру сияқ­­ты 70-тен астам әлеуметтік бағ­дар­ламаларды іске асырады.

Біріккен Араб Әмірлігінде де бұл бас­тама қызығушылық тудырып, әлемдегі бай қалалардың бірі Дубай­дың мэрі шейх Мұхаммад қоғам­ға пай­далы істермен айналысуда және халық­тың сұранысын қанағат­тан­дыруды көздейтін осындай министрлік құруды қолға алған. .

Ал Оңтүстік Америкадағы Венесуэла, Эквадор секілді мемлекеттерде бастама қолдау тауып, Бақыт министрліктері құрылған. Бірақ олардың қаншалықты тиімді жұмыс істейтіндіктері туралы ақпараттар өте аз. 

Азиялықтардың жаңа бастамалары мен бұрыннан келе жатқан үлгілері Еуропаның жоғары дамыған елдерінде де қолдау тауып жатыр. Мысалы, Англияда қарт адамдарға қатысты азиялық үлгілерді қабылдау керек деген ұсыныстарды қоғам белсенділері ғана емес, ресми тұлғалар да айтуда. Адамдары бір-біріне жақын араласа қоймайтын бұлардың қоғамында кейбір жал­ғыз ілікті кәрілер жақын жан­ның қарауынсыз қалады екен. Үйі-күйі болғанымен, отырып-тұруы ауыр жандар келген адам­дарға есік ашуға да жарамай, жан тапсырған оқиғалары жиі­лей түсуде. Оның үстіне бұлар­да қыстың күні жылу үйден қосы­лады.Үнемшілдік ежелден қалып­тасқан бұл елде біраз қариялар суық пен дерттен көз жұмған. 

Осы мәселені алғашқы болып Денсау­лық сақтау министрі Дж.Хант көтеріп, отандастарын кәрі адамдарды Азияның үлгісімен асырап алуға шақырды. «Бұл тамаша үлгі болып, балаларымыз қарт адамдарға деген қамқорлықты көріп өседі», деді ол.  Қазір бұл елде 800 мыңнан ар­тық адам жалғыздық қасіретін тар­туда. Әрине, қарттар үйі бар, бірақ адамдармен араласу­ды қаламайтын үйі-күйі бар жан­дар оған барғаннан гөрі жалғыз­дық­ты қалайды екен. 

Алла бетін аулақ қылсын, әзірге бізде мұндай проблема жоқ. Бірақ кейбіреу­лердің ұлы мен қызы басқа жұрт­пен жұп­тасып, жаттан туған неме­ре-жиен­дерін бір иіскей алмай жүр­­ген­дерін көргенде қазір бауырына баспаған ата-әжені олар өскен соң тіпті керек қылмай, мұрындарын шүйіре ме дейміз... 

Қарттарының мәселесін ескеріп, былтыр Британия өкіметі «Жал­ғыздық  істері министрлігін» ашты. Қалай десек те, жоғ­ары дамы­ған өркениеттің адамгер­ші­лік қаты­нас­тарды сырып тастау­ы ақы­рын­да өмірлік қайшы­лық­қа ұрын­дыратынының бір көрінісі осы сияқты. Әрине, Ұлыбританияның бақуатты қартт­арының өздеріне күту­ші жал­дауға мүмкіншілігі бар. Бірақ күді­к­шіл жандар бөтен адамды үйіне кіргізуге қорқа­тын сияқты. Бұл жал­ғыз Англия ғана емес, басқа ел­дер­дің адамдары­на да тән дү­ние. Қазақтар арасында да бүгінгі болып-толғанына мәз болып, ағайын-туғанын керек қылмайтын жандар көбейіп келеді. «Ертең өзің қайдасың, білемісің» дегендей, өлер шақ жақын­дағанда жалғыз қалу қау­пінен осы күннен бастап қорқу керек­тігін ұмытпаған жөн. Сон­дықтан барыңды бағалап, туысшыл, бауырмал болғанға не жетсін!? 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»