Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

953 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экономикалық қызметін «экономизациялау» бойынша тапсырмасының аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Мажарстанға жұмыс сапары өтті.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

Сапар шеңберінде Мажарстан Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Левентэ Мадьярмен, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Габор Гионмен, Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Ласло Паррагпен, сондай-ақ агроөнеркәсіп, медицина және тоқыма секторларындағы бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.

Үкімет құрылымдарының өкілдерімен кездесулер барысында екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша өзара түсіністік пен ұстанымдардың үйлесімділігін атап өтті.

Сапар барысында Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары -  Қаржы министрі Михай Варганың ү.ж. сәуір-мамыр аралғында Астанаға жоспарланған сапарының және Қазақстан-Мажарстан арасындағы Стратегиялық кеңесінің кезекті отырысының мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, ү.ж. мамырда Мажарстан Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның XII Астана экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапары жоспарланған.

Мажарстанның аталған ресми тұлғаларының Қазақстанға сапарлары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге, екіжақты тауар айналымын арттыруға және екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың экономикалық тетіктерін іске асыруға ниетті өкілді іскерлік топтардың келетіне күтілуде.

Будапештке сапары барысында Е. Көшербаевтың Қазақстан-Мажарстан Тікелей инвестициялар қорының әлеуетін іске асырудың практикалық аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар 4 сәуірде ашылатын Ақтөбе облысындағы ірі жылыжай шаруашылығы құрылысының аяқталғандығын атап өтті.

Жалпы, аталған сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін берді. Будапешт Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады, сауда қарым-қатынасын дамытуға, Қазақстан экономикасының агроөнеркәсіп және индустрия секторларына инвестицияларды ұлғайтуға әзірлік танытуда.