Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Шымкентте кәсіпкерлерге арналған бизнес-супер маркеті ашылады

965 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин агро-индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Шымкентте кәсіпкерлерге арналған бизнес-супер маркеті ашылады

Жиында қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков агро-индустриалды аймақ және мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде баяндады.

– Қазіргі таңда агро-индустриалды аймақтың 136 гектар жер учаскесі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміне рәсімделді. Аталған аймақтың сыртқы инфрақұрылымын (электр энергиясы, су, газ, жылу, кәріз желісі) бірінші жарты жылдықта мемлекет тарапынан жүргізіледі. Яғни инвесторларға инфрақұрылымдары жүргізілген, дайын жер учаскелері ұсынылады, - деді басқарма басшысы.

Инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға алынған несие мөлшерлемесінің 5-10 пайызы субсидияланады.

– Өңірлер әлеуетін пайдалана отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» принципімен, яғни ішкі нарықты қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерімен, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар дайын өнім Ресей, Еуропа елдеріне экспортталмақ, - деді Данат Есболұлы.

Кездесуде кәсіпкерлерге несие немесе субсидия рәсімдеу барысында ешқандай кедергі болмайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ, «бір терезе» қағидасымен 25 сәуірде кәсіркерлерге арналған бизнес-супер маркеті ашылатыны туралы хабарланды.