Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Ет өнімдері шет елге шығарылып жатыр

1516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Сабынды ауылындағы «Астана Агропродукт» серіктестігі еліміз бойынша тұңғыш рет Иран мемлекетіне экспортқа ет өнімдерін жөнелту ісін қолға алды.

Ет өнімдері шет елге шығарылып жатыр

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметі бойынша, серіктестік ет өнімдерінің көлемін жыл өткен сайын арттырып келеді. Неміс технологиясымен жабдықталған кәсіпорын экспортқа бағытталған, бәсекеге сай, жоғары сапалы «Бакара» брендімен ет және шұжық өнімдерін шығарады. Кәсіпорын 2014 жылдан бастап Мәскеу сауда орындарына ет өнімдерін жеткізіп, Ресей нарығында жемісті жұмыс істеп келеді. Ал, еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жаңа нарықты игеруде. Өндірісті «халал» стандартымен сертификатталған «Астана Агропродукт» серіктестігі Қазақстанда бірінші болып Иранға ет өнімдерін экспорттады. Келісім-шарт бойынша серіктестік төрт айдың ішінде 700 тонна ет экспорттайды.

– Ирандық тұтынушылардың ай сайынғы сұранысы – 1000 тонна. Сондықтан, алдағы уақытта экспорт көлемін көбейтетін боламыз, – дейді «Бакара» компаниялар тобының құрылтайшысы Серік Рахымбаев. Қазіргі кезде 60 тонна ет жөнелтілді. Наурыз айының соңына дейін еттің екінші партиясы жөнелтіледі. Ал, сәуір айынан бастап ай сайын 200 тонна ет экспорттау жоспарланған. Иран – мұсылман елі болғандықтан, мал сою жұмыстарын осында арнайы келген өкілдер арқылы бақылап отырады. Ет вакуумға салынып, салқындатылған күйде Иранға жөнелтіледі. Алғашқы партия ирандықтарға жеткізілді. Ет сапасы тұтынушылардың көңілінен шығып отыр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы