Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Ақтаулық оқушы Түркиядағы «Kadir Has» университетінде тегін білім алатын болды

895 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласы химия-билология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Ислам Шамханов «Шетелде білім алу» халықаралық олимпиадасында ең жоғары ұпай жинап, Түркияның алдыңғы жоғары оқу орындарының бірі саналатын  «Kadir Has» университетінде тегін білім алатын болды.

 

Ақтаулық оқушы Түркиядағы «Kadir Has» университетінде тегін білім алатын болды

Ақтауда 11 сынып оқушылары арасындағы халықаралық олимпиадасын облыстық білім басқармасының қолдауымен осымен екінші рет  «Compass Education» шетелдегі білім беру агенттігі өткізіп отыр. Оған Жаңаөзен қаласынан бөлек Ақтау, Бейнеу мен Түпқараған аудандарынан орта мектеп, ІТ-лицей, мектеп гимназиясы, Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық мектеп-интернатының оқушылары белсенді қатысты.

Олимпиаданың бірінші кезеңінде 159 оқушы бақтарын сынап, ең жоғары ұпай жинаған 50 оқушы екінші кезеңге өткен болатын.

Нәтижесінде жеңімпаз деп танылған ақтаулық Ислам Шамханов Түркияның Стамбул шаһарындағы «Kadir Has» университетіне 100% тегін оқу грантын ұтып алып, алдағы 4 жыл тегін білім алады.

- Мен ІТ-мамандығы бойынша оқуға түсемін деп шешім қабылдадым. Жасыратыны жоқ, шетелде білім алғысы келетіндер аз емес. Мен барлығынан озып шығамын деп ойлаған емеспін. Әрине, қуаныштымын. Біраз дайындалдым, ең бастысы нәтиже бар. Оқуымды ойдағыдай аяқтаған соң, ІТ-саласының білікті маманы болып шығатыныма сенімдімін. Мұндай мүмкіндік күнде беріле бермейді және осындай қуанышты хабарды естігенде алғашында өз өзіме сенбедім, дейді ол.

Сонымен қатар, 25 оқушыға 50% жеңілдетілген стипендия тағайындалды. «Compass Education» шетелде білім беру агенттігінің директоры Айжан Құлжабаеваның айтуынша, халықаралық олимпиаданы өткізудегі негізгі мақсат - облыстағы талантты жастарды әлеуметтік қорғау, әлемнің үздік оқу орындарына білім грантын тағайындау, сондай-ақ халықаралық деңгейде кадрларды даярлау арқылы адами капиталды дамыту болып табылады.

Ал грантты табыстауға келген шетелдік мейман, «Kadir Has» университетінің халықаралық кеңсе жетекшісінің міндетін атқарушы Арина Калинаның айтуынша, алғашқы 1-2 жыл студенттер үшін бейімделу кезеңі екендігі ескеріледі және оларға университет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Халықаралық олимпиада қорытындысымен грант иегері Ислам Шамхановтан бөлек, байқауға қатысқан 15 оқушы 50% және 10 оқушы 25% оқу ақысы жеңілдетілген стипендиямен білім алу үшін Түркияға аттанбақ.

Айта кету керек, өткен жылы 100% жеңілдік, яғни тегін грантты Ақтау қаласындағы мамандандырылған экономикалық лицейінің 11-ші сынып оқушысы Ақмарал Амантұрдиева Ыстамбұлдағы «Sabanci University»-де тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған еді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар