Қазақстан • 15 Наурыз, 2019

Г. Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Ақтөбе облысына барды

836 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатында Қазақстанның батыс өңіріне жұмыс сапарын жалғастыра отырып, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына барды. Онда жергілікті халықпен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдап, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға барды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Г. Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Ақтөбе облысына барды

Бүгін күннің екінші жартысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облысына барды. Өңірдегі жұмыс «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ бөлімшесі – көмек алуға құқылы отбасыларға мемлекеттік қызмет көрсететін «Халық кеңсесінің» дайындығын тексеруден басталды. Бұдан кейін Г. Әбдіқалықова Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы «Жастар сарайына» барды. Сарайда мультимедия кабинеті, Р. Жаманова атындағы хор өнері кабинеті, Н. Тапалова атындағы хореография залы және т.б. бар. Мекеме қызметкерлері Жастар жылы аясында түрлі шараларды белсенді түрде өткізуде.   

Г. Әбдіқалықованың жұмыс кестесіндегі келесі пункт Ақтөбе қаласының халқымен кездесу болды. Азаматтар алдында сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары халықтың лайықты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету мен Қазақстанды әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Оларды орындау үш мақсатқа қол жеткізуді көздейді: халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қорғау және табысты арттыру, тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, сондай-ақ, өңірлерді дамыту», — деді Г. Әбдіқалықова кездесу барысында.  

Кездесу өткеннен кейін, Премьер-Министрдің орынбасары мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев облыс орталығының тұрғындарын жеке қабылдады. Бұған қоса, Г. Әбдіқалықова көп балалы және аз қамтылған отбасыларға барып, онда мемлекет ұсынатын жаңа әлеуметтік қолдау шараларын түсіндірді. Жергілікті атқарушы органдарға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету туралы тапсырмалар берілді, сондай-ақ олардың әлеуметтік заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстары тыңдалды.

Өз кезегінде жұмыс тобының өзге мүшелері — білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов Хромтау, Мұғалжар, Алға, Мартөк, Қарғалы және Қобда аудандарына барып, ауылдардың тұрғындарымен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, тәрбиешілермен және медбикелермен кездесіп, халықпен жеке қабылдау өткізіп, мектептер мен ауруханаларды аралады. Ақтөбе облысына жұмыс сапары жалғасады.

Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, журналистер мен блогерлер кіргенін айта кеткен жөн.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Батыс Қазақстан облысында болды. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында аз қамтылған және көп балалы отбасылардың хал-жағдайы сұралды. Кездесулер барысында әрбір отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, материалдық және баспана бойынша қолдау көрсету, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар