Аймақтар • 18 Наурыз, 2019

Оралда 19 мың адам пәтер кезегінде тұр

1129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында пәтерге мұқтаж жандар тізімінде 19 мыңдай адам кезекте тұр. Соңғы жылдары құрылыс саласы қарқынды дамып, жаңа үйлер жаппай беріліп жатса да, бұл мәселені түбегейлі шешіп тастауға әлі ерте. 

Оралда 19 мың адам пәтер кезегінде тұр

Айта кетейік, «Нұрлы жер», «Қол­жетімді баспана-2020» мемлекеттік бағ­дар­ламалары арқылы 2017 жылы облыс бойынша баспанаға мұқтаж 1500 адамға пәтер берілді. Ал 2018 жылы 3 500 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Орал қаласында 24, Ақсай қаласында 2 көп қабатты үй тұрғызылса, аудандарда 104 үй салынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 432,2 мың шаршы метр баспана тұрғызылды.

Таяу жылдары тұрғындар саны жарты миллионға жетеді деп жоспарланған Орал қаласында тұрғын үйге сұраныс азаятын түрі жоқ. Сондықтан да қала маңындағы аумағы 450 гектар жерде жаңадан «Ақжайық» шағын ауданын салу туралы шешім қабылданды. Мұнда 150-ден астам үйдің құрылысы басталады. Қазіргі уақытта құрылыс орнына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда.

– Тұрғын үймен қамту бұрыннан түйт­кілді мәселе ғой. Кішігірім мысал келтірс­ем, пәтерге қол жеткізген бір отбасының үлесіне жаңадан кезекке тұрған үш отбасыдан келеді, – деген еді жақында ел-жұрт алдында есеп берген облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж жандар мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл бағдарлама өңірде жақ­сы қолдау тапты. Өңірде «Тұрғын­үйқұ­рылысжинақбанкінің» 68,6 мың клиенті бар. Бұл салымшылардың өз депо­зит­теріне жинаған қаражат мөлшері 34,6 млрд теңгені құрайды. 

– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салым­шыларына 1100 пәтер пайдала­нуға беріледі, – деді жақында жаңа ғима­ратқа көшкен банк филиалы­ның қоныс­тойын­да облыс әкімінің орын­басары Бағдат Азбаев. Нақтырақ айтсақ, өңірде биыл «Нұрлы жер» мемле­кет­тік бағдарламасы аясында 9 үйдің құры­лысы жоспарланған.

Әрине, соңғы кезде жиі көтеріліп жүр­ген көп балалы аналар, аз қамтылған отба­сы­ларды әлеуметтік қолдау мәселесі өңір бас­шысының 16 ақпанда өткен есеп­тік кездесуінде егжей-жегжейлі айтылды.

«Тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін өңірде кешенді шаралар атқары­лып жатыр» деп мәлімдеген А.Көлгінов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 432 мың шаршы метр тұрғын үй көлемі өткен жылмен салыстырғанда 40 мың шаршы метрге артық екенін жеткізді. Жалпы, өңірде соңғы 3 жылда 1 миллион шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілді.

Сондай-ақ апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жою бағытында да қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыс аумағында 132 апатты үй болса, оның 41-і Орал қаласында тіркелген. Бүгінде апатты 11 үй қиратылып, орнына 7 жаңа үй салынуда. 

Осындай оң бастамалардың игілігін жастар қауымы да көріп жатқаны қуантады. 2018 жылы Ақжайық өңірінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 508 маман ауылдық жерге тартылып, 304 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген еді. Соның ішінде 432 жас маман 1,4 млрд теңге көлемінде баспана несиесін алыпты. Өңір басшысы Алтай Көлгінов 2019 жылы жас мамандар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында нақты жұмыс жүргізілетінін айтып, уәде берді.

– Тұрғындарды баспанамен қамту мәсел­есі өте маңызды. Үкіметке «Нұр­лы жер» арқылы 40 мыңға жуық пә­­тер салуды тапсырамын. Ол аренда жү­йе­сін­дегі пәтерлер және әлеуметтік аз қам­тылғандарға арналады. Бұл үшін 

7 жыл қатарынан жыл сайын 50 млрд тең­ге бөлі­неді. Ол үшін «Тұрғынүйқұры­лысжи­нақбанкіне» қосымша қаржы керек, – де­ген еді «Нұр Отан» партия­сы­ның XVIII съезін­де сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Аз қамтылған, көп балалы, көмекке шын мұқтаж жандарды баспанамен қамту – мемлекеттік билік органдарының ғана емес, кәсібі алға басқан қалталы азаматтардың да парызы. Жақында өңірде жарияланған «Мейірімді көктем» акциясы қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына халық болып қайырымдылық көрсетуге шақырады.

– Отбасы – қоғамның жай ғана бір бө­лі­гі емес, бүкіл мемлекеттің негізі. Сон­дық­тан өңірімізде дәстүрлі «Мейірімді көктем» жобасын жүзеге асыруды ұсы­нып, белсенді қатысуға шақыра­мын. Аталған жоба көп балалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. «Мейірімді көктем» аясында ұйымдастыру орталығы құрылады. Бұдан бөлек облыста осы санаттағы аза­мат­тарға кеңес беру, әлеуметтік, құқық­­тық және материалдық көмек көр­сетуге бағытталған мыңнан астам түрлі іс-шара өткізіледі. Біздің міндетіміз – жүйел­і түрде жекелей және әр отбасыға қол­дау көрсету. Бұл акцияда әлеуметтік жәр­демақы, білім саласына қатысты сұрақ­тар, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да мәселелер шешімін табады, – дейді облыс әкімі.

Жақында сенатор Бірғаным Әйтімова елдегі ірі құрылыс компаниялары басшыларына үндеу тастап, аз қамтылған отбасылардың пәтер мәселесіне көмек­тесуге шақырған еді. Бір қызығы, осыған ұқсас жоба әлемде бұрыннан бар екен. Мысалы, Түркия елінде жаңа салынған үйдің әр қапталынан (подъезінен) бір пәтер аз қамтылған, көп балалы отбасына тегін беріледі. Өз кезегінде ол отбасы сол қапталдың тазалығына, тәртібіне жауапты болады. Көршілеріне көмектеседі, қарияларға дәрі, дүкеннен азық-түлік әкеле қояды. Сол үшін азын-аулақ жалақы да алады екен. Осы арқылы бізде жиі мәселе болатын ПИК (пәтер иелері кооперативі) міндеттерінің де біразы шешімін тапқан көрінеді. 

– Мұндай отбасыларды түрікше гөревли (görevli) деп атайды. Түркия­да ресми тіркелген гөревлилер саны – 49 583 екен. Ал тіркелмегендерін қос­қан­да 70 мыңға жуық дейді. Жалпы, бұл қыз­метті французша – консьерж (consierge), ағылшынша – суперинтендант (superintendant) деп атайды, әлемдік прак­тикада бар үрдіс, – дейді бізге Түркия­да докторантурада оқып, отбасымен бірнеше жылдан бері тұрып жатқан Мұхит Төлеген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы