Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Е.Біртанов: Онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын 40 млрд теңге қаржы бөлінеді

989 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламенттегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов еліміздегі қатерлі ісікке қарсы күрес жұмыстары мен жоспары туралы айтып берді.

Е.Біртанов: Онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын 40 млрд теңге қаржы бөлінеді

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі онкологиялық қызметтің өзекті мәселелеріне:

  • Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда қатерлі ісікті ерте диагностикалау көрсеткішінің төмен болуы (ҚР – 26,2%, ЭЫДҰ 46 %-дан 70%-ға дейін);
  • онкологиялық скринингтермен қамту пайызының төмендігі (ҚР-60 %, ЭЫДҰ- 70%);
  • диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістерінің және инновациялық емдеудің, оның ішінде сәулелік терапияға қолжетімділіктің жеткіліксіздігі;
  • науқастарды емдеу мен байқауды толық көрсету үшін медициналық ақпараттық жүйелердің толыққанды интеграцияланбауы;
  • онкологтардың тапшылығы – 125,6 бос орын;
  • жаңа технологиялар саласында жеке ғылыми базаның және дайындаудың жеткіліксіздігі жатады.

Сәйкесінше, Қазақстанда обырдың бөлек түрлері бойынша 5 жылдық өміршеңдік көрсеткіші әлемнің дамыған елдеріне қарағанда төмен.

Ал министрліктің онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары төрт бағыттан тұрады, олар:

  • қауіп факторларының профилактикасы және басқару;
  • тиімділігі жоғары ерте диагностика;
  • онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу;
  • кадр әлеуеті мен ғылымды дамыту

Пациенттерге медициналық қызмет көрсетуге жыл сайын республикалық бюджеттен 40 млрд теңге шамасында қаржы бөлінеді.

«Кешенді жоспармен жыл сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтерді, скринингтер, молекулалық-генетикалық тестілеу, сәулелік терапия қызметтерін кеңейтуге 8 млрд теңгеден аса қосымша қаржы көзделген. Сондай-ақ 3,2 млрд теңге сомасына жабдықтарды алу жоспарланған.

Өңірлерде онкологиялық қызметті дамыту үшін жабдықтардың негізгі бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде алынатын болады» деді Е.Біртанов.